Рухани саяхат: қариялар тарихи орындармен танысты
Шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан таң алакеуімнен Тұрсынбай датқа ауылының қариялары жолға жиналды. Мақсат – оңтүстік өңірдегі тарихи орындармен танысу еді. Түйіншектерін түйіп, алдын ала сапарға әзірленген ардагерлер автокөлікпен шығысты бетке алып, сапарға шықты. Бірінші көне заманнан бері келе жатқан тарихи құндылықтардың бірі Оқшы ата кесенесіне барып зиярат етіп, құран бағыштады. Келесі кезекте «Арыстан баб» кесенесіне бағыттарын түзеді. Ескінің көзі болып сақталған орынға зиярат етіп, ел аузында жүрген аңыздар мен түрлі әңгімелерден хабардар болды. Қасиетті орынға дұға бағыштады.
Қашанда қариялардың көкірегі өсиетке толы. Көргені көп адамдардың ақылын тыңдап, сөзін санаға түйіп жүргеннен ешкім жаман болмаған. Елбасы «Жалпақ жұртыңды құрметтеу, туған өлкенің тарихын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» дегенді алға тартқан болатын. Осы тұрғысынан ауыл әкімі Ғ.Сейтов ауылдағы қарттарды жинап, басын қосып, сапарға шығуға қолдау көрсетіп, мұрындық болды. Ауыл әкімі «Арыстан баб» кесенесінде қарттарды жинап, сапардың сәтті болуын, жақсыға балап, оң болуын тілге тиек етті: «Туған жердің тарихы туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер тарихтан сыр шертеді. Біз туып-өскен жеріміздің, елі мен жері үшін қызмет жасаған жандар туралы білуіміз керек. Шарада сіздер өткен күнге оралып, тарихымыздан хабардар болдыңыздар. Бүгінгі көрген, білгендеріңізді балаларыңызға, немерелеріңізге айтып береді деген ойдамын» – деді ардагерлерге.
Мұнан соң, даралық пен даналықты бойларына жинаған Сыр перзенттері әр түрлі салада қызмет етсе де, туған жерімен елі үшін еңбек еткен зейнеткерлер, ауылдың өркендеуіне елеулі үлес қосқан 45 еңбек ардагерлерге демеушілік жасап, ас берді. Жүйрік уақыттың ұшқыр қанатымен мағыналы ғұмырында биік бір белеске жеткен ата-апаларымыз ыстық ықыласын жеткізді. Ауыл тұрғыны Ауғанбек Айғараев өз сөзінде: «Тарихи орындарға зиярат етіп қайттық. Алла тағалам дұға тілегімізді қабыл етсін. Ендігі ұрпақ жастар, солар аман болсын. Әрбір азамат қолынан келгенше қамқорлық қанатына алып, жанымыздағыларға жәрдемдесіп, игі ісімізбен жүректерге жылу сыйлау үлкен бақыт. Міне, соның куәсі болып отырмыз» – деп жылы лебіздерін білдірді.
Қайтар жолда ардагерлер 5-6 ғасырларда іргетасы қаланған Түркістан қаласында болып, А.Ясауи кесенесін аралады. Сонымен қатар, екінші Мекке атанған киелі орында суретке түсіп, тарихи орындағы көне жәдігерлермен танысты.
Тарихи орындарды аралап келген қариялар жас та болса бас болып осы шараны ұйымдастырып, таңнан кешке дейін ардагерлердің жағдайын жасап жүрген ауыл әкімдігіне, Тартоғай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері Айдана Жұманазарға алғыстарын айтты. Сапарлас болған замандастар өткен кеткенді айтып, әңгіме-дүкен құрып, шүйіркелесіп, осы бағыттағы бастамалардың мұнымен тоқтап қалмайтынына сенім білдіріп, тарқасты.
Жұлдызай Ноғайбайқызы.