Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметші – әлеуметтің айнасы

Мемлекеттік қызметші – әлеуметтің айнасы

Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетімен тікелей байланысты. Билік пен бұқараның арасындағы байланыс та тікелей мемқызметкерлермен астасып жатады. Тоқпағы көп қызметте сыр бермей жүрген нәзік болмысты мемқызметкердің бірі – Лира Әбілдаева. Шиелі кенті әкімі аппаратында абыройлы жұмыс атқарып жүрген Л.Тұрғанбайқызымен төл мерекесі қарсаңында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Сөзіміздің әлқиссасын еңбек жолыңыздан бастасақ? Елге қызмет ету жолындағы еңбек өтіліңіз қандай?
–Ең әуелі еңбек жолымды 1988 жылы Шиелі аудандық ауыл шаруашылық құрылыс мекемесінде сылақшы болып бастадым. Екі қолға бір күрек тауып, бойда күш-қуат барда жұмысты ауыр-жеңіл деп бөліп жармаймыз. 1 жылдан соң Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтының гидромелиорация мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1994 жылы тәмамдадым. Сол жылы Шалқия рудобасқармасында инженер-экономист қызметіне орналасып, 1 жылдан соң Шалқия су құбырлары пайдалану басқармасында құбыр бақылаушы, бас маман болып жұмыс істедім. Мемлекеттік қызметтің қыр-сырына қанығып, 2013 жылы Шиелі кенті әкімі аппаратының бөлім басшысы, бөлімше басшысы сынды құрылымдық өзгерістерге сай қызмет атқардым. 2017 жылдан бері әкімшілік жұмыс және бақылау бөлімінің басшысы қызметіндемін.

– Алаш арысы Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дейді. Яғни мемлекеттік қызметкердің әдебіне тоқталсақ...
– Қазіргі таңда еліміздің алдына қойған мақсаты – озық отыз елдің ортасынан өз орнын табу. Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы мақсатқа жету үшін халқымызды ортақ мүддеге жұмылдыратын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын ұсынған болатын. Бірінші 15-қадамы кәсіби, дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға арналған. Бұл дегеніміз – мемлекеттік қызметте адал, талантты, өз ісін жетік білетін азаматтардың қызмет етуі. Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән беріледі. Өйткені, мемқызметші әлеуметтің айнасы. Бізге жүгінген кез келген тұрғынның арыз-шағымын тыңдап, әдептілік сақтай отырып ахуалды дұрыс түсіндіре білу негізгі міндетіміз. Себебі, күнделікті жұмыс барысында тағдыр талайына түскен қаншама тағдырлармен бетпе-бет ұшырасып отырамыз.

– Сөзіңіз аузыңызда. Кәсіби мемлекеттік аппарат мемлекеттік қызметшінің жоғары біліктілігіне негізделсе, халық үнін тыңдай білу мемқызметшінің өз ісіне деген жауапкершілігін аңғартады. Алайда, әкімдіктің табалдырығын тоздырған халықты көріп, билік пен бұқара арасындағы кері байланыс әлсіреді ме деген ой туындап отыр...
– Мемлекет басшысы ашық диалог алаңын ұсынып, халықпен кері байланыс орнатуды жиі айтып келеді. Яғни ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда атқарылып жатқан жұмыстар аудан әкімдігінің фейзбук парақшасында жарияланып отырады. Ал әкімдікке көмек сұрап келетін тұрғындармен тиісті шаралар көріліп, мұқтаж жандардың қажетін өтеуге тырысып келеміз.

– Несін жасырамыз, мемлекеттік қызмет тіптен оңай дүние емес. Қоғамның оңалмай жатқан келбетіне мемқызметкерді кінәлау, «Өй, шенеунік қой» дей салу халықтық қолданыста жиі кездеседі. Неліктен?
– Расында, мемқызметкердің алдында бір ғана мәселе жатпайды. Жыл бойына атқарылар істің жоспары, шешімін тапқаны мен жоспарға ілінуге қажетті түйіткілдер қаншама? Өйткені, жалпы қоғамдағы адамдардың жеке басындағы мәселе олар айналысып жүрген жайттардан әлдеқайда көп. Шешіп үлгеру пропорциясына әлі жете алмай жүрміз. Он мәселе шешілсе, кезекте шешімін күткен он бесі «менмұндалайды». Сондықтан да «түн қата жүріп, түс қашқан» олардың қол жеткізген нәтижесі көбіне-көп көрінбей, сезілмей қалып жатады. Яғни, дұрыстың дұрыстығын, жақсының жақсылығын тоқи білетін де көңіл керек.

– Қызметіңіз отбасылық қиындықтарды тудырмады ма?
– Жоқ. «Әйел қырық шырақты» дейді емес пе? Үй мен түздің жұмысын қатар алып жүру оңай емес, әрине. Аллаға шүкір 2 баланың анасымын. Отбасындағы ауызбіршілікті сақтау да, жұмыстағы жауапкершілікті қатар алып жүру де өзіңе байланысты. Ал еңбекқор болып өсу отбасындағы тәрбиеден басталады деп білемін.

– Сұхбатыңызға рақмет. Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
23 маусым 2020 ж. 531 0