«РУХАНИЯТ» ОРТАЛЫҒЫ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЗЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын толыққанды оқып, ой түйдім. Тиісінше, өз пікірімді ұсынуды жөн санадым. Жалпы өткен жылы аймақта «Руханият жылы» аясында мәденикөпшілік шаралармен қатар ауқымды жобалар жүзеге асырылды. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, Жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды.
Солардың жалғасындай болып ауданда жаңа жылдың алғашқы күндерінде «Руханият» орталығы пайдалануға берілді. Аудан басшысы Айтбай Жандарбеков ақжолтай жаңалықпен бөлісіп, сан саланы тоғыстырған ғимаратпен таныстыру үшін абыз ақсақалдар мен ауыл әкімдерін арнайы шақырды.
Келушілер алдымен тарихи өлкетану музейімен танысты. Мұндағы ауданның мәдени өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлер көздің жауын алады. Әсіресе залдың қақ ортасындағы қазақы жабдықталған киіз үйге бас сұққанда сонау 19 ғасырға кіріп кеткендей күйде боласың. Барлығы әсерлі, үйлесімді.
– «Жақсыны көрмекке» дейді. Облыс әкімінің бастамасымен бірнеше мекемені бір орталыққа біріктірген осындай үлкен ғимарат пайдалануға беріліп жатыр. «Руханият» орталығы мәденитарихи нысандардың қолжетімділігін арттыруға негізделген өңірлік бағдарлама аясында салынды. Мұнда өздеріңіз көріп тұрғандай тарихи-өлкетану музейі, ардагерлер мен аналар кеңесі, қоғамдық кеңес, архив, кітапхана мен неке сарайы бар. Бір ғимарат ішінде мәдени-көпшілік шаралар, концерттер, мерекелік кештер өткізу арқылы тұрғындар жиі келетін мәдениет ошағына айналдырамыз деп ойлаймыз. Бұл жерге сіздер алғашқылардың бірі болып келіп тұрсыздар. Алдағы уақытта аудан жұртшылығына, бүкіл мекеме қызметкерлеріне таныстыру жоспарда бар.
Орталықтағы сыйымдылығы 150 орынды құрайтын мәжіліс залында кез келген жиынды өткізуге болады. Бұйырса сіздердің 70-80 жылдық мерейтойларыңызды осы жерде атап өтетін боламыз, – деді аудан әкімі А.Жандарбеков.
Құны 1 млрд 600 млн теңге болатын орталықтың ішінде заманауи үлгіде жоғары талғаммен жабдықталған неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар орталығы, ардагерлер мен аналар кеңесі, қоғамдық кеңес пен қоғамдық келісім орталығы, үкіметтік емес ұйымдар кабинеті бар. Әсіресе бұрынғы ғимаратының сапасы мен сыйымдылығы сын көтермейтін архивтің су жаңа нысанға орналасқанына аудан қариялары ризашылығын білдірді. Себебі ескі нысанның пайдалану алаңы небәрі 90 шаршы метр аумақты құрайтын. Ал «Руханият» орталығындағы архив қоймасына 267 шаршы метр аумақ тиесілі. Енді қоймаға құжат сыйдыра алмай басы қатып, ауа температурасы мен ылғалдылығына алаңдамайтын архив ұжымы да жаңа орталыққа көшкендеріне дән риза.
Осылайша барлық ұйымдарды бір ғимаратқа біріктіру арқылы бюджет қаржысы үнемделмек. Тағы бір пайдалы тұсы – ақсақалдар мен жастар бір-бірімен араласып, бірлескен жобаларды жүзеге асырады, жас буын үлкендердің ақылын тыңдап, тәжірибе алмасады. Мұндай орталықтардың бой көтергені бірнеше нысан салғанға қарағанда әлдеқайда тиімді екенін тәжірибе көрсеткен.
Ең бастысы мұнда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасады. Тағы бір ерекшелігі – кітапхананың тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуінде. Әзірге түнгі 24:00-ге дейін келушілерге қызмет көрсетіп жатқан аудандық орталық кітапхана алдағы уақытта тәулік бойы демалыссыз жұмыс жасамақ.
Жас ұрпаққа тағылымды тәрбие мен өнеге үйретілетін нысанның «Руханият» аталуы тегін емес. Қызылорда облысында 2024 жыл – «Руханият жылы» деп жарияланғанын сөз басында айттық. Жалпы ел арасында рухани әмбебап орталығын құру идеясы Ұлттық құрылтайдан кейін туындаған еді. Мемлекет басшысы алқалы жиында «Мәдениет. Өнер. Руханият» тақырыбына айырықша тоқталып, қазақстандықтарды біріктіруші ұлт ретінде дамуы тиіс аспектілерді айқындап берген болатын. Одан бөлек руханият ұғымы – барлық адамгершілік және рухани құндылықтардың үндесуі, ұлтты ілгерілететін адамгершілік сана дегенді білдіреді.
Орталықтың тыныс-тіршілігі, мақсатміндетімен танысқан ақсақалдар жоғары сападағы заманауи ғимараттың аудан халқына тарту етілгені үшін ат үстіндегі азаматтарға ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.
Облыс бойынша әзірге Қармақшы мен Шиелі ауданынан ғана бой көтерген «Руханият» орталығы кеше аудан имамдары мен дербес бөлім басшыларына таныстырылды. Айта кетейік мұндай орталық жыл соңына дейін барлық аудандардан ашылмақ.
Орталық алдағы уақытта аудан тұрғындарының рухани дамуына, ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге және тарихи-мәдени мұраларды сақтауға зор ықпал ететін маңызды нысанға айналады деп сенеміз.
Гүлхан ЯХИЯ