Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Туризм – танымалдылықтың кепілі

Туризм – танымалдылықтың кепілі

Елбасы Қазақстанның бай табиғаты, қайталанбас тарихи-мәдени ескерткіштері елімізде туризм индустриясын өркендетуге мол мүмкіндік беретіндігін айта келіп, Жолдауында туризмді ел экономикасының тұрақты дамуының басым бағыттарының бірі ретінде іске жаратуды ұсынды.
Туризмді дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдің инфрақұрылымын жетілдіруге, сондай-ақ, ауыл шаруашылығына, жеңіл өнеркәсіпке, құрылысқа оң ықпалын тигізетіндігін алға тартты. Ондағы мақсат – туризм саласындағы елдің ішкі жалпы өніміне қосар үлесін 8 пайызға жеткізу болатын. Әлем елдеріне көз жүгіртсек, бір ғана тоқымдай Испанияның ішкі жалпы өнімінің 62 пайызы осы туризм саласынан түсетінінде айта кетуге тиістіміз. Демек, қазақстандық туризмнің әзірге ауыз толтырып айтар мақтанышы жоқтың қасы. 
Сыр өңірі – бүкіләлемдік жылнамада өзіндік үлкен орны бар тарихи өлке. Киелі мекенде жадыңнан өшпейтін асылдың сынығындай мұралар жетіп артылады. Ежелгі өркениеттің белгісі ретінде сыры кетсе де, сыны кетпеген ғажайып тарихи ескерткіштер мен мазарлар соның куәсі. Тарихи-мәдени  мұраларды қорғау – халқымыздың сан мың ғасыр бастан кешкен тарихын, мәдениетін, өнерін, салтын, тілін қорғау деген сөз. Осы бағытта тарихи-археологиялық және сәулеттік ескерткіштерді қайта қалпына келтіру, сондай-ақ, жұртшылыққа олардың құндылығы мен маңызын таныту, жас ұрпақ тәрбиесіндегі алар орнын арттыру жөнінде нақты іс-шаралар жүргізілуде. Көне дәуірдің куәсі – Сырдың бойында халықтың алғаусыз алғысына ие болған, алқалы елдің ардақ тұтар адамына айналған, шапағаты мол талай әулиенің өткенін көпшілік жақсы біледі. Ежелгі бір кезеңде қалың қауым қадір тұтқан тұлғалар жайлы айтылар әңгімелер күні бүгінге дейін жетті. Оны ұрпақ санасында жаңғырту – біздің еншіміздегі іс. Өңірдегі киелі орындардың бірі «Оқшы ата» мазаратындағы Жеті әулие қорымын тереңірек тану да рухани қазынамызды арттырары сөзсіз. Қысқасы, жыл өткен сайын Шиелінің шырайы кіріп келеді. Ел экономикасының дамығанын, әлеуметтің әлеуеттік жағдайының артқанын, ауданда жасалып жатқан жұмыстарға қарап-ақ бағалауға болады. Осының арқасында халықтың тұрмыстық жағдайы көтеріліп, жұмыссыздық жойыла түсуде. Шиелінің табиғаты өзгелерді өзіне еріксіз тартып, қызықтырып тұратын белгілері бар. Сондықтан болар саяхаттауға келушілер саны да жылдан-жылға артып келеді. Өңірде мәдени туризмді дамыту жолға қойылған. Бір Бәйгеқұм ауылындағы «Ханқожа» көлінің өзіне жылына мыңдаған адам келіп кетеді. Ол жерде туризмді кәсіп көзіне айналдырып, содан қаржы тауып, ауданның да салық түсімін арттырып отырған жандар жетерлік. Бұданда басқа ойын-сауық орталықтары ашылуда. Мәселен, туризм саласын дамыту бағытында 2017 жылы «BANAS» ЖШС «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен жобалық құны 150 млн. теңгені құрайтын «Керемет» сауықтыру кешені мен «Kids Park» балаларға арналған ойын сауық кешенін іске қосып, 17 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған болатын. Сондай-ақ, жалпы сомасы 135 миллион теңгені құрайтын «Алтын-Мереке» демалыс кешені өңірлік индустрияландыру картасына енгізілді. Аталған жоба бойынша жер телімін алу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба бойынша 14 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Ауданда туризм саласын дамыту мақсатында үлкен жобаның бірі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолындағы жол бойы сервисінің құрылысы 2014 жылы іске қосылып,  «Шиелі сапаржай» және «Сервистік қызмет көрсету орталығының» құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталады деп күтілуде. Мұнда аталмыш жоба іске қосылса, 12 бөлмелі қонақ үй, 80 орындық мейрамхана, автотұрақ, дүкен, көлік жөндеу және жуу жұмыстары халыққа қызмет көрсететін болады.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
14 шілде 2018 ж. 1 220 0