Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқшы атаға зиярат

Оқшы атаға зиярат

Бейсенбі күні мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде «Үміт» мүгедектер қоғамдық қорының ұйымдастыруымен еліміздегі тарихи маңызы бар Оқшы ата мен Есабыз ата мазаратына арнайы сапармен барып қайттық. Мұндағы мақсатымыз – ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі жандарға киелі Шиелі жерін таныстыру.
Осындай ниетпен тоғыз жолдың торабында жатқан, іргесінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізімен, Бәйгеқұм ауылының шығысында орналасқан Оқшы ата мазаратына мүмкіндігі шектеулі 42 жан зиярат етіп қайтты. Бұл жерге Оқшы батыр мен Есабыз әулиенің рухы кезіп, Асан Қайғы желмаясының табаны тиген. Ғайып пен Қыш атаның қолтаңбасы қалып, Досбол датқа мен Бала бидің үні сіңген. Шиелі халқы үшін ғана емес, облыс көлемінде, одан қалды Орта Азия аумағындағы қасиетті орын саналады.
Осындай тарихи маңызы бар орындар мүмкіндігі шектеулі жандар үшін аса маңызды. Бұл киелі орындарға келушілердің жүздеріне қарасақ, барлығының жүрегінде үміт оты алаулап тұр.
– Біз мүмкіндігі шектеулі жандар қасиетті орындарға барып зиярат етіп қайтамыз. Бұнда әр жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен дертіне дауа іздеген жандар келеді. Бізде таза ниетпен алақан жайып, Алладан дұға тілеп, киелі саналатын Оқшы ата мазаратына зиярат еттік. Бізге осындай мүмкіндік берген «Үміт» қайырымдылық қорына зор алғыс білдіреміз дейді, – Ербол Жалғасұлы.
Мейірімі шексіз Құдайдан үміт үзбеген пенделердің ғибадат-құлшылығы қабыл болса деген ниетпен біз де мүмкіндігі шектеулі жандарға жолсерік болдық.

Шапағат Тілеубаев
15 маусым 2021 ж. 457 0