АЙМАҚ ШЕЖІРЕСІНЕ АЙРЫҚША ДЕН ҚОЙЫЛАДЫ
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғалы жылға жуық уақыт болды. Содан бері аймақта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен мәжілісте айтылды.
Жұмысты жүйелеуде көпшіліктің, зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлері ескерілді. Осындай келелі көп ұсыныстың бірін былтыр күзде «Байқоңыр-инвест» форумы аясында өткен «Туған жерге тағзым» шарасында «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп көтерген болатын. Мәжілісте облыс әкімінің кеңесшісі Айгүл Сағымбай соларды саралап берді. Атап айтқанда, өңірдің тарихи, мәдени және экономикалық жетістіктері негізінде фотоальбом, тарихи-мәдени ескерткіштердің телеатласы мен Сыр елінің тарихы туралы электронды оқулық, Сәбит Мұқановтың «Сырдария» романы секілді деректі кітап, «Байқоңыр» мен ғарыш әлемі жөнінде еңбек әзірлеу жоспарланып отыр.
Облыс әкімінің кеңесшісі жат ағымдардың жетегіне еріп, игі дәстүрлерімізді жоққа шығарып жүргендердің бетін бері қарату үшін БАҚ-тың күшін барынша пайдалануды ұсынды.
– Баспасөз құралдарында, әлеуметтік желілерде діни жөн-жоралғылар мен салт-дәстүрлердің ара жігін ажырататын жазбалар көптеп жариялануы тиіс, - деді Айгүл Сағымбай.