Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық ойын ұмытылмаса 

Ұлттық ойын ұмытылмаса 


Қазақ халқының ұлттық ойындары баланың санасын өсіріп, ой-өрісін дамытады. Қазіргі технология заманы кең етек жайып, ертедегі ойындарымыз ел жадынан ұмыт қалып бара жатыр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын», – деп жазған болатын. Яғни, мектепке дейінгі кезеңнен бастап ұлттық тәрбиені қалыптастыру, баланың физикалық және ой-өрісінің дамуын қамтамасыз ететін жаңа технологияларды іздестіру өте өзекті мәселе. Атадан мұра ретінде келе жатқан ойын түрі – асық. Асық ойыны баланың жастайынан ой-өрісін дамытып, қабілетін шыңдап, дәлдікке, ширақтыққа, алғырлыққа тәрбиелейді. Ертеде ата-бабаларымыз балаларына жас кезінен, тіпті, сәби дүниеге келмей жатқанда, нәрестенің ойнайтын асығын жинаған. Асықтың күндізгісі адамды – мергендікке, түнгісі – ептілікке үйретеді. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп аталады. Ал, атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқай деп аталады. Жаугершілік заманда бабаларымыз соғыс стратегиясын, соққы беретін тұсты асықты шашып жіберіп түсіндіріп, жоспарлаған. Тіпті, кезінде үлкендер асық иіру арқылы шешілмеген дауларын шешіп ымыраға келген күндер де болған.
Журналист Н.Жүсіп «Тутанхамонның асығы» мақаласында мысыр патшасы Тутанхамонның ойыншығы асық болғанын айта келе, «Бұл ойын – балалардың дүниетанымын кеңейтетін ойын. Әркім өз асығын қателеспей тауып, түрлі түске бояған. Балалардың есепке жүйріктігі бала кезден қалыптаса бастайды. Асық – кәдімгі санағыштың рөлін қоса атқарады. Асықтарды қаз-қатар тізу кезінде олардың санын алу, кейін ұтысты есептеп, ұпай бөліскенде жапырлап санау кез келген баланың математикаға бейімділігін арттырады» .
Бұл ойын тек қана қазақ халқына ғана таныс емес. Орта Азия халықтары, оның ішінде өзбек, қырғыз, тәжік ұлттары да әлі күнге дейін ойнап келеді. Асық – төрт түлік малдың тілерсегінде болатын, қызметі аса күрделі, буынға біткен шымыр сүйек. Қой, ешкі, сиыр, түйе асығы үлкен-кішілігіне қарамастан бір пішіндес, мүсіндес келеді. Ал, жылқы асығының көлемі де, түрі де бөлек. Асықтың атаулары да әр түрлі. Кеней – көпшілік ойнауға арналған қарапайым асық, шүкейт – жас малдың, қойлық – қойдың, ешкімек – ешкінің, құлжа – құлжаның, топай – сиырдың, қолқар – арқардың, көктабан – қорғасын құйылған салмақты сақа асық. Асықпен ойналатын «Ханталапай», «Үш табан», «Шеңбер» секілді бірнеше ойын түрлері бар. Асық ойыны әрбір жас баланың намысын қайрап, жеңіске деген талпынысын арттырады. Ойында үнемі отырып тұру, жүрелей отыру, тізені жартылай бүгу, ширығу жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Тек қана жас балалар емес, еңсе тіктеп, ақылы тоқтатқан азаматтар да ойнаған. Халқымыз асықты қастерлеген. Өйткені, әрбір көшпенді өмір сүрген халықтың өмір салты, әдет-ғұрпы төрт түлік малға байланысты. Осыған орай, қаншама атау, ұғым-түсінік, таным мен пайым, мақал-мәтелдер мен аталы сөздер пайда болған. Мысалы, қазақта «Асығың алшысынан түссін» деген ізгі тілек бар. Ол сәті түсіп, жол болып тұрғандығын білдіреді. Сондай-ақ, халықтың «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа тұт» деген тіркестің астарында үлкен мән жатыр. Тіпті, өткен ғасырдың басында асық туралы өлеңдер пайда болған.
Кешке дейін асықты,
Ойнап едік ләй-ләй.
Қызығына ойынның,
Тоймап едік ләй-ләй» – деп наурыз тойларда жырланған. Ойында жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, жеңесің, жеңілесің, ұтасың, ұтыласың. Ұлттық ойын – ұлттық тәрбие. Шеберлікке, мергендікке, батылдыққа тәрбиелейді. Қазіргі таңда ұлттық спорт федерациясы ұмыт қалып бара жатқан ұлттық ойындарды жаңғыртып, дамытуда.
Ендеше, атадан мұраға қалған ойындарды ұрпақ санасына сіңіртіп, рухани жаңғырайық.


Бекжан ЕРЖІГІТ.
20 қараша 2018 ж. 2 712 0