Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » КЕЗДЕСУ. МӘСЕЛЕ. ШЕШІМ

КЕЗДЕСУ. МӘСЕЛЕ. ШЕШІМ

Соңғы уақытта әкім есебінің бітімі бұрынғыдан өзгерек. Яғни, осы кезге дейін мінберде тұрып есеп беретін әкімдер енді жаңа форматқа сай, халыққа бір табан жақын екендіктерін сезінгеннен бе, әйтеуір жұртшылықтың қақ ортасында. Слайд арқылы атқарылған жұмыстың нақты дәйек-дерегін көрсетіп жүргендіктерін және қосу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жергілікті билік – халыққа барынша жақын болу керек» деген пәрменін орындаған әкімдік қызметкерлері халық үніне құлақ түруде.
Хош. Осыдан 3 ай бұрын аудан әкімі Нұржан Ахатов кент және ауыл тұрғындарымен кездесіп, есеп берген болатын. Есептік кездесуде біршама тұрғынның мұң-мұқтажы тыңдалды, ескерілді. Сонымен 3 айға жуық уақытта нендей дүниелер жасалды? Көтерілген мәселелер шешімін тапты ма?
Бейсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатов белгіленген уақытта Сұлутөбе ауылдық округінің мәдениет үйінде ІV тоқсандағы халықпен кездесу есебін бастады. Кездесу барысында әкім ­аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды және алдағы жоспарларды жеткізді. Содан кейін дәстүрге сай сұрақ-жауап кезеңіне өтті. Сұрақтардың ауаны да айқын. Олар: ескі мектеп мәселесі, ­ауылдарды мейлінше абаттандыру, ұры-қарыларға тосқауыл қою, тозығы жеткен трансформаторлар...
Сонымен Сұлутөбедегі 24 көшенің 12-сі асфальтталған. 7 көшеге жарық жүргізілген. Бірақ ауыл тұрғындарын толғандыратын мәселе де жоқ емес. Кездесуде Жаназар батыр ауылының тұрғыны Жолдасбек Ембергенов біраз мәселелені көтерді. Ауылдағы ескі мектеп жөнделсе, спорт мектебінің филиалы ашылса деген арман-тілегін жеткізді. Ал Сұлутөбе ауылына қарасты Бірінші май ауылына абаттандыру, тал егу жұмыстары жүргізіліп, қоршалса деген ұсыныс та айтылды. Ауылда мал ұрлығына тосқауыл болмай тұрғандығын жасыруға келмес. Қала берді жауын жауса, жарық өшетіні тағы бар. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.
Кездесу белгіленген кестеге сай Майлытоғай ауылдық округінде өтті. Ауыл тұрғындары аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды тыңдап, алдағы жоспарлардан хабардар болды. Мұнда тұрғындардың отынның ортасында отырғандығы, үйінен шыға қалса сексеуілге соқтығысатыны сөз етілді. Алайда сексеуіл Қызыл кітапқа енгендіктен оны кесуге болмайды. Ал рұқсатсыз кескен немесе сатқан адам айыппұл арқалайды. Отын мәселесін көтерген ауыл тұрғындарына аудан басшысы Н.Ахатов «Шиелі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ мамандарымен келісіп, сынған, қураған сексеуілді пайдалануға рұқсат берілетіндігін жеткізді.
Жергілікті тұрғындар көтерген мәселенің орынды екенін ескерген аудан басшысы алдағы уақытта бір шешімін табатындығын жеткізді.
Аудан әкімі Н.Ахатов түс ауа Тартоғай мен Тұрсынбай датқа елді мекеніне қарай бет алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп тапсырған болатын. Соған орай аудан әкімі жоғарыда аты аталған елді мекендерде болып, тұрғындармен тілдесті. Халықтың талап тілектерін тыңдады. Нұржан Сәбитұлы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, жоспарлармен бөлісті. Тұрғындар сауалына жауап берді.

Байсындағы байыпты бастама
Әкімнің жұма күнгі кездесуі Жаңатұрмыс ауылдық округінен ­басталды. Осы кезге дейін аталған ­ауылда көшелерге жөндеу жұмыстары, балалар ойын алаңы, жаңа мектеп салу сынды мәселелер тұрғындар тарапынан айтылған болатын. Нәтижесінде ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын А.Қазыбаев пен Т.Нәлібаев көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 21,0 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары қараша айында толық аяқталады. Сонымен қатар ауылда балалар спорт ойын алаңын «Авангард ППС» ЖШС салуда. Көлемі 900 шаршы метрді құрайды. Рас, Жаңатұрмыстағы мектептің тозығы жеткен. Себебі ол 1965 жылы салынған. 100 орындық мектепте бүгінгі таңда 226 бала білім алуда. Мектепте спорт зал, асхана, акт зал атымен жоқ. Бір сөзбен айтқанда мектеп санитарлық нормаға сәйкес келмейді. Соған байланысты елді мекеннен 250 орындық №207 мектептің құрылысына 762 млн теңге қаржы қаралды. Осы жылы оның 180 млн теңгесі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталыпты. Сонымен қатар ауылдағы медициналық пунктке дәрігер бөлу штаты шешіліп, арнайы білікті санаттағы дәрігер жұмыс істеуде.
Ал бүгінгі күні мұндағы негізгі мәселе – жер. ­Аудан басшысы жер заңнамасы аясында бұл мәселе шешіліп, Президент тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан жерді ауыл тұрғындарының пайдалануына беру үшін мемлекет меншігіне алынатынын жеткізді. «Естеріңізде болса, 3 ай бұрын біршама мәселе көтерілген болатын. Олардың барлығы дерлік бірізділікпен шешімін тауып жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлердің басымдығы негізге алына отырып, жыл басынан бері 15 тұлғадан жалпы көлемі 7520 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. ­Ауданда Еңбекші, Жаңатұрмыс, Ақтоған ауылдық округтерінде егістік және жайылымдық жер мәселелері бар. Туындаған мәселелерге қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда Еңбекші ауылдық округіндегі орналасқан көлемі 500 гектар жайылымдық жер учаскесі жыл соңына дейін елді мекеннің жайылымына қайтарылатын болады» деді аудан әкімі.

