Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Уәделі уақыт жетті...

Уәделі уақыт жетті...

Жылдың басы аудан басшысынан бастап, кент және барлық ауыл әкімдерінің он екі айда атқарған жұмыстарын қорытындылап, есеп беруімен басталуы дәстүрге айналғалы қашан. Аудан әкімі мен сала басшылары жаңа жұмыс жылын өңірдегі әрбір елді мекенде болып, тұрғындармен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажына, ауылдың жай-күйіне, ішкі ахуалына қанық болумен бастайды. Биыл да 15 қаңтардан бастап есеп беру науқаны басталмақ. Ауыл басшылары өткен жылғы есебінде халыққа қандай уәде берді? Саралап көрмекке бекіндік.

Өткен жылғы аудан және ауыл әкімдерінің елді мекендердегі есеп беру жиынында Бестам, Телікөл, Жиделіарық ауылдарындағы ескі мәдениет ошақтарын жаңарту мәселесі көтерілген болатын. Сонымен қатар ауыл тұрғындары Бестамдағы емханаға қосымша құрылыс қажет десе, телікөлдіктер «Бурахан базы» алқабына аяқсу жеткізетін каналды қалпына келтіруді, ал Жиделіарық ауылының тұрғындары Еңбекші көпірінен ауылға дейінгі 4 мың метр жолды асфальттау мәселесін көтерген. Сол секілді Қоғалыдағы бас­ты мәселе ауыз судың толық шешілмегені, Бәйгеқұмдағы электр бағаналарын жаңартуды жалғастыру, электр маманы тапшылығы, Ханқожа көлі маңынан құтқару бекетін ашу секілді түйткілді мәселелер де назардан тыс қалмай, ауыл басшыларының алдағы атқаратын жоспарына айналған еді.
Бұдан бөлек нартайлық тұрғындар кезекті жиын барысында ауылдың теріскей тұсынан алдыңғы жылы берілген инфроқұрылымды аймаққа ел қоныстанып үлгергенімен, жарықтың жүргізілмегенін айтып шағымданған болатын. Ауыл ішіндегі жарықтың да көңіл көншітпейтіні тұрғындарды мезі қылған, сол секілді пошта қызметіндегі олқылықтар да жиында айтылып, тез арада шешуді сұраған еді. Халықтың уәжі қаншалықты орындалғанын ауыл әкімінің келесі есеп беру жиынынан білетін боламыз.
Еңбекшілік ағайын да өткен жылғы есеп беру жиынында біраз түйіткілдің шешілетінін естіп бір марқайып қалды. Мәселен, ауыл әкімі ағымдағы жылы Б.Оразов көшесі бойынан аллея салу, инвестор көмегімен ауыл сыртынан 5 гектар жерге алма бағын егу, І.Алтайбаев көшесін күрделі жөндеуден өткізу, ауылға қосымша екі электр трансформаторын орналастыру секілді бірқатар мәселелерді шешумен айналысатынын айтып, ел алдында ­жоспарымен бөліскен.
Сұлутөбедегі жиында ардагерлер ескі мектепті жөндеуден өткізіп, әуез мектебін ашып берсе деген тілегін жеткізген еді. Сондай-ақ Жаназар батыр ауылының тұрғындары елді мекеннің аты өзгергендіктен құжат дайындау барысында мәселе туындап жатқанын айтып шағымданған болатын. 1 мамыр мен Жаназар батыр ауылдарына жақын арада ауыз су кіретінін естіген жұртшылық бір қуанып қалған. Тұрғындардың өтініш-тілектері қаншалықты орындалды?
Өткен жылы ауыз су мәселесі ақтоғандықтарды да айналып өткен жоқ. Ауылға қарасты небәрі 200 үйдің 30-ына су кірмеген. Айқыш-ұйқыш жолдар да кезек күттірмейтін мәселе болған-ды. Ауыл әкімі есеп беру барысында жаңа типтік емхана мен жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз етуді қолға аламын деген уәдесін берген еді көпшілік алдында. Сол секілді Ортақшыл ауылының басшысы тұрғындарға жабық спорт кешенін, балалар ойын-сауық алаңы мен демалыс саябағын салуға ықпал жасауды жоспарлап отырғанын жеткізген болатын.
Ал Майлытоғай ауылына кіретін 4 км тас жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жасау, «Бозарық» каналын қаздыру арқылы егін және мал шаруашылығын дамытуға жағдай жасау, клуб ғимаратын жаңадан салу, қатты қалдықтар тастайтын және мал өлекселерін залалсыздандыратын орындар салу жұмыстарына жыл бойы білек сыбана кірісетінін айтқан еді ауыл басшысы.
Кентте де біраз мәселе көтеріп, шешуді талап еткен тұрғындар аз болмады. Мәселен, жөндеусіз жатқан көшелер, істен шыққан трансформатор, тротуар, тазалық жайлы кент азаматтары бірінен соң бірі айтып, жақын жуық арада шешіп беруін кент әкімінен талап еткен еді.
Бір жыл бойы жоғарыда аталған халықтың өтініш-тілектері мен басшылардың уәделері қаншалықты орындалды? Әлде айтылған нәрсе сол күйі жылы жабылып қойды ма? Оны алдағы онкүндікте ауыл-ауылда өтетін әкім есептерінен кейін білетін боламыз.

Гүлхан ЯХИЯ


14 қаңтар 2020 ж. 446 0