ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ!
«Әкім бол, халқыңа жақын бол!». Мемлекет басшысының әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы осыған саяды. Президент пәрменімен барлық деңгейдегі әкімдер халықпен жүйелі байланысты жолға қойып, елдімекендерді аралап, жылына екі рет кездесу ұйымдастыруда. Осылайша, жергілікті билік өкілі тұрғындардың әрбір уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселелерді шешуге жұмыла жұмыс істеуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, бейсенбі күні аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің кезекті халықпен жүздесуі Жаңатұрмыс ауылдық округінен басталды. Келелі кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев және барлық сала басшылары қатысты. Ең әуелі биылғы Шиелі ауданының жеткен жетістіктері мен егін науқанына атсалысқан еңбек адамдарының адал бейнеттеніп, егіс даласында төккен маңдай терінің арқасында облыста үздік аудан атануымен құттықтады. Сонымен қатар, жыл көлемінде облыс, ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы атқарар ауқымды жоспарымен бөлісті. Бүгінде аудан бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру – 134,7, өңдеу өнеркәсібі – 155,2, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 106,8, инвестициялар тарту – 143,5, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі -102,2, құрылыс жұмыстарының көлемі – 112,4 және бөлшек сауда көлемі – 105,7 пайызға артқан. Сондай-ақ аудандық бюджеттің кірістері 2024 жылға несиелерді қоса есептегенде 14 млрд 977 млн теңгеге бекітілсе, осы жылдың бүгінгі күнгі жағдайы бойынша түзетілген бюджет несиелерді және бюджет қаражатының бос қалдықтарын қоса есептегенде 17 млрд 51 млн теңгеге нақтыланып 13,8 пайызға өсім алған. – Президент «Мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту. Әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет» деп нақты атап өткен болатын.
Инфрақұрылымды дамыту – ел дамуының қайнар көзі. Сондықтан, алдағы уақытта бұл жұмыстарды әрі қарай қарқынды жүргізу үшін нақты жоспарлар әзірледік. Бұл бөлінген ауқымды қаражат ең алдымен хылықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмысын жақсартуға бағытталады, – деді аудан әкімі. Өңірімізде соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүргізіліп, әлеуметтік-экономикалық дамуына «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» сияқты жобалар құрылыс саласына тың серпіліс беруде. – «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Республикалық бюджеттен жобалық құны 363,2 млн теңгені құрайтын Шиелі кентінде салынатын спорт комплексінің құрылысын бастауға 50,0 млн теңге, жобалық құны 460,6 млн теңгені құрайтын Бестам ауылында 150 орындық клубтың құрылысына 50,0 млн теңге бөлініп, бүгінде жұмыстар қарқынды бастау алды. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға арналған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл ерекше санаттағы азаматтарға аудан бойынша 123 тұрғын үй салынып, жыл соңына дейін табыстайтын боламыз, – деді аудан әкімі. Жаңатұрмыстағы жиын соңында, аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған ауыл тұрғындары оң бағасын беріп, көкейде жүрген ұсыныс-пікірлерін жолдады. Ауыл белсендісі елді-мекенде орналасқан Жастар саябағының атын «Байсын» деп өзгертуді және оны ауыл халқы бір ауыздан қолдайтынын жеткізді. Ауыл ішінің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының дұрыс әрі сапалы жүргізіліп отырғанына куә болған аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы ауыл әкімі Балдаурен Шәкіртаевқа ел алдында алғыс білдірді. Расында, алақандай ғана ауылдың жыл бойында атқарған жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Алға қойған мақсаттары мен бағыты да анық. Бастысы, ауыл азаматының әкім болып сайлануы оның туған ауылына шын жанашыр болып қызмет етуіне жол ашқан секілді. Ендеше, Байсын ауылының өркендеп, өсуіне біз де шын тілектес болмақпыз.
ИІРКӨЛДІКТЕРДІ АЛАҢДАТҚАН ИЕСІЗ ИТТЕР
Аудан әкімінің келесі бағыты Иіркөл ауылдық округі болды. Дала академигінің табаны тиген бұл ауылда жыл сайын оң өзгеріс бар. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков алдымен елді-мекендегі мемлекеттік мекемелердің жылу маусымына дайындығын тексеріп, нақты тапсырмалар берді. Осыған дейінгі жиындарда сағаттап берілетін ауызсу мәселесін көтеретін ауыл тұрғындарының бүгінде талабы орындалып, сапалы ауызсуды ешқандай кедергісіз қажетіне жаратып отыр. Ауыл тұрғындарымен өткен келелі кездесуде аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы өңірдегі атқарылған ауқымды жобалармен бөлісіп, осынау игі жұмыстарды әрі қарай бірлесе атқаруға шақырды. Сонымен қатар, ауыл әкіміне ауылішілік тазалық жұмыстарын жандандыруды, көше бойындағы қатты қалдықтарды уақытылы қоқыс полигонына тасымалдап отыруды қатаң тапсырды. Аудан әкімімен жүздескен ауыл тұрғындары Қоңыратпаев көшесінің түнгі жарық шамдарының толық жануын сұрап, түскі ауысымдағы балаларының қауіпсіздігіне алаңдаушылықтарының бар екенін жасырмады. Сондай-ақ тұрғындар көшедегі иесіз, бос жүрген иттерді аулау керек екенін ұсынды. Осы көтерілген мәселелер бойынша тиісті сала мамандарына тез арада қолға алып, мәселені шешуді тапсырды.
