Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қытай көрмесінде Димаштың концертіне арналған билет ұтысқа қойылды

Қытай көрмесінде Димаштың концертіне арналған билет ұтысқа қойылды


«China Outbound Travel Market» халықаралық туристік көрмесінде Димаш Құдайберген концертіне билеттер ойнатылуда, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Пекин қаласында, Қазақстанның Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевтың және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасовтің қатысуымен «China Outbound Travel Market» халықаралық туристік көрмесінде ұлттық стендтің ресми ашылу салтанаты өтті.
Қазақстан бұл көрмеде «Қала және белсенді туризм үйлесімі» атты тақырыпты ұсынды. Бұның аясында көрмеде Қазақстандағы қалалық экскурсиялар, MICE туризм, шоппинг, транзиттік турлармен қатар эко және этно-туризм, белсенді демалыс түрлері туралы айтылатын болады.
Kazakh Tourism ұйымдастырған ұлттық стендтің бірден-бір ерекшелігі – онда Димаш Құдайбергеннің Шэньчжэнь қаласында өтетін концертіне билеттер ойнатылуда. Ол үшін көрме қонақтары стендте орналасқан фотозонаға келіп, әншінің фигурасымен суретке түсуі тиіс.
«Қытай туризм тұрғысынан біз үшін бірінші кезектегі нарықтардың бірі болып табылады. Сондықтан, бүгін біз Қытайдың сыртқы туризмнің ең беделді көрмесінде Қазақстанның ұлттық стендін ұсынып отырмыз. Стенд тұжырымдамасы Қазақстандағы қалалық және белсенді туризмнің синергиясына негізделген, бұл – әртүрлі зерттеулер бойынша қытай туристері арасында ең танымал демалыс түрі,» - деп атап өтті Kazakh Tourism Басқарма төрағасының орынбасары Қ. Сәдуақасов.
Көрмеде ҚХР нарығына мамандандырылған қазақстандық 12 туроператор қатысуда. Мәдениетімізді Қытай туристеріне өткен айдағы Берлин көрмесінде әйгілі болған Арлан театрының батырлары, сондай-ақ қобызшы мен ұлттық бишілер таныстыратын болады.
COTTM – туризм саласындағы маңызды шаралардың бірі және соңғы 14 жыл ішінде сарапшылардың бағасы бойынша Қытайда шығу туризмі бойынша ең маңызды көрме екенін атап кеткен жөн.
Қытай саяхаттарға жұмсайтын шығыстары мен шығу туризмі бойынша әлемдегі жетекші нарық болып табылады. Мысалға, өткен жылы 140 миллионға жуық қытайлық туристер шетелге барған екен.
Baq.kz
17 сәуір 2018 ж. 1 367 0