Жазатын елдің қажетін, 80-ге келді газетің
Ақпарат құралдарының өкілдеріне деген бұқара халықтың сенімі жылдан-жылға арта түспесе, кеми қойған жоқ. Халық қоғамдағы күрмеуі қиын шетін мәселенің түйінін тарқату үшін кейде БАҚ-ның көмегіне жүгінгенді жөн көріп жатады. Бұл баспасөздің төртінші билік деңгейінен түспегендігінің дәлелі болса керек. Газет өзінің жаратылысынан шындықтың айнасы, адамгершілік пен ізгіліктің үлгісі болып табылады. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті де 80 жыл бойына Ахмет Байтұрсыновша айтсақ, «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» болып, аудан тарихымен бірге жасасып, халықтың мұң-мүддесін шешуге, тәрбиелі мәнімен, шығармашылық бағытымен үлес қосып келеді.
Ең алғашқы саны 1939 жылы 19 наурызда «Стахановшы» деген атпен жарық көрген Шиелі аудандық «Өскен өңір» қоғамдық-саяси газетіне биыл 80 жыл толып отыр. 1956 жылы «Коммунизм жолы», ал 1963 жылы «Өскен өңір» атымен шығып келген аудандық газетте киелі Шиелі өңіріндегі жетістіктер мен тарихи сәттер, кемшін тұстары мен келешегі жайында сан түрлі мақалалар жарық көрді. Дәуір айнасына айналған басылымның әр кезеңінде қаламы қарымды, ойы ұшқыр, сөзі өткір тілшілер қалам тартты. Бұл басылым аудандық, ауылдық кеңестердің рөлін көтерумен бірге бір шоғыр болашақ ақын-жазушыларды бесігінде тербетті. Олардың көпшілігі бүгінгі таңда республикалық ақпарат құралдарында абыроймен жемісті еңбек етіп, шығармашылық жолдарын жалғастырып келеді.
Шаң басқан архивті ақтарып, өткен күндерге көз жүгіртер болсақ, 1967 жылдың 4 мамыр күнгі №54 санында «Өткен жылы редакцияға барлығы 1459 хат түсті. Оның 1322-сі жарияланды. Сол күндері «Өскен өңірге» 62 тілші, 22 автор тұрақты жазып, газет жұмысына атсалысып тұрды» деген мағлұматты байқаймыз. Ал енді сараптап көрелік. Жылына 365 күн бар. Оның демалыс және мереке күндерін алып тастар болсақ, шамамен 300 күнде 1459 хат түскен. Ойлана беріңіз, күніне 5-6 хат келіп тұрады. Одан бөлек, 62 тілші мен 22 автор тұрақты түрде мақала жазып, жолдап отырған. Яғни газеттің жылдам, сол жылдардағы ақпараттарды толық қамтуға мүмкіндігі зор болған. Сонымен қатар халықтың газетке деген құрметі, белсенділігі, қоршаған ортамызда орын алып жатқан әрбір оқиғаға бей-жәй қарамайтынын да аңғаруға болады. Сонымен қатар «Өскен өңір» газетінің осыдан 50 жыл бұрынғы, яғни 1969 жылы жарық көрген сандарын ашып қарасаңыз ауданның айшықты істерімен қатар сыни мақалалар мен репортаждарды жиі кезіктіресіз.
Мәселен, С.Құрманаевтың «Балаң ойдың байламы» деген мақаласы жаңағы түскен хаттар төңірегінде өріледі. Мектеп оқушыларының ұстазына берген бағасы, жұмысы жайында жазған материалдарының орынсыз екенін, ұстазға баға беру оқушының ой-өресіне сай еместігін саналы оқырманға сыпайы түрде нақтылап жеткізеді. Сондай-ақ «Дабыл қағамыз, сергек қараңыз» айдарымен тұралап тұрған мәселелердің түйінін тарқатқан өткір мақалаларды аңғаруға болады. Халық пен билік арасындағы тығыз қарым-қатынас, ашық диалог сол кездің өзінде өте жақсы дамығандығын «Қаржы халық игілігіне жұмсалады» тақырыбындағы қаржы бөлімінің жыл бойына атқарар жұмысын жариялаған ақпараттан аңғаруға болады. Бұл бұқараның мемлекет қаржысының қайда қалай жұмсалатынынан хабардар болуымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге арналған таптырмас мүмкіндік сыңайлы.
Газет арқылы адам күн сайын басқа жандармен пікір алысады, өзін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап табады, әр нәрседен хабардар болып, өзіне бағалы деген дүниені тауып, белгілі қорытынды жасайды. Ал өскелең ұрпақ баспасөзден қызықты, пайдалы материалды күтеді. Жазылған мақалаларды ой елегінен өткізіп, жақсы адамның ісін өнеге тұтады. Демек газет адамды рухани байытады, өсуге, өнегелі болуға ұмтылдырады, биіктерге жетелейді. Өзінің 80 жылында «Өскен өңір» газеті ұлт ұясы атанған Шиелі өңірінің жылнамасын жасап, өзіндік бағыт-бағдары, бет-бейнесі бар басылым ретінде елге танылды. Өзге де басылымдар сияқты талай кезеңді бастан өткерді. Қай қоғамда болса да ол өз оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Аудандық газет жайлы айтқанда, оның серіктес, еншілес мекемесі – баспахана туралы еске алған ләзім. Оның өзі де бір дәстүр – тағылымы мол, редакциямен егіз ұжым. Бейнеті көп, алайда, абыройлы, осы салада баспахана ісін алғашқы ұйымдастырушы Болдыбек Төлешов болса, оны өркендетіп, ісін алға апарған Т.Жолтаев, Төлеш Ахметов, Тұрсынбай Ахметов, Нағима Бәйменова, Өміртай Қалиевтің еңбектерін атауға болады. Жеті қат жер астынан кен өндіріп, киелі Шиеліде мыңғыртып мал өсіріп, ақ маржанымен алашқа мақтан болған еңбек майталмандарын шабытқа толы шығармашылығына арқау еткен, іскер де қажырлы, даңқты аға ұрпақ дәстүрлерін жалғастырушы бүгінгі ұрпақтың шыңдалуы мен сомдалуына елеулі үлес қосып келген ел басылымының 80 жылдық шежіресі осындай.