ЕМХАНА ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛМЕК
Әрі қарай аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың халықпен кездесуі Ортақшыл ауылдық округінде жалғасын тапты. Бұл ауылға табан тіреген аудан әкімі әуелі елді-мекеннен бой көтеріп жатқан емхананың құрылыс барысымен танысты. Емхананың өте жақсы жерде орналасқанын тілге тиек еткен аудан басшысы ғимараттың алдын абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Айта кетейік, елдімекенде бой көтеріп жатқан емхана құрылысы желтоқсан айында аяқталып, ел игілігіне берілетін болады. Кездесу барысында аудан әкімі ауыл тұрғындарына өңірде 10 ай көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, халықпен еркін пікірлесті. Қойған сұрақтарына мардымды жауап алған тұрғындар ақ батасын беріп, ауданның дамуы жолында жұмыла жұмыс істеуге әркез дайын екендіктерін жеткізді.
ЖӨЛЕКТЕГІ ЖҮЗДЕСУ
Жөлек ауылындағы аудан әкімінің халықпен жүздесуі ауылдық мәдениет үйінде өтті. Бұқара бас қосқан жиында аудан әкімі А.Насриддинұлы ауыл әкімінің іскерлігіне оң баға берді. Ауданда атқарылған жұмыстардың барысын баяндаған аудан басшысы халық үніне құлақ түрді. Тұрғындардың алғашқы талабы – ауыл шетінде орналасқан қатты қалдықтар тастайтын полигонды қоршау болды. Себебі, ауыл тұрғындары тастаған қоқыстар қайта ауыл ішіне қарай ұшып, тұрғындарды әбігерге салуда. Одан кейінгі көтерілген мәселе көктем және күз айларындағы кенемен күресті күшейту төңірегінде өрбіді. Осы ұсыныстарды ескерген аудан басшысы тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеп, нәтиже шығаруды тапсырды. Ауыл тұрғындары шаруашылықта үлесі бар жерлердің дұрыс игерілмей жатқандығын сөз етіп, алдағы уақытта жүйеге келтіруін сұрады. Бұл мәселе бойынша ауыл шаруашылық бөлімінің басшысына тексеру жұмыстарын жүргізу керектігін ескертті.
ҚОС АУЫЛДАҒЫ БАС ҚОСУ
Аудан басшысы бүгінде ел Президентінің, Үкіметтің Сыр өңіріне деген жан-жақты қолдауымен аймақта ауқымды жобалар кезең-кезеңімен оң шешімін тауып келе жатқанын Талаптан мен Бәйгеқұм ауылдық округі тұрғындарымен кездесу барысында кеңінен тоқталып өтті. Биыл аудан және барлық ауылдық округтерде жедел жәрдем көлігінің 100 пайызға шешілгенін, қазіргі таңда ел игілігіне жарап тұрғанын жеткізді. Сонымен қатар, өңірдегі жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелерінің қолдауымен Оқшы Ата кесенесі жанынан 2 га жер дайындалып, 5000 мыңнан аса көшет ағаштары егілгенін айрықша атап өтті. Осынау иігілікті бастамаларға қолдау көрсетіп, тілектес болып отырған ауыл тұрғындарына алғысын айтты. Кездесу барысында Бала би ауылының тұрғындары тарапынан көмір сапасының нашар екені айтылды. Бұл тұрғыда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті мамандардың бұл істі бақылауға алатынын айтты. Сондай-ақ көтерілген тағы бір мәселе, ауылдық округтегі учаськелік полицияның жоқтығы. Бұл сұраққа сала мамандары ауданда кадрдың тапшы екенін айтып, дегенмен жуық арада оң шешімін табатыны туралы мәлімдеді. Аудан әкімінің жұма күні жоспарлаған соңғы аялдамасы Бәйгеқұм ауылдық округі. Ең алдымен Айтбай Жандарбеков елдімекендегі мемлекеттік мекемелерді аралап, ауылдағы абаттандыру жұмыстарына оң бағасын берді. Есептік жиында аудан әкімінің баяндамасын бір деммен тыңдаған тұрғындар, өздерінің сауалдарында жолдады. Ауыл ардагері елдімекеннен дәріхана, тіс емханасын ашуды және спорт кешені қажет екенін ұсынды. Аудан басшысы айтылған талап-тілектердің барлығы арнайы хаттамаға түсіріліп, тиісті зерттеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.
М.ИБРАГИМОВ,
Б.БӘЙІМБЕТ