Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жерге деген іңкәрлік – елге жанашырлық

Туған жерге деген іңкәрлік – елге жанашырлық

Секция модераторы облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов кіріспе сөзінде «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі» екендігіне тоқталып, бағдарламаның мақсатын таныстырды. Секция жұмысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ашып, құттықтау сөз сөйледі:
–Ықылым заманнан бері Ұлы Далада «Еліңде кімің бар?» деп сұрақ қоятын дәстүр болған. Тұлғалы, қабырғалы азаматтар арқылы елдің келбеті қалыптасады. Жау бетке білектісін, дау бетке біліктісін қойған. Жарастыққа жақсыларын жұмсаған. Біздің Сыр елінен шыққан қабырғалы азаматтар аз емес. Бүгінгі жиынға солардың бірқатары қатысып отыр. Олар елдің ішінде жүрсе де, сыртта жүрсе де Сыр елінің мақтанышы, – дей келе, – Туған жердің алдында міндетсіну емес, туған жердің алдында тағзым ету қажет. Туған жерге бас ию керек. Осы қасиетті де қастерлі жер болмаса сіз жоқсыз, біз де жоқпыз. Кіндік кесіп, кір жуған ел мен жердің киесінің арқасында өзге жұрттың алдында басымыз иілмей, тіземіз бүгілмей, кеудеміз асқақ жүрміз. Сондықтан, туған жердің амандығын тілейік, туған елдің дамуына жұмыс істейік! – деп елдің алдында тұрған нақты мақсат-міндеттерін айтып берді.
Секцияға Сыр бойының елге танымал бірқатар тұлғалары, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, композитор Кеңес Дүйсекеев, «Айқын» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік сананы модернизациялау бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі Нұртөре Жүсіп, «Нұр-мүбарак» университетінің проректоры Шамшәдин Тұрсынұлы, белгілі айтыскер-ақын Мейірбек Сұлтанхан арнайы қатысып, өз тілектерін білдірді. Сонымен бірге, Қызылордадағы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы кампус салу туралы «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бакберген Досманбетов, Арал өңіріндегі сода күлін салу жұмыстары жөнінде «Аралтұз» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Дәурен Мұкашев жан-жақты хабардар етті.
Форум аясында қатысушылардың инвестициялық жобаларының көрмесі, сонымен қатар Ресей, Иран, Қытай және Өзбекстан елдерімен өзара ынтымақтастықтың келешегі тақырыбында секциялық отырыстар, В2В, G2B, G2G кездесулер өтті. Нәтижесінде ынтымақтастық туралы отызға жуық келісім мен меморандумға қол қойылды.
Айта кету керек, «Қазақстан және Қытай арасындағы ынтымақтастық» секция­сы жұмысында Қызылорда облысы әкімдігі Қытай елінен келген ірі өндіріс кешендерінің өкілдерімен әлеуметтік-экономикалық әріптестік байланыста тығыз жұмыс жасауға ниетті екендіктерін білдірді.
– Соңғы жылдары біз Қытай мемлекетімен тығыз әріптестік орнаттық және алдағы уақытта да ынтымақтастық аясындағы қарым-қатынасымыз нығая береді. Өңірде барлық сала бойынша өсім бар. Бұл инвесторларға қолайлы жағдай туғызады. Бүгінде өңірде аспан асты елінің жеті ірі өнеркәсібі жұмыс істеп, ел бюджетін толықтыруға үлес қосып келеді. Болашақта Қытай елімен сауда-экономикалық, әлеуметтік қатынасымыз жандана беретін болады, – деді облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким.
Секция жұмысы барысында Шиелі ауданында салынып жатқан цемент зауыты инвестициялық жобасының өкілі «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС басқарушы директорының орынбасары У Чжэньхуа сөз алды:
– «China Gejuba Group Cement» корпорация­сы – цемент өндірісі бойынша Қытайдағы ең ірі кәсіпорын. Ол ҚХР үкіметі қамқорлыққа алған алпыс ірі компанияның қатарында. Корпорацияның 18 еншілес кәсіпорны бар. Жылына түрлі маркалы 25-30 миллион тонна цемент шығаратын өндіріс Қытайдағы өнеркәсіптік кәсіпорындардың ондығына енген. Мұнай-кен орындарына және басқа да арнайы жерлерге цемент қоспаларын дайындау бағытында да өндіріс орны үздік саналады. Компания әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін әрдайым жұмыс бағытын жетілдіріп отырады. Осы мақсатта бірнеше елдерге инвестиция құйып, көлемін арттыруда. Енді Шиелі ауданында іске қосылатын ірі зау­­ытта жылына бір миллион тоннаға дейін цемент шығарып, 400-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмысқа тартамыз, – деді ол.
«Baikonyr Invest» инвестициялық форумы 2013 жылдан бері өткізіліп келеді. Бүгінге дейін 8 форум ұйымдастырылып, нәтижесінде 100-ден астам меморандум жасалды. 100 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Олардың қатарында шыны, цемент және ферроқорытпа зауыттары секілді үлкен инвестициялық жобалар бар.
Гүлхан ЯХИЯ.
21 қараша 2017 ж. 1 758 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031