Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек

Мемлекеттік қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көшудің қажеттілігін атап көрсетті. Кәсіби мемлекеттік аппарат мемлекеттік қызметшінің жоғары біліктілігіне негізделсе, халық үнін тыңдай білу лауазымды адамдардың өзі ісіне деген үлкен жауапкершілікті сезінуіне байланысты.
Президенттік жастар кадрлық резерв құрамымен кездескен ел Президенті Қ.Тоқаев Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген мазмұны терең сөзіне тоқталып, бұл сөздің қанша заман өтсе де өзектілігі жойылмай мәні арта түсетінін баса айтты. Расында, ұлтқа, елі мен жеріне қызмет ететін мемқызметшілердің жұмысы жеңіл деуге келмес. Ісі мен сөзі, тұрысы мен жүрісі тіпті мінезі халықтың сынынан өтетін мемлекеттік қызметкерлердің жаңа бас­тамалар мен тың идеялардың басы қасында жүретінін білеміз. Алайда қаншама игілікті іс жүзеге асқанымен толымсыз тірліктердің кейбірі барлығын жоққа шығарып жіберетіні бар. Сондайда ел алдында жүрген азаматтарымызды қолдап, қанаттандырудың орнына былапыт сөздер айтып қаралап тастайтын әдетімізді жасыра алмас­пыз. Елімізде күрмелген түйіткілді мәселелер жетерлік. Алайда оның бәрі әп-сәтте шешіле қалмасы анық. Сондықтан жауапкершіліктің жүгін мемқызметкерлердің мойнына арта салуға да болмайды. Мәселен, тазалыққа да, қоғамдық орындардағы сынған, жыртылған дүниеге де сол жандарды айыптап, әлеуметтік желіде қаралап жатамыз. Ал оған неліктен ел болып бірігіп, ортаға күш салып, сол мәселені бірлесіп шешуге шақырмаймыз?
Мемлекеттік қызметшілер – әділдік, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық және парасаттылық, белсенді өмірлік ұстаным сынды қасиеттерге ие болуы басты міндет. Сонымен қатар олардың негізгі миссиясы елге қызмет ету екенін жақсы білеміз. Жалпы мемлекеттік қызметші – халық пен билік арасын байланыс­тырушы буын. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына баға беретін – халық. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші ең әуелі халыққа қызмет ететінін ескеріп, екі жақты байланыстың нығаюына күш салуымыз қажет.

Салтанат Айымқұлова,
ардагер-ұстаз

22 қыркүйек 2020 ж. 1 632 0