БАЛА БОЛМЫСЫ СЫН АЛДЫНДА
Бүгінгі қоғамда көзге үйреншікті көрініс бар. Ол сабақтан шыққан бойда смартфонға үңілген бала, аулада басы қосылса да бір-бірімен емес, экранмен «сөйлескен» жеткіншек, кеш батқанша компьютерлік клубтан шықпайтын оқушы. Асық атып, ләңгі теуіп, доп қуып өсуі тиіс өрендер виртуалды майданның «жауынгеріне» айналды. Бұл – жай ғана уақыт өткізу формасы ма, әлде ұлт болашағына төнген үнсіз қауіп пе?Бүгінде жасөспірімдердің күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналған ойындар аз емес. PUBG: Battlegrounds, Roblox, Minecraft, Brawl Stars, Garena Free Fire – бұлар қазіргі баланың сөздік қорындағы қалыпты атаулар. Әсіресе «battle royale» жанрындағы ойындардың мазмұны белгілі. Жүзге жуық ойыншы бір алаңға түседі, қару-жарақ жинайды, бірін-бірі жояды, соңында бір ғана «жеңімпаз» қалады. Мақсат – тірі қалу. Бұл ойындарда достықтан гөрі бәсеке, сабырдан гөрі жылдам реакция, кешірімнен гөрі «ату» басым. Жеңіс – басты құндылық, ал жеңіліс – күйзеліс. Мұндай ортада баланың психикасы қалай қалыптасады? Күн сайын «қарсыласты жою» логикасына дағдыланған жас сана ертеңгі өмірде де әр адамды қарсылас ретінде қабылдап кетпей ме?
Психолог мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылық элементтері бар ойындарды ұзақ ойнау баланың агрессиялық реакциясын күшейтіп, эмоцияны басқару қабілетін әлсіретуі мүмкін. Жасөспірім кезең – мінез қалыптасатын, құндылықтар жүйесі орнығатын уақыт. Экрандағы үздіксіз «атыс» пен «соғыс» сол құндылықтарға әсер етпей қоймайды.
Телефонға тәуелділік – бүгінгі ата-ананы алаңдатқан өзекті мәселенің бірі. Виртуалды әлем баланың назарын толық жаулап алады. Онда ол «батыр», «жеңімпаз», «көшбасшы». Ал шынайы өмірде сабақ оқу, кітап қарау, үй шаруасына көмектесу секілді міндеттер қызықсыз көрінуі мүмкін. Телефонға тым көп уақыт бөлетін балада зейіннің шашыраңқылығы, ұйқы режимінің бұзылуы, сабаққа ынтаның төмендеуі, қарым-қатынастың азаюы жиі байқалады. Әсіресе түнге дейін экранға үңілу көздің көру қабілетіне, жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Дәрігерлер соңғы жылдары балалар арасында көру қабілетінің әлсіреуін цифрлық құрылғыларды шамадан тыс қолданумен байланыстырады.
Әрине, мәселені біржақты қарауға болмайды. Кейбір жасөспірімдер цифрлық ойындардың жылдам шешім қабылдауға, логикалық ойлауға, тіпті ағылшын тілін үйренуге көмектесетінін айтады. Шынында да, технологиялық дәуірде цифрлық сауаттылық маңызды. Жасөспірімдер ойынның зиян-пайдасы туралы әртүрлі ой айтады. Кейбірі:
– Ойын жылдам ойлауға, шешім қабылдауға және ағылшын тілін үйренуге көмектеседі, – дейді. Бұл ортақ дәлел. Айта кететіні, кейбір ойындар логика мен реакцияны талап етеді. Алайда сұрақ мөлшер мен мазмұнда. Шектеулі уақыт пен мазмұнды бақылау болған жағдайда ойын – демалыс құралы. Ал бақылаусыз, шектен тыс қолданылған жағдайда – тәуелділік көзі. Кез келген пайдалы нәрсе шектен асқанда зиянға айналатыны белгілі.
