Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықтың мейіріміне бөленген Мейірман

Халықтың мейіріміне бөленген Мейірман


Сәрсенбі күні Шиелі аудандық Мәдениет үйінде «Мінеки, Мейірманның ізбасарлары» атты әзіл-сықақ отауларының республикалық байқауы өтті. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы және Шиелі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі шараны жоғары деңгейде ұйымдастырды. Осымен бесінші мәрте республикалық деңгейде өткізілген айтулы шараға Қызылорда облысының аудандарынан өзге Жамбыл, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарынан өнер ұжымдары келіп, жерлесіміз, белгілі актер Мейірман Нұрекеев атындағы жүлдені сарапқа салды.
Тамашаның тарланы, сатираның саңлағы атанып, халқының мейіріміне бөленген Мейірман Нүрекеевтің 75 жылдық мерейтойына арналған «Мінекей, Мейірманның ізбасарлары» атты шара жылдағы дәстүрінен айныған жоқ. Қазақ елінің Тәуелсіздіне 30 жыл толуы, мерейлі тұлғаның 75 жылдығымен қатар келуі де жәй сәйкестік емес. Бұл қоғамдағы келеңсіздіктерді өткір әзілмен жеткізіп, күлкімен көп мәселені көтерген Мейірманның мерейі болса керек. 1972 жылы Арқалықтағы жаңа ашылған музыкалық драма театрында актерлық қызметін бастаған ол, қазақтың балалар және жасөспірімдер театрында, сонан соң М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры сахнасына көтеріліп, «Қазақфильм» киностудиясында негізгі рольдерді сомдап шыққан қайталанбас тұлға.
Қазақ өнерінің көгінде жанған жұлдыздың шырағы сөнбейді. Себебі, артында Мейірманның ізбасарлары бар. Өлмес, өшпес мұрасы қалды. Соны ұлықтау, сатира өнеріне деген оң көзқарасты қалыптастыру, әзіл-сықақ отауларының жұмысын дамытып, жас таланттардың қарым-қабілетін ашу мақсатында ұйымдастырылған шараның шымылдығын аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов ашып берді.
Сондай-ақ, өмірлік досы, ардагер С.Оразымбетов естеліктерімен бөлісті.
Халқына еркелеп келіп, еркелеп кеткен Мейірман Нүрекеевке арналған байқауда 12 әзіл-сықақ отауы бақ сынады. Үміткерлер сатиралық монолог, әзіл әндер, пародия жанрлары бойынша өнер көрсетті.Әділқазы мүшелері Мәдениет саласының ардагері Т.Бекарыстанов, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының әртісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» З.Төлепова, облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының басшысы Ғ.Жүнісова, ҚР Журналистер одағының мүшесі Ө.Исмаил, «Өскен өңір» газетінің бөлім меңгерушісі Г.Дүйсебай байқау барысында шығарманың көркемдік деңгейін, музыкамен көркемделуін, сахнада орындау шеберлігі мен мәдениетін назарға алды. Топ ішінен оза шыққан Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы, Жалпақтал ауылының әзіл-сықақ театры бас жүлдені қанжығаға байлады. Ал, І орын көршіміз Жаңақорған ауданынан келген «Күлеміз бе, қайтеміз?» атты әзіл-сықақ отауына бұйырды. Келесі орын Жамбыл облысы «Сарысу» халық театырының еншісінде. ІІІ орынды Ақтөбе қаласынан келген «Екі езу» сатира театры мен Арал ауданы «Тамаша» халықтық әзіл-сықақ отауы өзара бөліске салды. Сондай-ақ, Мейірман атындағы арнайы жүлде шиелілік «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауы мен тараздық «ТТТ» сатира театрына табысталды. Ал, қалған қатысушылар алғыс хатпен арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Г.Әбдіханиқызы
30 сәуір 2021 ж. 607 0