Баспасөздің таралымына үлес қосты
Бұқаралық ақпарат құралдары – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Ақпарат айдынындағы кез келген басылым қоғам үшін еңбек етуі тиіс. Себебі, журналистика қоғаммен бірге өмір сүреді, қоғаммен бірге тыныстайды. Әсіресе, газет-журнал өзі өмір сүрген кезеңдегі оқиға, құбылыстарды өз оқырманына нақты, дәйекті жеткізеді. Өйткені, күні ертең ол мақалада келтірілген дерек – сол кездің тарихы. Осы үдеден шығу үшін Шиелі ауданының төл басылымы «Өскен өңір» газеті аудандағы айшықты жаңалықтарды халыққа жеткізуде үздіксіз жұмыс істеп келеді. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр секілді» деген мағыналы сөз айтқаны бекерден-бекер емес-ті. Бүгінде ауданның айнасына айналған төл басылымға жазылу мақсатында оқырмандар редакцияға жиі келеді. Тіпті туған-туыс, таныс жақындарын газет оқуға шақыратын көзі қарақты оқырмандар да баршылық. Аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Ербол Жеңсікбаев басшылық жасайтын «Магнит» ЖШС ұжымы – әрбір тұтынушыға «Өскен өңір» газетіне жазылу жүріп жатқандығын хабарлап, оқырман санын арттыруға өзіндік үлес қосып жүрген жанашыр дос. Халық пен билік арасындағы алтын көпірдің бір кірпішін қалауға ат салысу ойлы оқырманның жоғарғы мәдениетінің көрсеткіші десек те болғандай.
«Өскен өңір» ақпарат