Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр күріші пісті, алтын орақ түсті

Сыр күріші пісті, алтын орақ түсті


Сырдың суына малынып, дала төсін алтын түске бояған Шиелінің Ақмаржаны пісті. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша жұма күні егіс басында «Дала күні» шарасы өтті. Аяқ судың аздығына қарамастан бел жазбай еңбек еткен шаруаның жемісін жияр күн де туды. Алғашқы болып егінге орақ түскен «Бидайкөл» шаруа қожалығы.
«Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы...» деп жүрек тұсына қолыңды қойып Әнұранды шырқағанда дәл осы сабағы дәнге толы егіс алқабы көз алдымызға келетінін қайтерсіз. Ақ күріштен тау тұрғызған Ы.Жақаевтың қолтаңбасы қалған бұл маңда. «Қос тойың қабат келсін» демекші, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар, 2 мәртеСоциалистік Еңбек Ері атанған Ы.Жақаевтың 130 жылдық, атақты күрішші Зәкира Ержанованың 95 жылдық мерейтойы. Осындай мерекелі жылдың берекелі ісі «Бидайкөл» шаруа қожалығынан бастау алды. «Алтын орақ – 2021» мерекелік іс-шарасын аудан әкімі Н.Мақұлбеков ашты.
– Міне бүгін Шиелі жерінде, ақ күріштің атасы, дала академигі атанған, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың елінде Сырдың басты дақылы, ел ырысы – ақ маржанымыз күрішке орақ түскелі тұр. Бұл дегеніміз ерте көктемнен бастап, ала таңнан күн батқанға дейін тынымсыз әрі адал еңбектің, татқан бейнет пен теккен төрдің нәтижесі. Біздің алдағы басты міндет – егілген өнімді дер кезінде төкпей-шашпай, жауын-шашынға қалдырмай жинап алу. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» демекші, өз нәсібін жерден алған диқан қауымы үшін бұл жыл да табысты болатынына сенім білдіреміз. Биылғы жылы аудан бойынша 30189,5 гектарға егiс егілді. Оның ішінде дәндi дақылдар 2 919 га, мал азықтық дақылдар 9 120 га, картоп, көкөнiс, бақша 3 644,2 га, майлы дақылдар 992 гектар. Негізгі дақыл күрiш көлемі 12 039 гектарға артты. Биылғы егін 2020 жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемі 728,5 гектарға – оның ішінде күздік бидай 977 гектарға, жаздық бидай 115 гектарға, тары 65 гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары барлығы 205,7 гектарға артық егілді, – деп, диқандарды «Алтын орақ – 2021» мерекесімен құттықтады.
Аталған іс-шараға, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері К.Смайлов қатысты. Одан кейін, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев биылғы жыл жемісті болып елдің ризығы мол болуына тілектестігін білдірді. Мұнан соң, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері К.Смайлов бата берді.
Шаруашылық биылғы науқанға арнайы соңғы үлгідегі күріш оратын және дән бастыратын «Macdon», «Джондер» сынды т.б комбайндарды әзірлеген. Бұған дейін де егін даласына 10-нан астам техника жұмылдырылған шаруашылық диқандарының жұмысы одан әрі жеңілдей түспек. Шаруа қожалығында 110 ауылдың тұрғыны өнімді еңбек етіп келеді. Бүгінде күріштің әр гектарынан 55-57 центнерден өнім жиналады деп күтілуде.
– «Сыр – суымен даңқты, ел – еңбегімен даңқты» демекші, биылғы судың тапшылығына қарамастан күріштің өнімділігі көңіл қуантады. Орым науқанына барлық техника мен құрал-жабдықтар сақадай сай. Сәтін салса мемлекет көрсеткен зор қолдаудың арқасында мол өнім алуға дайынбыз, – деді шаруашылық төрағасы Талғат ­Байдалиев шара барысында.
Сабағы дәнге толып, басын көтере алмай тұрған ақ күріш диқандардың ала жаз еңбегінің көрінісі. Жиында мехнатты тірліктің тереңіне бойлаған диқандарға ақ бата беріліп, аудан әкімі Н.Мақұлбеков, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ұлы С.Жақаев, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», еңбек ардагері С.Киікбай жайқалып тұрған егіннің лентасын қиды. Содан соң алқапқа жиналған қауым жүйіткіген комбайнның күрішті ору сәтіне куә болды. Сәтін салса шиелілік диқандардың ала жаздайғы атыз аралап, егіс жағалаған еңбектері еселеніп қайтатын күн жақын. Ендеше, біз де егін мол болсын, қамба Сыр маржанына толсын деп тілек қостық!

Гүлнәр Дүйсебай
27 тамыз 2021 ж. 1 144 0