Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр даласының терең тарихы

Сыр даласының терең тарихы



ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өзі басшылық етіп отырған өңірге қатысты шығарылатын кітаптар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айта кетейік, облыс әкімінің бүгінгі баспасөз мәслихаты Қызылорда облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған шараларды баяндап берді. «Атап айтсақ, бірінші - «Тарихқа тұнған Сыр елі» немесе «Қасиетті Қызылорда» атты кітап үш тілде шығарылатын болады.  Ол Сыр даласының терең тарихы, мәдениеті, экономикалық жетістігі қамтылатын фотоальбомды кітап. Кітапқа АҚШ пен Еуропа елдеріндегі архивтерден Сыр өңірінің тарихи орындары туралы бұрын еш жерде жарияланбаған фотодеректер  енгізілмек», - деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде. Бұдан бөлек,  Қызылорда облысындағы тарихи және мәдени ескерткіштер телеатласы мен өңір тарихы туралы электронды оқулық немесе жинақ шығарылады. Бұл жоба бойынша бейнемұрағаттарда сақталған Сыр өңірінің тарихына, тарихи-мәдени ескерткіштеріне қатысты түсірілімдер, деректер жинақталады. Сонымен бірге аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығы облыста орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер мен орындар, өмір сүрген тарихи тұлғалар, батырлар мен шайырлар, жыраулар, т.б. туралы ел аузында жүрген әңгімелер мен аңыздарды жинақтап,  бейнематериалдар әзірлейді. «Мұнымен қоса, «Сырым менің - сырласым» атты кітап жинағы шығарылады, кітапта еңбек адамының шынайы бейнесі көрсетіледі. Қызылорда облысының экономикалық, әлеуметтік және мәдени даму қарқыны туралы мәлімет беріледі», - деп нақтылады Көшербаев. Сонымен қатар  «Байқоңыр және космос», яғни ғарыш әлемі туралы кітап әзірленеді. Айту керек, космос тақырыбы қазіргі қазақ әдебиетінде мүлдем көтерілмеген деуге болады.  Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Байқоңыр ғарыш айлағы мен космос, яғни ғарыш әлемі тақырыбы бойынша деректер жинақтауға тарихшы-әдебиетші ғалымдар мен арнайы мамандар жұмылдырылды.    
inform.kz
23 мамыр 2018 ж. 2 063 0