Жақаевтың ауылында жарық мәселесі көтерілді
Белгіленген кезекті кездесу Ы.Жақаев ауылында жалғасты. Алмалы, Еңбекші, Ә.Тәжібаев, Ақмая, Ы.Жақаев, Бала би, Байсын ауылдарында және Шиелі кентіндегі барлығы 36,2 шақырым көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 629,6 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда деп алдымен әкім атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Ауыл тұрғындары әлгі есептік кездесуде ыза суды кетіру үшін Жансейт елді мекенінің жанынан өтетін қашыртқыны қазу мәселесін көтерген болатын. Тиісінше бұл мәселе «Қазсушар» шаруашылық жүргізу кәсіпорнының қарауына ұсынылған. Соттың шешімі нақты теңгерімге алынған. Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарамасына өткізіліп, тиісті құжаттарды рәсімдеу жыл соңына дейін сұралмақ. Сонымен қатар ауылдағы тозығы жеткен трансформатор мәселесі де оң шешімін тапқан. Яғни, ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен 3,5 млн теңге жаңа трансформатор сатып алу конкурсынан жеңімпаз атанып, қараша айында орнату жоспарланып отыр. Кезекті кездесуде ауылдағы қалың қамыстың арасында сақшы жүргенін айтқан тұрғындар жергілікті учаскелік полицияның 2 жыл көліксіз жүргендігін жеткізді. Сәйкесінше әкім желтоқсан айында автокөлік берілетініне сендірді. Ауыл ардагерінің сөзінше, ауылдың бүгінгі күйі жақсы. Тек күзде мал ұрлығы көбейеді. Соған тосқауыл қойса екен деген ұсынысын білдірді.

Талабы таудай бәйтеректіктер
Жалпы құны 498,5 млн теңгені құрайтын Бидайкөл және Әбділдә Тәжібаев елді мекендеріне кіре-беріс көпірлерінің құрылыс-жұмыстары жүргізілуде. Көп ұзамай ел игілігіне берілмек. Аудан әкімі Н.Ахатов Бидайкөл ауылының тұрғындарымен кездесуінде осылай деді. Бәйтерек ауылдық округіндегі М.Шоқай көшесіне 300 метр жаяу жүргіншілер жолын орнату мәселесі қаралып жатыр. Нақтырақ айтқанда, аудандық экономикалық, бюджеттік жоспарлау бөліміне 5,5 млн теңгеге жоба сметалық құжаттары өткізіліпті. Л-1 каналына темір бұғат (шлюз) орнату мәселесі әлі де қаралу үстінде. Сондай-ақ Бидайкөл мен Бала би ауылының көшелерін жарықтандыру, жолдарын жөндеу келесі жылдан бастап қолға алынбақ. Тұрғындар тарапынан ауылға 4 трансформатор керек екендігі айтылды. Мұнымен қоса Бидайкөл ауылының тұрғыны М.Салқынбаев Бірлік көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен қатар Р.Айымбетов ауылдағы Нұрсейітов пен Абай көшесіне жол жүргізу керектігін сөз етті. Кездесу соңында аудан әкімі Нұржан Ахатов әрбір тұрғынның талап-тілектері ескерілетінін, шешімін таппаған мәселелер қаражатқа байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынына уәде берді.

Көшеге жол салынса...
Қарғалы – шоқтығы биік, түтіні түзу шыққан ауылдардың бірі. Аудан әкімінің жұма күнгі соңғы кездесуі осы ауылда өтті. Елді мекен тұрғындары аяқ су жеткізетін «Қорасан 1» мекемесі Күркіреуік каналының ескі арнасын бітеу керек екендігін айтқан еді. Қазіргі таңда 1450 метрге қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Азық-түлік бағасының, әсіресе ұн бағасы қалтаға қонымсыз екендігін тұрғындар тілге тиек етті. Аудан басшысы бұл мәселе бойынша қайта қарау жұмыстарын жүргізіп, ауылға жәрмеңке жасап, төменгі бағада азық-түлік өнімдерін жіберетінін жеткізді» деп жазған болатынбыз басылымның №67 санында. Соған сәйкес ауылды әлеуметтік азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында жеңілдетілген бағамен 20 қап ұн ауыл халқына ұсынылды. Алдағы уақытта өзге де азық-түлік өнімдерін жеткізу бағытында кәсіпкерлермен келіссөз жүргізілуде. Сонымен қатар 2023 жылы жаңа амбулатория бой көтермек. Ал кешегі кездесуде қарғалылықтар 6 көшеге жол салуды сұрады.
Кездесу соңында барша ауыл ақсақалдары аудан әкімінің жұмысына толайым сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
31 қазан 2022 ж. 821 0