Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІДЕ КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ

ШИЕЛІДЕ КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ

Сенбі күні киелі Шиелі жерінде, ақ күріштің атасы, дала академигі атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған ауданымызда Сырдың басты дақылы, ел ырысы - ақ маржанымыз күрішке алғашқы орақ түсті.
Диқандарымыз өлшеп берген суды тиімді пайдаланып, ала жаздай атыз жағалап тынымсыз еңбек етті. Онымен қоса, әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін мал азығы, көкөніс, бақша дақылдарының көлемін арттыруға жұмыс жасалды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде дихан қауымы егілген күріш алқаптарын судан қалдырмай, агротехникалық талаптарға сай күтіп-баптап өсірді.
Ауданда ағымдағы жылы барлығы 31,7 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақыл күріш 13 098 гектар жерге егілді.
Диқандардың тынымсыз еңбектерінің арқасында пісіп тұрған күрішті жауын-шашынға қалдырмай, ысырапсыз жинап алып, әр гектарынан жоғары центнерден өнім алынады деп күтілуде.
Күні кеше жыл сайынғы қалыптасқан дәстүріміз бойынша егінге алғашқы орақ түсіріп, «Аширбеков» шаруа қожалығының егістік даласында іс- шара өткізілді!
«Егінші – мәрт, жер – жомарт» дейді бабаларымыз.
Шиелі ауданы барлық кезде осындай ынтымақ пен бірліктің арқасында үлкен жетістіктерге жетуде.
Қамбамыз дәнге толып, халқымыздың ризық, несібесі молая берсін!
04 қыркүйек 2024 ж. 94 0