Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЕЛ ТІЛЕГІ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Мемлекет басшысыныңәкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы осыған саяды. Президент пәрменімен барлық деңгейдегі әкімдер халықпен жүйелі байланысты жолға қойып, әр тоқсан сайын кездесу ұйымдастыруда. Осылайша, әкім қаралар тұрғындардың әрбір уәжіне құлақ түріп, жергілікті жердегі мәселеге тереңнен үңілуде. Бір сөзбен айтқанда, билік пен халық арасындағы алшақтық азайып, тұрғындар әкімдіктің алдында ұзын-сонар кезекте тұрмайтын болды.

ЖАҚАЕВТЫҢ АУЫЛЫНДА АУЫЗСУ ТАПШЫ
Дүйсенбі күні аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы ел алдындағы есебін Иіркөл ауылдық округінен бастады. Жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың жай-жапсарын баяндап, ауыл халқының айтар уәжіне құлақ түрді. Дала академигінің табаны тиген ауылда ауызсу мәселесі қиындық тудыруда. Сағаттап берілетін тіршілік көзі тіршілік ету үшін тапшы болып тұр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ауызсу мәселесін толық шешу – ең бірінші міндетіміз. Бұл бағыттағы жобалар сапалы, жұмыстар тиянақты болуы тиіс. Жол карталары мен жоспарлар нақтыланып, елді мекендерді 100 пайыз ауызсумен қамту жұмысы жүйелі жүргізілуі керек» деген тапсырмасы еске сап ете қалды. Таңертең, түсте ауызсу іздеп «аһ» ұратын ауыл халқының бұл мәселесін түртіп алған аудан әкімі Н.Ахатов жақсы жаңалықтың шетін
шығарды.
– Шиелі ауданы бойынша сапалы ауызсумен 39 елді мекеннің 95 пайызы қамтамасыз етілген. Қызылқайың, Қосүйеңкі елді мекендерінде ауызсу жүйесінің құрылысына 446,7 млн теңге қаржы бөлініп, пайдалануға берілді. Жуантөбе елді мекеніне су тұщытқыш (блок-модуль) орнатуға қажетті 17,2 млн теңге бөлініп, іске қосылды. Биыл ауызсудың екінші желісі іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Сол іске қосылған кезде су үздіксіз берілетін болады, – деді.
Жақаевтағылардың жанына батқан тағы бір мәселе – стадион алаңқайының жылдан-жылға кішірейіп бара жатқаны. «Айналасынан түрлі құрылыс түсіп, стадионның аймағы тарылуда. Бұрын орталықта кішкене алаң бар еді, оны да саяжай етіп жіберді. Енді қалайда стадионды сақтап қалғымыз келеді» десті тұрғындар. Сондай-ақ ауылдың түстігінен өтетін қашыртқыны тазарту жұмыстарын сөз етті. Көтерілген
түйткілдердің түйінін тарқату үшін аудан әкімі Н.Сәбитұлы сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

