Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ПРАНКТЫҢ ПАРҚЫ: ӘЗІЛ МЕ, ӘБЕСТІК ПЕ?

ПРАНКТЫҢ ПАРҚЫ: ӘЗІЛ МЕ, ӘБЕСТІК ПЕ?

Қазіргі заманда жастар арасында кең тараған дүиенің бірі – пранк. Әлеуметтік желілерде біреуді алдап, шошытып, кейде мазақ етіп түсірілген видеолар күн сайын көбейіп келеді. Біреулер оны күлкі үшін жасаса, енді бірі танымал болудың төте жолы деп санайды. Бірақ пранктің парқын түсінбесе, ол шектен шығып, әзілі жараспайтын әбестікке айналуы мүмкін.

Пранк жасау – әзілдің бір түрі. Бірақ оның шекарасы бар. Егер пранк адамды қорламаса, ренжітпесе, қорқыныш, күйзеліс туғызбаса, ұятты, намысты қозғамаса, жалған ақпарат таратпаса онда оны жеңіл әзіл ретінде қабылдауға болады. Бірақ соңғы кезде пранк атын жамылып, көпшілікке зиян тигізетін, адастыратын немесе дөрекі әрекеттер көбейді. Бұл – жауапсыздық. Пранк жасаушы адам ең алдымен этиканы, қазақы тәрбиені, басқаның шекарасын сезіне білуі керек. Әйтпесе, әзіл емес, әдепсіздік болып кетеді. Пранктың мақсаты – күлдіру, бірақ ол күлкі – құрметтен аспауы тиіс.
«Бұл сізге пранк»: әзіл мен алдаудың ара-жігін ажыратып жүрміз бе?
Бірде аулада ойнап жүрген төрт жасар ұлым «мама, мама!» деп айғайлап шақырды. Бірдеңе болып қалғанын сезген мен, қолымдағыны лақтыра сала жүгірдім. Барсам аяғын ұстап отыр. Жарақаттап алған екен деп жаным шығып барады. Менің абдыраған түрімді көріп тұңғышым екеуі ал келіп күлсін. Сондағысы «мама, бұл сізге пранк» дейді. Өздері мені сендіре алғандарына мәз. Не күлерімді не ашуланарымды білмей қайтадан үйге кіріп кеттім. Сол күні ойланумен болдым. Біз осы балаларымызды қалай тәрбиелеп жүрміз? Бүгін мені өтіріктеріне сендіре алғанына бақытты сезініп тұрған бала өскенде қалай болмақ? Иә, қазір бәрі дамыған, бәрі қолжетімді. Мүмкін емес деген дүниенің бәрі мүмкін. Бірақ бала тәрбиесі, отбасы құндылығы секілді рухани тұсымыз әлсіреп барады. Оқиғадан түйгенім, баланың тілімен бірге әуелі әдеп, үлкенге құрмет, шындыққа бейіл қалыптасуы керек. «Үлкенге өтірік айтпа, сөзін бөлме, жалған күлкіге үйренбе» деген ұлағатты тәрбие дәл қазір өте қажет екенін ұқтым. «Балам әлі кішкентай, түсінбейді, шамалы өскен соң үйретемін» деу – тек өзімізді алдау. Тәрбие – тал бесіктен. Әйтпесе, бала ойында шын мен өтіріктің, әзіл мен құрметсіздіктің арасы бұлдырап кетеді. Бұл жалғыз менің емес көптеген ата-ананың кезігіп жатқан оқиғасы. Сондықтан ата-ана да, қоғам да балаға пранк пен тәрбие шекарасын нақты үйретуі керек. Әйтпесе, «әзіл» деп өскен ұрпақ ертең шындықты әзілдей қабылдамасына кім кепіл?
Пранк қайдан шықты?
«Prank» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «алдау», «күлкілі әрекет» деген мағына береді. Бұл – батыс елдерінен шыққан үрдіс. Алғашында достар арасында жеңіл-желпі әзіл ретінде пайда болғанымен, кейін бұл контент жаппай таралып, шоу деңгейіне жетті.
Қазақта пранк болған ба?
Қазақ әзілге бай, қалжыңды қалт жібермейтін халық. Бірақ біздің әзілдің түптамыры – салмақты, ойлы, әдепті қалжыңда жатыр. Мысалы, әзілқойлар ауыл арасында жөн сұрасып отырып қалжыңдасқан, үлкендердің рұқсатымен жеңгелерін жеңіл күлкіге тартқан, бірақ ешқашан ар-намысқа тимеген. Қазақы қалжың – адамды күлдіріп тұрып ойландыру, жеңіл түйреу арқылы тәрбиелеу. «Әзілді кім айтса да, шымбайға батпасын» дейтіні сондықтан. Қазіргі пранктардағыдай қорқыту, алдап камераға түсіру, қоғам ішінде ыңғайсыз жағдайға қалдыру қазақ болмысына жат. Бүгінгі пранктар мен шекара мәселесі Бүгінде пранктың көбі жалған жағдай ұйымдастырып, біреуді мазақ ету, қоғамдық орында ыңғайсыз жағдай туғызу секілді көріністерге ұласып барады. Әсіресе үлкен кісілерді алдау, оларды қорқытып, күлкіге айналдыру – ұлттық дәстүрге, адами әдепке қайшы. Үлкендерге жасалған пранк – өте сақтықты талап ететін нәрсе. Өйткені қария адамның көңілі нәзік, жүрегі сыр беруі мүмкін, өзін мазаққа ұшырады деп қабылдауы ықтимал. Қазақта үлкенге құрмет – жазылмаған заң. Егер пранк сол шекарадан асып, қарияны ұялтса, қорқытса немесе күлкіге айналдырса – бұл әзіл емес, әдепсіздік. Тіпті ренжіткеніңді байқамай қалсаң да, үлкен кісі оны жария етпей, іштей ауыр қабылдайды. Сол себепті үлкендерге пранк жасаудан бұрын, «осы әрекетім ата-анама жасалса, қалай болар еді?» деп ойланып алған дұрыс. Әзіл – тәрбиелі ортада ғана өз орнын табады. Құрметсіз күлкі – кейін өкінішке айналуы мүмкін. Пранк – әзілдің бір түрі. Бірақ ол – жауапкершілікпен жасалуы тиіс әрекет. Әр елдің, әр ұлттың мәдениеті мен тәрбие өлшемі бар. Біз әзілді де – қадірмен, әдеппен, оймен жасауды үйренуіміз керек. Пранк – күлкі үшін емес, парасатты қалжың үшін болғаны абзал. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Гүлхан ЯХИЯ

23 шілде 2025 ж. 46 0