Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елге хабар таситын таратушы

Елге хабар таситын таратушы

Білесіз дүние жүзі толған халық,
Олардың арасында бар көп парық.
Алты айлық алыс сапар аралары,
Тұрады бір-бірінен хабар алып.
Шашатын сол хабарды газет-журнал,
Хал-жайын, шаруаларын түгел жазып, – деп Міржақып Дулатұлы жырлағандай, халыққа жаңалықтың жаршысы болатын газет-журнал тарату ісінде тынбай еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал, газет – халыққа білім таратады. Оны дайындау, жасау, өңдеу сынды жұмыстар тілшілер қауымына жүктелсе, дер кезінде оқырман қолына тиіп, өнімді ыстықтай жеткізе білу таратушы Ақылай Құрманбекова үшін де маңызды.1962 жылдың көктемінде өмір дидарына келген А.Әбдіғаппарқызы еңбек жолын 2002-2015 жылдар аралығында «Қазпоштада» газет таратушы болып қызмет жасаудан бастайды. Ал, 2016 жылы «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне енген тұста ұжымда газет тарату бөлімі ашылып, тынымсыз тіршілігі көзге іліне бермейтін, қызығы мен қиындығы қатар жүретін, ісі өзгеге үлгі боларлық, газет тарату ісіне алғашқы болып жұмысқа кіреді. Қалың бұқараның көңілін тауып, газетті уақытылы жеткізу таратушының негізгі міндеті. Өзіне артылған жүктемені жүз пайыз орындау үшін аптаның үш күнінде «Көкшоқы» елді-мекенінің көшелері мен мекемелерін аралап, түрлі кедергілерге де даяр жүреді. Кейде тұрғындардың үйде болмауы, қабаған иттің тап беруі, газет салатын жәшіктің жоқтығына қарамастан өз ісін тиянақты орындау секілді қасиеттері бүгінгі кейіпкеріміздің қайсар келбетін аша түсері анық.
«Қаламгерлер мен оқырмандар арасына көпір орнатып, редакция жұмысының жандануына сүбелі үлес қосатын әріптестеріміз яғни, таратушылардың еңбегін ел елеп, бұқара бағасын береді. А.Құрманбекова алғыс арқалап, ізгі тілектерді иеленіп жүрген, еңбекқор қызметкер» – дейді, аудандық «Өскен өңір» газеті тарату бөлімінің менеджері Қ.Исмаил.
Олай болса, еңбегі жанып, елге ырыс таси беруіне біз де тілекшіміз.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ.
09 қазан 2018 ж. 1 641 0