ЖАҢАТҰРМЫСТА ЖАН БАСЫ 1700-ГЕ ЖЕТСЕ...
Келесі бағыт – Жаңатұрмыс ауылдық округі. Мұндағы мәселе – ауылдық клуб үйінің ахуалы. Клуб үйінің өжіресі суға толып тұр. Ыза су ғимараттың іргетасына зиянын тигізуде. Ал ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункт тар. Жанынан қосалқы құрылыс салынса деген өтініштер айтылды. Айтылған уәжге бас дәрігер А.Әбілпатта «ауылдық ФАП 2009 жылы салынған. Оның көлемін ұлғайтып амбулаториялық ғимарат құрылысын жүргізу үшін халық саны 1800-ге жетуі керек» деп жауап қатты.
– Ауданда денсаулық саласында елеулі өзгерістер бар. 1 млрд 285 млн теңгеге Бала би, Досбол датқа, Бұланбай бауы елді мекендеріндегі медициналық амбулаториялардың нысандары халық игілігіне пайдалануға берілді.
Облыс көлемінде 11 дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу жоспарланса, соның 5-еуі Шиелі ауданында бой көтермек. Атап айтар болсақ, Алмалы, Тәжібаев, Ортақшыл, Тартоғай, Бестам елді мекені. Қазір ФАП жобасында тұр. Егер халық саны 1700-ге жетсе ауылға амбулатория, жеке дәрігер, жедел жәрдем көлігі берілетін болады. Оған дейін бар ғимаратты лаждай тұрыңыздар, – деп түсіндірді аудан
басшысы.
Жаңатұрмыстықтар жаздың жақындап келе жатқанын тілге тек етіп, ауыл шаруашылық өнімдерін сату орны екі жерде ыңғайсыз орналасқанын да айтты, яғни темір жол вокзал айналасы мен «Самара-Шымкент» тас жолы бойында. Осыны кенттің орталық бөлігінен, базар аумағына жақын жерге орналастыруды ұсынды. Халықтың талап-тілегін тыңдаған аудан басшысы келесі бағытын Бәйтерекке қарай бұрды.

ЖЕР ДАУЫ ШЕШІМ ТАПСА ЕКЕН...
Гиганттық тұрғын 15 млн теңгеге шлакоблок өндіретін зауыт сатып алған. Алайда 15 млн-дық кәсіпті жандандыру үшін 15 соттық жер керек дейді. Тұрғынның тілегі аукцонға түсетін жерді алудың оңтайлы жолын көрсетсе, кәсіпті дөңгелентуге құлықты екен. Сондай-ақ уран өндірісіне байланысты ауылдағы шағын жеке шаруа қожалығынан 2012 жылы келісім-шарт негізінде мемлекет мүддесіне сәйкес 17 га жер телімі алынған. Аталған келісім-шарттың мерзімі аяқталуына байланысты егістік жерді қайтару мәселесі көтерілді. Кездесу барысында шаруа қожалық иесіне ауыл әкімі мен қауымдастық бірлесіп, аулыдың егістік алқабынан қосымша 17 га жер беруге уағдаласты.
Ауыл тұрғындары Мырзалиев көшесіндегі электр бағандары жеке тұрғындар тарапынан тұрғызылғанын тілге тиек етіп, талапқа сай бағаналар орнатуды сұрады.
– Алғаш 2022 жылы халықпен кездесу барысында электр желілерінің тозығы жеткендігі жиі айтылып, аталған салаға бірінші кезекте назар аудару қажеттілігін байқап, күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе ретінде бақылауға алдым. Бірінші кезекте аудан бойынша электр желілеріне түгендеу, құжаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күнге ауданда 490 дана КТПН бар. ВЛ-35 кВ - 195 км, ВЛ-10 кВ - 434 км, ВЛ-0,4 кВ - 516 км барлығы 1145 км электр желілері бар. Оның 78 пайызының тозығы жеткен. Осы ретте 2023 жылы 22 ауылға 22 дана трансформаторлар алынды. Биыл да 13 елді мекеннің электр желілерін ауыстыру жоспарда бар. Бұл тізімге Мырзалиев көшесі кірген, – деп жауап қатты аудан әкімі.
Сонымен қатар аудан әкімі Н.Сәбитұлы ауыл әкіміне тұрғындардың 80 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылғанын сөз етіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде ауылға газ жүйесін орнатып жатқан компания басшысына қалған 20 пайыз халықтың тұрмыс жағдайын ескеріп, жеңілдікпен газ кіргізіп беру жолдарын ұсынды. Барлық ауылдық округтегі халықпен кездесуде күн тәртібінен түспей тұрған алаяқтық пен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылыққа байланысты түйткілдер көтеріліп, сала басшыларына, тұрғындарға, ата-аналарға алдын алу жұмыстарын ұйымдастыруды тапсырды.

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ
28 мамыр 2024 ж. 140 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930