Қызылорда облысында күрішке орақ түсті
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында күрішке орақ түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл егінге орақ салу шарасы Жалағаш ауданында болды. Оған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова, Мәжіліс депутаты Балайым Кесебаева және шаруашылық басшылары қатысты. Облыс әкімі Сыр диқандарының еңбегін ерекше атап өтіп, ақжарма тілегін білдірді. «Биыл Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі атақты диқан, дала академигі, ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың 130 жылдық мерейтойымен қатар келіп отыр. Сондықтан биыл жиналатын ел астығына облыс егіншілері барынша үлес қосады деп сенемін. Ел несібесін төкпей-шашпай жинап алуымыз қажет», - деді облыс әкімі. Сондай-ақ, игі шара барысында облыс әкімі «Таң ЛТД» серіктестігінің жүгері дақылы егілген егіс алқабына барып, ауыл шаруашылығы саласындағы әртараптандыру бағытында мамандармен пікір алмасты. Биыл өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 188,1 мың гектар жерге орналастырылды. Ал, негізгі дақыл - күріштің көлемі 83,6 мың гектар. Су тапшылығына байланысты күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,9 мың гектарға дейін азайып, оның орнына суды аз қажет ететін мал азықтық және майлы дақылдармен қатар картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілді. Егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,8 мың гектарға дейін артып, жалпы егіс сәйкесінше 3,9 мың гектарға ұлғайды. Егілген күріштен жоғары өнім алу мақсатында күріштікке толықтай жоғары репродукциялы тұқымдар себілді. Ал 71,9 мың гектар егіс тыңайтқыштармен қоректендірілсе, 69,2 мың гектары арам шөптерге қарсы өңделді. Қазір облыста бидай, арпа, сұлы дақылдарын жинау аяқталса, мақсары картоп, көкөніс, бақша, жүгері дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, ескі жоңышқа дақылының екінші орымы мен жаңа жоңышқаны жинау жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы егін жинау науқаны кезеңінде ауа-райы болжамы қолайлы болады деп болжанып отыр. Осыған сәйкес облыста егін жинау науқанын 10 қазанда аяқтау жоспарлануда. Жалағаш ауданына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Таң ауылдық округіндегі атқарылған жобалармен де танысты. Оның бірі – ет өңдеу цехы. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шағын өндіріс орнында мүйізді ірі қара сойылады. Цехтың жұмысын көрген өңір басшысы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына назар аударуды тапсырды.
https://www.inform.kz