АБАТТАНҒАН АУДАН– АЖАРЛЫ ӨМІР

2024 жылы аудан орталығындағы абаттандыру жұмыстарына 1 миллиард 176 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінсе, биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, 870 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бұл қаражат халықтың өміріне тікелей әсер ететін – көшелерді жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолын салу, қоғамдық орындарды жаңарту сияқты маңызды істерге бағытталды. Аудан орталығының бірнеше көшелері көркейіп, жаңа кейіпке енуде. Соның ішінде Дәулеткерей көшесінің бойында ауқымды абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Заманауи үлгідегі екі жарықты 22 дана түнгі жарық шамдары орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен жол жиегіне дейін тас төсеу жұмыстары атқарылды. Бұл көшедегі қозғалыс реттеліп, тұрғындардың қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарды. Бұдан бөлек, Байтұрсынов пен Жақаев көшелерінің қиылысында да көріктендіру жұмыстары қолға алынып, жарық шамдары, жаяу жүргіншілер жолы және сәндік элементтер орнатылды. Жаңа көше келбеті аудан тұрғындарының күнделікті өміріне жайлылық сыйлап, кешкі уақытта қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп отыр. И.Әбдікәрімов көшесі бойындағы Руханият орталығының аумағы да ерекше көркейіп келеді. Бұл жерде тамшылатып суару жүйесі арқылы газон егілді, заманауи жарық шамдары, орындықтар және көз тартарлық субұрқақ орнатылды. Жасыл желекке оранған бұл аумақ қазіргі таңда тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналып отыр. Сонымен қатар Ясауи көшесі де жаңарды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолы мен жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, жол жиектері көркейтілді. Гүлзарлар мен ағаштар отырғызылып, көшеге жаңа тыныс берілді. Бұл өзгерістер жергілікті тұрғындардың жайлылығы мен күнделікті қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, аудан келбетін жақсартуға сеп болды. Жалпы алғанда, атқарылып жатқан жұмыстар аудан орталығының экологиялық және эстетикалық ахуалын жақсартып қана қоймай, тұрғындардың туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып отыр. Бұл игі бастамалар – әрқайсымыздың туған топыраққа деген адалдығымыздың, қамқорлығымыздың көрінісі. Туған жерді таза жүрекпен сүю – оны қадірлеу, қорғау және көркейту. Сондықтан да әрбір азамат ел мен жерге деген сүйіспеншілігін іспен дәлелдеуі керек. Бүгінгі игі іс – ертеңгі жарқын болашақтың кепілі.
Әбдімомын АЛДИЯРОВ,
Қазақстан Халық партиясы
Шиелі аудандық өкілдігінің төрағасы