Асық – алтын қазынам
Асық ойыны атадан балаға жеткен асыл мұрамыз деп есептесек, бабаларымыз айтып кеткен «Асық ойнаған – азар, доп ойнаған-тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген осы сөз ертеден бар. Бірақ солай деді екен деп, ойынын ойға тастап, қойын қырға өргізіп әкеткен бала болған жоқ-ау сірә? Көп балалар жазғы демалыста жайлауға асығатын. Мақсаты – асығын ашып, қорғасыннан бір әдемі сақа құю. Ортаға шар тігіп, салмақты сақасымен шиыра атқанда, ұтыстың оңынан түсуі тамаша бейне.
Шындығы сол, біз көбіміз қазақы ауылда туып, төл ойындарымыз «Соқыртеке», «Тығылыспақ», «Алтыбақан», «Қыз қуу» деген сияқты тамаша ойын үлгілерін жанымызға жақын ұстадық. Шүкір, одан ұпайымыз кеміп, абыройымыз ақтарылып қалған жоқ. Көбіне көктем шыға құрғақ жерді тауып алып, көше кезіп ойнап кететін ойын түрлері болатын. Осындай ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, бірлік пен ынтымақ жолын дамытуда маңызы зор. Бұл жолы біздің айтпағымыз асық ойыны туралы болмақ.
Шындығы сол, біз көбіміз қазақы ауылда туып, төл ойындарымыз «Соқыртеке», «Тығылыспақ», «Алтыбақан», «Қыз қуу» деген сияқты тамаша ойын үлгілерін жанымызға жақын ұстадық. Шүкір, одан ұпайымыз кеміп, абыройымыз ақтарылып қалған жоқ. Көбіне көктем шыға құрғақ жерді тауып алып, көше кезіп ойнап кететін ойын түрлері болатын. Осындай ұлттық ойындарымыздың тәрбиелік мәні, бірлік пен ынтымақ жолын дамытуда маңызы зор. Бұл жолы біздің айтпағымыз асық ойыны туралы болмақ.
Асық – көнеден келе жатқан ұлттық ойын. Осы ойын баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйластыққа тәрбиелеген. Бұл ойын ертеден мал шаруашылығымен айналысқан ата-бабаларымыздың қолданысында келе жатқан көне ойын түрі. Асықтың біз біле білмейтін түрлері жетерлік. Мысалы алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері болады. Оның ішінде алшыны өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп атайды. Асық ойындары тек қана қазақ халқына ғана таныс ойын түрі емес. Бұл ойынды Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік ұлттары әлі күнге дейін ойнап келеді. Ертеде ата-бабаларымыз асық ойынын балаларына жас кезінен бастап үйрете бастаған. Бұл күнде қала балалары тротуар үстіне шеңбер сызып, соның ортасындағы көлденең сызыққа тізген асықтарды қорғасын құйылмаған салмақсыз сақамен атып түсіріп, шеңбер сыртына түсіруге тырысады. Қалай десек те асық ойынын заман ағымына ілестірген жөн. Ол да жойылудың аз-ақ алдында тұрған ұлттық ойынымыздың бірі.
«Асық ату» ойыны әсіресе, компьютер мен интернетте күні бойы отыратын жастарды көз ауруынан құтқарып, ой-өрісті кеңейтіп, сезім сергектігін берік қалыптастырады. Ендеше көнеден келе жатқан ұлттық ойынның бүгінгі таңдағы өрісін кеңейтіп, ауыл жастарының бұл ойынға деген қызығушылығы мен ұмтылысын арттыру керек. Қазіргі таңда аудан орталықтарын торып, компьютер клубтарында ойнайтын ойынқұмар жастар көбейгендігі көңіліңді қынжылтады. Құмар ойын қожайындарының асығы алшысынан түсіп тұр. Сондай-ақ фитнес орталықтарына ақша төлеп барғанша, тегін аулада асық ойнаған пайдалырақ. Күнде компьютер алдында отырып, буыны былжырап, семірудің аз-ақ алдында тұрған адамдарға бір мезгіл асық ойнатса, денелері құрыштай шынығар еді. Кезінде «Асық ойнаған – азар» деп еңбекке тартқан епке иілікпей, сай жағалап, сүйек теріп кеткен буынның жалғасы қайда? Неге асық ойынының пайдалы тұстарын біле тұра ұмыт қалдырып жатырмыз? Асық ойыны үнемі отырып-тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, жиырылу, ширығу арқылы жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында осындай ұлттық мұраларымызды өткеннің еншісінде қалдырмай қайта жаңғырту керектігін айтқан еді. Ендеше асық ойыны – атадан балаға мирас болып қалар төл мұрамыздың ұштығы. Шын мәнінде асық ойнаған адам азбайды, есесіне шынығып, шыңдалады. Шикіліктің шектеуімен шетқақпай бола бастаған асықтың асыл қасиеті – осы.
Шапағат Тілеубаев