Кент орталығындағы компьютерлік клубтарға бас сұққанда байқалатын көрініс ойландырмай қоймайды. Құлақ тұндырар айқай, анайы сөздер, эмоцияны дөрекілікпен жеткізу – мұның бәрі жасөспірімнің мінез-құлқына әсер ететін орта. Жеңіс пен жеңіліс мәдениетсіздікпен өрілсе, бұл қалыпты мінез нормасына айналып кетуі ықтимал. Көп ата-ана баласының нақты қайда, қанша уақыт өткізетінін біле бермейді. «Сабағын оқып отыр» деген сенім кейде шынайы жағдаймен сәйкес келмейді. Бақылаусыздық – мәселені ушықтыратын негізгі фактордың бірі.
Сол себепті қазір ата-аналар да алаңдаулы. Кент тұрғыны, көпбалалы ана Гаухар Сабырқызы үш ұлының көзінің көру қабілеті нашарлағанын айтады:
– Бұрын олар аулаға шығып ойнайтын. Қазір таңнан кешке дейін телефонда... Дәрігерлер ұзақ уақыт экран алдында болуды басты себебі деп айтты, – дейді.
Психологтар да бұл мәселеге қатты алаңдайды. Аудан психологы Ләззат Төлешова:
– Атыс-шабыс элементтері бар ойындар баланың эмоциясын өзгертеді. Жүйке жүйесі әлі толық қалыптаспаған жасөспірім шынайы өмірде де агрессияны қолдауға бейім болып кетуі мүмкін. Телефонға тәуелді бала достарымен аз араласады, отбасымен бірге уақыт өткізуге құлықсыз болады. Бұл әлеуметтік оқшаулануға әкеледі, – дейді. Рас, шынайы қарым-қатынасқа негізделген әлеуметтік дағдылар болмаған жағдайда, бала қоғамға дұрыс бейімделе алмайды.
Бала – ұлт болашағы деген сөз жиі айтылады. Бірақ сол болашақтың қалай қалыптасып жатқанына жеткілікті мән беріп жүрміз бе? Дала мәдениетімен, ұлттық ойынмен, тірі қарым-қатынаспен өскен ұрпақ пен экран арқылы «соғыс» көріп өскен ұрпақтың дүниетанымы бірдей бола ма? Асық атып, ләңгі теуіп, доп қуып өскен бала командалық рухты, шыдамдылықты, табиғи қозғалыс пен шынайы достықты бойына сіңіреді. Ал виртуалды ортада бұл қасиеттердің орнын рейтинг, ұпай, «килл» саны алмастырады. Сандық көрсеткішке негізделген «жеңіс» баланың ішкі құндылықтар жүйесін өзгертіп жіберуі мүмкін.
Мәселені толық тыйым салумен шешу мүмкін емес. XXI ғасырда технологиядан қашу емес, оны басқару маңызды. Сондықтан ата-ана тарапынан уақыттық шектеу қойып, мазмұнды ойындарды іріктеп, баланың бос уақытын спорт, өнер, үйірмелер арқылы толықтыру. Мектеп пен қоғам деңгейінде цифрлық мәдениет туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту негізгі қадамдардың бірі болуы тиіс. Ең бастысы – балаға балама ұсыну. Егер аулада қауіпсіз, тартымды спорт алаңы болса, егер мәдени-шығармашылық орталықтар қолжетімді болса, егер ата-ана бірге уақыт өткізуге ықыласты болса, смартфон жалғыз «қызық» көзі болмайды.
Саусағы жүйрік, бірақ сөзі дөрекі, экран алдында батыр, бірақ өмірде мақсатсыз ұрпақ қалыптаспауы үшін бүгін әрекет ету қажет. Бізге виртуалды майданда «атысқан» емес, біліммен қаруланған, мәдениетті, жауапты жас буын керек. Қаламыз бен даламыз «саусақ батырларға» толып кетпесін десек, тәрбие мен бақылауды, түсіндіру мен үлгі көрсетуді бүгіннен бастауымыз керек. Өйткені ұлт болашағы – экранның ар жағында емес, біздің қолымызда.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ







