Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Асықты асылық еттік пе?

Асықты асылық еттік пе?

Қазір көгалды көкке көтеріп, улап-шуласатын балғын бала некен-саяқ. Есесіне дала ойындары далада қалып, тіпті допты керек етпейтін домалақ бастар көп. Сәт сайын жаңарған технологияның едәуір зардабы бармақтай балаға тиіп, біз байқамай жүрміз бе? Смартфон санадан кетуге себепші болған «қырық аяқ», «ақсүйек», «ошақ», «асық», «қосқұлақ», ойындары кімнің есінде? Жаңғыртуды қажет ете ме?
Бұрын аула балалары боп ойынның түбін түсіретінбіз, қазір олар есімі есте жоқ ермекке айналған.
Мәселен, қырықаяқ – топ болып ойналатын ойын түрі. 2 топтан тұратын ойыншылар шеңбер ұқсап оралып, адым басып межелеген сызыққа жетуі қажет. Бірінші келгені – ұтқаны. Ойын балаларды ұйымшылдыққа баулиды.
Ал ақсүйек – кеш түскенде қырағылық үшін ойналады. Ойыншылардың бірі сүйекті жасырып, қалған ойыншылар табуға кіріседі. Байқампаз ойыншы тауып, «Ақсүйек» деп айқайлап, жеңімпаз атанады. Ойын осы ретпен жалғаса береді.
Ошақ ойыны тіптен қызық. Балалар екі топқа бөлініп, төртбұрыш сызып, оны «Ошақ» деп атайды. Ошақ ішінде қай топ қалатынын жеребе шешеді де, ұтқандары ошақ сыртында, жеңілгендері ошақ ішінде қалады. Сырттағы ойыншылар іштегілерге доп лақтырып, тигені сыртқа шығады. Соңғы қалған ойыншы топ айтуын орындайды.
Қосқұлақ – «Қасқыр. Күзетші. Қой» болып ойналатын ойын түрі. Бірі қасқыр, бірі күзетші болса, қалған ойыншылар қой атанып, қасқырдан қашады. Егер, күзетші қасқырды ауламаса, өзі қойға айналып, қасқыр күзетші атанады. Ойын осылай жалғасын таба береді.
Ұйымшылдыққа, сақтыққа үйрететін осындай ойын түрлері өте көп. Заман талабы жаңаша заңдылықтарды орнатқанымен, ескіліктің ерекшеліктері қоса бар екенін естен шығармайық! Смартфонға семірген ұрпақтың саналы болуына күмән көп. Бала боп асық ойнап, ләңгі теуіп, құрдастармен қатар құмартқан бала қашан да көзге көркем көрінбек. Рухани жаңғыру дегеніміз осы. Ойынның өзінде ой салар бөлік, ақылға апарар жол бар екенін есте бек ұстайық.

Айдана Назарбекова
10 маусым 2022 ж. 460 0