Ауыл әкімдерінің есебін қайдан оқимыз?
Зымыраған уақыт кімнің ырқына көнген дейсіз? Кеше ғана ауыл аралап, әкімдердің есебін тыңдап, жылдық жұмыс жоспарымен танысып, халықтың арыз-тілегіне құлақ асып, түйгенімізді қағазға түсірген едік, енді міне, оның өзіне бір жыл өте шығыпты.
Санаулы күндерден кейін аудан әкімі Ә.Оразбекұлы елді мекендерге барып, халыққа өткен жылы атқарылған жұмыстары жайлы есеп беру науқанын қайта бастайды. Аудан басшысымен қатар, ауыл әкімдері де тұрғындар алдында былтыр берген уәдесі мен бітірген шаруалары жайлы есеп береді. Жалпы осы есеп жұмысының ережесіне сәйкес, әкімдер баяндамаларын алдымен жазбаша түрде жергілікті басылым бетіне жариялауы керек. Бұл тұрғыдан өңір басшысы жолынан жаңылған емес. Елді мекендердегі әріптестеріне жөн сілтеп, кездесуден он күн бұрын ауданның бас басылымына мақаласын жариялап келеді. Ал ауыл әкімдері ше? Біздің білуімізше осымен төртінші жылға тақау уақыт болды, ауыл әкімдері бағыттарын басқа арнаға бұрып, баяндамаларын балама басылымға жариялайтынды шығарды. Бұған не себеп?! Аудандық бас газет тарифінің балама басылымдардан бағасының қымбат болғаны ма? Әлде әкімдер қаражатын үнемдеп қалғысы келгені ме?
Иә, қай әкім, қай газетке есебін жариялағысы келеді ол өз еркіндегі дүние. Демократиялы елде өмір сүріп жатып, әлдекімге, әлденені жүктеп, міндеттей алмаймыз. Дейтұрғанмен, мемлекеттен әкімдіктерге елдегі қоғамдық-саяси ахуал мен әлеуметтік-экономикалық теңдікті сақтау барысында атқарған іс-шара, жұмыстарын насихаттауға ақпараттандыруға арнайы қаржы бөлінетінін де ескергеніміз жөн секілді. Ал ауылда атқарылған жұмыстар легін жинақтап, он екі айды қорытындылаған ақпаратты алты мыңға жуық оқырманы бар басылымға жариялайтын болса, ауылдың тыныс-тіршілігіне көзі қарақты барлық оқырман қанық болмай ма? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Билік пен бұқараның арасында ашық диалог алаңы болу керек» демеп пе еді? Әрине, бұл сөзімізбен ауыл әкімдерінің барлығы жасырынып отыр, бұғып жатыр деуден аулақпыз. Бірақ Президент айтқан ашық сұхбат, еркін диалогты да көре алмай отырмыз. Өздері тұратын ауылдарды айтпағанның өзінде аудан орталығында отырып, басылым бетіне жарияланған есептерін оқи алмай отырмыз. Егер ауыл әкімдерінің есептері жергілікті ата басылым «Өскен өңір» газетіне жарияланса, аталған ақпараттарды өзі аттас сайтына да жүктеп, сол арқылы әлемнің кез келген түкпірінде жүрген жерлестеріміздің назарына ұсынар едік.
Түйін: Иә, бізді қынжылтып отырған дүние жеке бастың мәселесі емес. Керсінше әкімдердің сексен жылдық тарихы бар «Қара шаңырақтың» қадірін жете білмей, жалпы жұртқа таралымы бірнеше есе артық газет арқылы өздерінің істеген жұмыстарын жариялауды жөн көрмей отырғандығы болып отыр. Естеріңізде болса, Шәкен Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсірген Қыз Жібек фильмінде, Бекежан: «Жау келгенде төрде, жау кеткесін босағада қалатын қайран басым-ай!» – дейтін сөзі бар еді ғой. Сол сөзді біз де басымыздан кешіп отырғандаймыз.
Елдос ЖҮСІП