АСЫҚТЫ АСЫЛЫҚ ЕТТІК ПЕ?

Аула балалары боп бұрын "Қырықаяқ, Ақсүйек, Ошақ, Асық, Қосқұлақ" сынды ойындардың түбін түсірсек, қазір есімі есте жоқ ермекке айнала барған. Жаңғыру үшін жеке тоқталайық.
Қырықаяқ – топ болып ойналатын ойын түрі. 2 топтан тұратын ойыншылар шеңбер ұқсап оралып, адым басып межелеген сызыққа жетуі қажет. Бірінші келгені - ұтқаны. Ойын балаларды ұйымшылдыққа баулиды.
Ақсүйек – кеш түскенде қырағылық үшін ойналады. Ойыншылардың бірі сүйекті жасырып, қалған ойыншылар табуға кіріседі. Байқампаз ойыншы тауып, “Ақсүйек” деп айқайлап, жеңімпаз атанады. Ойын осы ретпен жалғаса береді.
Ошақ – екі топқа бөлініп, төртбұрыш сызып, оны “Ошақ” деп атайды. Ошақ ішінде қай топ қалатынын жеребе шешеді де, ұтқандары ошақ сыртында, жеңілгендері ошақ ішінде қалады. Сырттағы ойыншылар іштегілерге доп лақтырып, тигені сыртқа шығады. Соңғы қалған ойыншы топ айтуын орындайды.
Қосқұлақ. “Қасқыр. Күзетші. Қой” боп ойналатын ойын түрі. Бірі қасқыр, бірі күзетші болса, қалған ойыншылар қой атанып, қасқырдан қашады. Егер, күзетші қасқырды ауламаса, өзі қойға айналып, қасқыр күзетші атанады. Ойын осылай жалғасын таба береді.
Ұйымшылдыққа, сақтыққа үйрететін ойын түрлері өте көп. Заман талабы жаңаша заңдылықтарды орнатқанымен, ескіліктің ерекшеліктері қоса бар екенін естен шығармайық! Смартфонға семірген ұрпақтың саналы болуына күмән көп. Бала боп асық ойнап, ләңгі теуіп, құрдастармен қатар құмартқаны қашан да көзге көркем көрінбек! Рухани жаңғыру дегеніміз осы. Ойынның өзінде ой салар бөлік, ақылға апарар жол бар екенін есте бек ұстайық!