Тәуелділік түбі қайда апарады?
Заман дамыған сайын балаларға арналған компьютерлік ойындар да көбеюде. Тіпті қазір балаларды былай қойғанда, үлкендердің өзі компьютерлік ойындарға телміріп отыратынды шығарды. Қаламыздағы «I GAME», «Garage», «Pentagon», т.б. ойын клубтарына кіре қалсаңыз, балалармен қабаттасып үлкендердің де ойнап отырғанын көресіз.
Кейінгі кездері компьютерлік ойындардың адам денсаулығына теріс әсері туралы дәрігер мамандар жиі айтып жүр. Бірақ оған құлақ асып жатқан жан жоқтың қасы. Қайта қызылды-жасылды әртүрлі түстермен көмкерілген мұндай ойын түрлері сәт сайын ойнаушыларды өзіне тартып жатыр. Күн санап қатарлары артпаса, кемімей тұр.
Мынаны қараңызшы, кейбір мамандар компьютерлік ойындардың адамның логикасын дамытуға оң әсер ететінін де жазып жүр. Өйткені, мұндай ойындардың арасында кәдімгідей ойлануды, стратегиялық шешімдер қабылдауды қажет ететіндері бар. Мәселен, «Киберспорт» деген жаңа спорт түрінің өріс алып жатқанын айтуға болады. Қазақстанда бұл бағытта жастар жиналып, әлемдік турнирлерге қатысып та жүр. Олар тіпті бөлек үй жалдап, сонда өмір сүреді. Алдағы айқасты ойынға алаңсыз дайындалады.
Бір қызығы, балалардың мұндай ойындарға қызығушылығы 4-5 жасынан басталады екен. Ғалымдардың айтуынша, мұндай кезде баланы компьютерге жақындатуға мүлде болмайды. Себебі, баланың ағзасы техникалық салмақты көтере алмай қалуы мүмкін. Бала мектепке барғанда ғана аптасына бір рет және аз уақыт компьютерге үйреткеніңіз жөн. Жалпы, алтыншы сыныптан кейін оқушының бұндай ойындарға қызығушылығы қатты байқалады екен. Нақтырақ айтсақ, осы уақытта өз ортасынан бөлек жүретін балалар компьютерлік ойындардың тұтқынына айналып кете барады. Баланың айтқанын қылып, атмосфера жасап берсеңіз, тіпті ізінен кетеді. Ал былайғы уақытта компьютерлік клубтарды жағалауы мүмкін. Осыдан соң оған қатты әуестеніп, бар уақытын компьютер алдында өткізуі ғажап емес. Әуестіктің салдары сол, достарымен араласпай, адамдармен қарым-қатынасы қиындай түседі.
Бүгінде қалада компьютерлік клубтар өте көп. Бұған «Plastation»-ды қосыңыз. Ондай клубтарға жиі баратын балалар сабағын да ұмытып, ата-ана қаржысын далаға шашады. Арнайы желі арқылы ойын қызығына түскен олар бірін-бірі жеңіп шыққанша тапжылмайды. Тіпті ойынға белгілі бір ұтыс тігіп пайдаға кенелетіндер бар. Ал ойынқұмар баланың сабаққа құлшынысы болмайтыны анық. Сондай клубтарға кіре қалсаңыз, бірден 5-6 сағатқа жалға алып жатқанын көресіз. Оның психологиялық әсерінен бөлек, көздің де жұмысын нашарлататынын ата-ана ойлауы тиіс. Қазір осы ойындардың әсерінен көзілдірік киетін жастар жылдан-жылға артып барады.
Тағы бір мәселе. Ғалымдар ғаламтор пайдаланушылардың 10 пайызына нақты ғаламторға тәуелділер деп медициналық диагноз қоюға болатынын алға тартады. Сонымен қоса, жасөспірімдер мен балалардың құмартуына жол бермеудің маңыздылығына тоқталады. Расында, қоғам бұл мәселеге бей-жай қарамау керек.
Кейінгі 10 жылда компьютерлік ойындардың зияны туралы айтылып-ақ келеді. Алайда, бұған мән беріп жатқан ата-ана жоқ. Керісінше, күн өткен сайын балалардың аталған ойындарға деген тәуелділігі асқынып барады. Енді шындап балалар денсаулығын қорғайтын кез келді. Себебі ұзақ уақыт тапжылмай көгілдір экран алдында отыру – баланың ой-өрісінің дамуын шектеп, мінез-құлқының өзгеруіне әсер етпек.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»