Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас мамандар баспанамен қамтылады

Жас мамандар баспанамен қамтылады

Биыл Шиелі ауданында әлеуметтік нысандар  құрылысы айтарлықтай қарқын алады. Атап айтсақ, кентте денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы мен ауданға қарасты «Байсын» ауылдық округінде  250 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. 



Ал  «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығындағы «Көкшоқы» шағын ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы қызған. Бұл жұмыстар толық аяқталса, осы жылы 72 отбасы қоныс тойын тойламақ. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов хабарлады.
– Аудан  экономикасына тікелей ықпал ететін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде жоғары өсім қалыптасты. Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіп өнімін өндіру  114,7, өңдеу өнеркәсібі  101,2, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,1, инвестиция тарту 176,3, ел игілігіне берілген тұрғын үй көлемі 101,7 пайызға артты. Сондай-ақ, былтыр  3 655 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, биыл Шиелі кентіндегі «Шұғыла» шағын ауданында 20 тұрғын үй халық игілігіне табысталатын болады. Тағы бір айта кететін жайт, осы жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 80 жас маманды баспанамен қамту үшін бюджеттік несиелер берілмекші. Жалпы біз аудан тұрғындарымен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелерді жан-жақты саралап, нақты жұмыстарды әрдайым назарымызда ұстаймыз. Соның бірі – аудан орталығындағы 12 көшені абаттандыру, көркейту және көгалдандыру, жарықтандыру, инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, жаяу жүргінші жолдарын қалыпқа келтіруге аудандық бюджеттен тиісті қаржы қаралатын болады.
Білім саласына тоқталсақ, аудан бойынша жалпы білім беретін  40 мектеп бар және бұл білім ордалары екі ауысымда оқытылады, яғни, үш ауысымдық және апатты мектеп жоқ. Ал «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде ауданда 900 орындық мектеп құрылысын бастауға жоба-сметалық құжаттар әзірленуде, –  деді аудан әкімі.
Бүгінде Шиелі кенті және Ы.Жақаев, Бидайкөл,  «Байсын», Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, «Ақмая» және «Алғабас» ауылдары, яғни, аудан халқының 68 пайызы газбен қамтылған. Жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын 4 елді мекенді «көгілдір отынмен» қамту жобасы тиісті министрліктерге тапсырылған. Нәтижесінде «Еңбекші» және «Жиделіарық» елді мекендерінің жобасы қолдау тауып, республикалық бюджеттен 442 млн 513 мың теңге қаржы қаралған.
–     Былтыр Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысын бастадық. «Тартоғай», «Майлытоғай» елді мекендерінің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Жобалар іске асқан жағдайда аудан халқының  85 пайызы газбен қамтылатын болады, – деп атап өтті аудан әкімі.
Ауызсумен қамтамасыз етуде де ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Осының нәтижесінде 34 елді мекеннің 88 пайызы, яғни, 85 мыңнан астам тұрғынның 98 пайызы таза ауызсумен қамтылған. Оның ішінде 23 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылса, 7 елді мекен жергілікті су көздері арқылы  қамтылған. Ал «Ақтам», «Қызылқайың» және «Қосүйеңкі» ауылдарын ауызумен қамту үшін 752 млн теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асырылмақ.

Айнұр Батталова
02 ақпан 2023 ж. 217 0