ҚОЯН ЖЫЛЫНДА ҚОНЫСТОЙ КӨБЕЙСІН
Былтыр кентте тұрғын үй құрылысы қарқын алып, бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш орнады. Биыл да бұл бағыттағы ілкімді істер жалғасын тауып, 72 отбасы қоныс тойын тойламақ.
– Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында ауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы жүруде. Сәтін салса, биыл көктем айларында 72 отбасына пәтер кілті табысталады, – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.
– Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында ауданда «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында Көкшоқы мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы жүруде. Сәтін салса, биыл көктем айларында 72 отбасына пәтер кілті табысталады, – деді аудан әкімі Нұржан Ахатов.
Сондай-ақ Шұғыла мөлтек ауданынан кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға арнап 20 тұрғын үйді беруде жоспарда бар. Тағы бір айта кетерлігі, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 414 млн теңге бөлініп, 80 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несие берілмек.
Жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында жастардың баспаналы болуына барынша жағдай жасалу керектігін атап айтқан болатын. Осылайша бұл маңызды түйткілдің түйіні бүгінде еліміздің әр өңірінде қолға алынуда. Соның бірі – «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы. Аталған бағдарламаға 1,2 млрд теңге қаржы бөлініп, іске қосылды. Аймақта алғаш рет қолға алынған бағдарлама шеңберінде 100 жасты баспанамен қамту жоспарланған. Мамандардың мәлімдеуінше, бұл бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы Қызылорда облысының жастары қатыса алады. Жеңілдетілген несие «Отбасы банк» арқылы 5 процент үстемемен 19 жылға беріледі. Талапкер банкте баспана бағасының 10 процентін құрайтын салымын жинауы қажет. Сондай-ақ жолдама беру балдық жүйемен іске асады. Жолдама беру және қатысушыларды бағалау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы электрондық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар басты талаптардың бірі – баспанаға ниетті жас Қызылорда облысында соңғы 2 жылда тіркеуде болуы керек.
«Сыр жастары» бағдарламасына білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, журналистика саласының мамандары, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, ғылыми қызметкерлер, ұлттық холдингтердің жергілікті филиалдарының, екінші деңгейлі банк мамандары, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет көрсету саласы мен әлеуметтік қызметкерлер қатыса алады.
Өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған 7,5 мыңға жуық жастар бар екенін ескерсек, алдағы уақытта бағдарлама арқылы берілетін үйлер жас отбасыларға айтарлықтай қолдау болмақ.
Сұлушаш МАДИЯРОВА