Шиелі – талай талантты түлеткен құтты мекен
Шежірелі Шиелі өлкесі – талай таланттарды түлеткен құтты мекен. Әсіресе, қасиетті өлкеде туған өнер майталмандарының шоқтығы биік. Солардың бірі сатираның сұрмергені Мейірман Нүрекеев болатын. Тамашаның тарланы, әзілдің арланы арамызда болса осы жылы 77 жасқа толар еді. Дегенмен, біртуар азаматтың өнер оты өшпек емес. Оған бейсенбі күні өткен «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының дәстүрлі республикалық байқауы дәлел.
Мейірман Нүрекеев – өмірге еркелеп келіп, еркелеп кеткен нар тұлғалы азамат. Сатира саңлағы сол тазалығымен, аңғалдығымен, өмірге күліп қарайтын болмысымен ел жадында сақталды. Сондықтан оның күлкі керуені көзі қарақты көрерменмен бірге жасай бермек.
Тамаша тарланның есімін жаңғырту мақсатындағы байқаудың жыл өткен сайын ауқымы кеңейіп келеді. 2016 жылы алғаш рет ұйымдастырылған кезде облыстағы 8 әзіл-сықақ отауы сынға түскен болатын. Одан кейін байқау аймақтық деңгейге көтеріліп, өнер ұжымдарының қатары толыса түскен. Биыл байқауға Маңғыстаудан «Бозжыра», Ақтөбеден «Екі езу», «Өзім және өзімнің сөзім», Жамбылдан «Күлкі шаңырағы», Қызылордадан «Ошаған», Аралдан «Тамаша», Жаңақорғаннан «Жаңаша», «Күлеміз бе, қайтеміз?», ауданнан «Жадыра» құрамалары қатысып, өткір әзілдерін ортаға салды.
«Талантына сатираның серкелері таңдай қаққан Мейірман Нүрекеевтің шоқтығы қашанда биік. Көзі тірісінде шәкірт тәрбиелеумен қатар, әзіл арқылы қоғамдағы проблемаларды жеткізіп, ортаға ой сала білген. Осы республикалық байқау да Мейірман ағамыздың есімін ұлықтау, шығармаларын насихаттау мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз», – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының аға кеңесшісі Нұрсұлтан Сапарбаев.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жеңіл әзіл желеуреп тұр. Көрермен күлсе болды деп, бейәдеп көрініске баратындар табылады осы күні. Ал аталған байқау сол сүреңсіз көріністерден ада болуға, актерлер сахна мәдениетін меңгеруге меңзейді. Ең бастысы қазақ сатирасында сара жол қалдырған Мейірмандардың ізін өшірмеу мақсат. Мазмұнды кеште өнерпаздар әзіл ән айту, пародия секілді жанрлары бойынша сыңға түсті.
Тартысты өткен өнер бәсекесінде жүлделі ІІІ орынды Жамбыл облысы, Меркі ауданынан келген «Күлкі шаңырағы» сатира театрымен Қызылорда қаласының «Ошаған» әзіл-сықақ отауы еншіледі. Ал ІІ орын Ақтөбе қаласының «Өзім және өзімнің сөзім» театрына бұйырды. Жаңақорған ауданының «Күлеміз бе, қайтеміз?» әзіл-сықақ отауы І орынға лайық деп танылды. Бәсі жоғары бас жүлдені аудандағы «Жадыра» әзіл-сықақ отауы жеңіп алды. Осылайша, сатира саңлағы Мейірман Нүрекеевке арналған республикалық байқау өз мәресіне жетті.