Тірлігі тындырымды таратушы
Қыстың соңғы сейсенбісі. Санаулы күндерден кейін келетін көктемнің лебі әлден сезіледі. Қыс бойы қар астында тұншыққан жер беті енді емін-еркін тыныс алуға көшкендей. Адамдар да баяғы күйден арылған. Көбісінің қабағы қыстың ызғарлы күніндегідей емес, ашылған. Тіпті жұмысына шат-шадыман күйде, жадырап, жанындағы серігімен әзілдесіп аяңдап барады.
Мен де дәл осындай күймен әдеттегідей қызметіме кірістім. Редакцияға кірген бойда наубайханадан жаңа шыққан нанның иісі секілді, баспаханадан таңертең ғана басылып шыққан газеттің иісі бұрқ ете қалды. Дем арасында бүгін газет таратылатын күн екені есіме түсті. Баспасөз бөлімінде мыңдаған басылым қаз-қатар тізіліп тұр. Тасымалдаушылар бірінен кейін бірі келіп, өздеріне тиесілі түптелген газетті алып, олар да күнделікті жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Әрқайсысы 20 келіге жуықтайтын газетті жинақтап, шамасы келгендер қолына көтеріп, әлі келмегендер арбаға салып алып кетуде. Міне, күнделікті газет таратушылардың күйбең тірлігі осылай басталады. Осынау көрініске көз тастап, кабинетке бет алғаным сол еді, жұмыс телефоны шыр ете қалды.
– Алло. «Өскен өңір» редакциясы.
– Саламатсың ба, айналайын!
– Саламатсыз ба, көке. Айта беріңіз.
– Мен Әбсаттар Бөлебай деген көкең боламын. Қанша уақыттан бері «Өскен өңір» газетінің тұрақты оқырманымын. Осы орайда сендерге, газет ұжымына, сондай-ақ тасымалдаушыларға алғыс айтайын деп едім. Бөгенбай батыр көшесінің тасымалдаушысы Қаракөз Мұсаханова өз жұмысын жауапкершілікпен атқарады. Оған көшедегі барлық тұрғындар риза. Тіпті оны басқа көшеге ауыстырмағанын қалайды. Сондай-ақ осы орайда Қ.Мұсаханованы алда келе жатқан 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен Бөгенбай батыр көшесінің тұрғындары құттықтайды, – деді көке алғаусыз алғыс айтып.
Әрине, жұмыс басталмас бұрын соғылған бұл телефон қоңырауы бізге ерекше шабыт сыйлады. Бір жағынан егде жастағы қарияның өзгелер байқай бермейтін қызмет иелеріне деген құрметі ерекше сүйсіндірді.
«Білесіз дүние жүзі толған халық,
Олардың арасында бар көп парық.
Алты айлық алыс сапар аралары,
Тұрады бір-бірінен хабар алып,
Шашатын сол хабарды газет-журнал,
Хал-жайын шаруалардың түгел жазып» деп Міржақып Дулатұлы жырлағандай дүбірге толы дүниедегі жаңалықтар басылым бетінен орын алады. Алайда, сол дайын болған газетті діттеген жеріне жеткізу әрбір тасымалдаушының жауапкершілігінде. Тасымалдаушы қызметін қазіргі күні қарыштап дамыған техниканың ешқайсысы алмастыра алмайды. Әрине, электронды пошта арқылы хат жазуға болатын шығар. Бірақ күн сайын үйді-үйге газет-журнал таратып, мазмұнды жаңалықты оқырманға жеткізуді ешқандай техника жүзеге асыра алмайды. Осыдан-ақ бұл саланың адамның маңдай тері мен еселі еңбегін қажет ететінін байқауға болады.
Бүгінде «Сыр медиа» ЖШС мекемесінен шығатын «Өскен өңір», «Сыр бойы», «Кызылорданские вести», «Ақмешіт апталығы» және «Ақмешіт жастары» газеттері күллі ауданға және 22 ауылдық округке өз таратушыларымыз арқылы жеткізіледі. Әр басылымды оқырманның үйіне дейін жеткізу қызметімен 32 тасымалдаушы айналысады. Бір тасымалдаушы күніне 1000 дана газетті арқалап, кеш қарайғанға дейін үйді-үйге таратады. Тарату барысында тасымалдаушы күннің ми қайнатар ыстығына да, қақаған ызғарына да, тіпті балтырына бауырласа жабысқан батпаққа да қарамайды. Себебі, сәт сайын оқырман газеттің уақытылы жеткенін күтіп отырады. Тағы бір ескеретіні, тасымалдаушылардың көбі көшені көлікпен емес, жаяу аралап өз жұмысын атқарады. Осыдан кейін қалайша тасымалдаушылардың жұмысы оңай дей аласыз?
Әлгінде телефонға қоңырау шалып, Қаракөз Мұсахановаға алғыс айтқан ақсақал еңбектің еш кетпейтінін білдірген сыңайлы. Себебі, талай жанның жүрек сыры жазылған хаты мен сағына күткен сәлемдемелері жұртшылыққа Қ.Жұмаханқызы арқылы жетеді. Ол тасымалдау қызметінде табан аудармастан 14 жыл еңбек еткен. Бір сүйсінерлігі, Қ.Мұсаханова жылжыған жылдардың еншісінде қызметінің көлеңкелі тұсын емес, күнгей жағын көріп әдеттенген. Сондықтан жұмыс бабында қабақ шытып, шаршауды өзіне жат көреді.
– Газет тасымалдаудың пайдалы тұстары баршылық. Мәселен, біз газет таратып жүргенде талай адаммен танысамыз. Көпшілікпен жақсы қарым-қатынас орната білеміз. Ал екінші жағынан бұл жұмыс денсаулыққа оң әсерін тигізеді. Талай жерді жаяу жүргендіктен әрқашан сергек әрі ширақ боламыз, – дейді тәжірибелі тасымалдаушы.
Қаракөз Мұсаханова – бүгінде бес баланың анасы. Ол үй мен түздің тірлігін қатар алып жүрген келіншек. Аптаның үш күнін сыртта өткізсе де, шаңырағындағы шаруаны естен шығарған емес. Күн райына және уақытқа бағынбайтын жұмысы отбасы ұйытқысы болуына еш кедергі келтірмейді. Керісінше балаларының кез келген істі тиянақты әрі абыройлы атқаруына үлгі көрсетіп келеді.
Тұңғыш Президенттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында адамды адам еткені еңбек екендігі айрықша айтылып, бар игіліктің бастамашысына баланады. Расында, халыққа нағыз насихатталуы керек тұлғалар елеусіз жүрген қарапайым жұмысшылар емес пе? Қолы кірлесе де, адалдықтың ақ туын кірлетпеген құрметке лайық тұлғаларды тануымыз тиіс. Ал сіз көшеңіздің тасымалдаушысын танисыз ба?
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