ӨНЕР ӨРГЕ, ЕҢБЕК ТӨРГЕ ШЫҚҚАН КҮН

Бұл байқаудың басты мақсаты – ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, тұрғындардың белсенділігін ынталандыру, бірлік пен ынтымақты нығайту. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлін дәріптеу де басты назарда. Байқау барысында елді мекендерде абаттандыру жұмыстары, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері, мәденикөпшілік іс-шаралар кеңінен ұйымдастырылуда. Сол күндердің бірі – Иіркөл және Алмалы ауылдары үшін шынайы мерекеге айналды. Аталған ауылдардың өнер ұжымдары «Руханият» орталығының алаңында арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке рухани серпіліс сыйлады. Ұлттық өнер мен патриоттық рухты ұлықтаған әндер мен қойылымдар ауыл тұрғындарының зор ықыласына бөленді. Шараның ашқан аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов пен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Найла Палымбет тұрғындарға сәттілік тілеп, жылы лебіздерін арнады. – Осындай игі бастамалар ауыл өміріне тың серпін береді. Ауыл – елдің алтын діңгегі. Ал еңбек пен бірлікті насихаттайтын шаралар – келешекке үлгі, – деп атап өтті Б.Ысмағұлов. «Ауыл күндері» байқауы – елдің еңсесін тіктеп, еңбекке деген құрметті арттырып, ауылда да өмір сапасын жақсартуға бағытталған кешенді бастама ретінде халық көңілінен шығуда. Өнер өрге, еңбек төрге шыққан бұл күн – ауыл болашағының айғағы.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