Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІКТІ МАМАН – АРДАҚТЫ АНА

БІЛІКТІ МАМАН – АРДАҚТЫ АНА

Бағзы заманнан бері қазақ қоғамындағы әйелдің, ананың рөлі асқақ һәм биік. Әйтпесе, Айша анадай ақылды, Домалақтай дана, Бопайдай байыпты, Томиристей тапқыр, Әлиядай әдемі, Мәншүктей мықтыларды туғызып, тарих бетінде сақтамас едік. Олардың адамдығы мен адалдығын, батырлығы мен батылдығын, қарапайымдылығы мен қайрымдылығын, табандылығы мен төзімділігін бойтұмардай үлгі еткен абзал аналардың қатары аз емес.

«Адамның жақсысы – адамға пайдалысы» дейді хадисте. Және ата-бабалардың өсиеттеп кеткені деп, атаәжелеріміз қолына су құйғанда «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп батасын беріп отыратыны есімізде. Ал қай кезде де елге еңбегі сіңген жағымды мінезімен жаққан адамдардың есімі халықтың жүрегінде ұзақ сақталып, елдің аузында жүреді. Солардың ішінде ғасыр жасап, көркем кішіпейілділік асыл қасиеті мен елеулі еңбегімен, өмірімен өнеге болған Зинайда Ибраева бар. Ол 1940 жылы Шиелі кентінде дүниеге келген. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы тұтанған сәтте Зинайда Ибраева әлі 1 жасқа толмаған сәби болатын. Отты жылдарда енді ғана тәй-тәй басып, былдырлаған баласын құшағына қысып, анасы Әлима мен 4 жасар ағасы Төлебай қалады. Сол бір сұрапыл соғыстан қайта оралмаған әкесі Жұмаділда Ибраевты қайта көрмесе де әкеге деген сағынышы әлі күнге дейін сарқылған емес. Әкесінің көзін көргендер Зинайда апаны «алтынның сынығы», «тектінің тұяғы» дейді. Әкесінің соғыста жазған хатын әлі күнге сақтап жүр. Өзі де 80 жасқа келді. Дегенмен, медицина саласының ардагері әлі де сергек. 40 жылға жуық тіс дәрігері болған кейіпкеріміз мамандығына деген адалдығынан еш уақытта айнымаған. Мәртебелі зейнет жасына жетсе де, редакцияға арнайы бас сұғып, тістің күтімі жайлы пайдалы ақпараттарымен бөлісуден жалыққан емес. Оның әрбір айтқан сөзі жанға дәру, дертке шипа. «Қай жерің ауырса, жаның сол жерде» дейді халқымыз. Иә, расыменде аурудың жақсысы жоқ. Дейтұрғанмен, әсіресе тістің ауруы бүкіл сай сүйегіңді сырқыратып, тұла бойыңды шымырлатып қоятыны бар. Осындай қысылтаяң тұста жалғыз арқа сүйерміз, ол әрине – тіс дәрігері. Стоматология – тарихы тереңде жатқан медицинаның маңызды. Міне, осы саланың сырына қанығу үшін З.Ибраева 1959 жылы №45 қазақ орта мектебін аяқтаған соң, Шымкент қаласындағы Медтехникумның «Тіс дәрігері» мамандығына оқуға түседі. Белгілі медицина саласының профессоры Жәнібек Нәлібайұлы ұстаздық еткен шәкірттің бірі – Зинайда Жұмаділдақызы аудандағы алғашқы тіс дәрігерлерінің қатарына келіп қосылады. Ең әуелі еңбек жолын 1962 жылы аудандық емханадан бастады. Сол жылдары «Әдемі» тіс емханасының білікті, тәжірибелі бас дәрігері А.Абдрахманов пен бірлесіп көптеген жұмысты жүргізіп, жетістікке жетті. Мәселен, кенттегі мектеп, балабақша ішінен «тіс дәрігері» кабинеттері ашылды. – Өскелең ұрпақ елдің ертеңі. Өміріміздің жалғасы. Сондықтан әркімнің өз баласының денсаулығына алаңдауы орынды. Әсіресе, балаларды уақытылы дәрігердің тексеруінен өткізу маңызды. Өйткені, бүгінде балалар арасында түрлі ауру көп. Соның бірі – тіс жегісі. Әдетте тіс тотық диагнозы 2-3 жасар балаларда жиі кездеседі. Оның себебі әртүрлі. Мәселен, тісті тазаламаудан, тәтті тағамдарды көп тұтынудан, бала ағзасына кальцийдің жетіспеушілігінен бала тісі жаппай құрттап жатады. Кейде аналар баласына тәтті бермесе де, тістерінің бүлініп жатқанын айтады. Демек, баланың бойында кальций аз, құнарсыз тамақ жейді деген сөз. Баланың тамағына үлкен мән беріп, оны ерте жастан дұрыс тамақтану дағдысына қалыптастыру керек, – дейді медицина саласының ардагері. Иә, бүгінде аудан бойынша 6 және 11 жас аралығындағы балалардың сүт тістерінің жаппай құрт жегіне ұшырауы жылдан-жылға көбеюде. Тістің бұлай бүлінуіне экологиялық жағдайлар, ауызсудың құрамы мен тазалығы әсер ететінін де тілге тиек етті. 40 жылдық тәжірбиесі бар, өз ісіне деген сүйіспеншілігі жоғары Зинайда апа 1988 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады. Сонымен қатар жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырумен семинар өтті. Республикамыздың білікті дәрігерлері бас қосқан жиында «Сыр стаматологиясы» атты жинағы жарық көрді. Кітапқа бүгінгі кейіпкеріміз Зинаида Ибраеваның да есімі еніп, еңбек жолы дәріптелді. Сондай-ақ Бірыңғай Қазақстан стоматолгтар қауымдастығының «Стоматологиялық қызметтің үздігі» төс белгісі мен түрлі алғыс хат, грамоталардың иегері атанды. Кейіпкеріміз «Күміс алқа» таққан үш ұл, үш қыздың аяулы анасы. 1965 жылы кенеттен көз жұмған ағасының 3 баласын да бауырына басады. Осылайша, 9 баланы өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырады. Денсаулық сақтау саласындағы жауапты жұмыс мен отбасының ұйытқысы болуды тең ұстаған қазақ әйелінің ұлттық болмысы мен қасиетті құндылығын сақтай білген ардақты ана. Жолдасы С.Қуатбаев зейнеттегі «Милиция ­майоры». Үлкен ұлы бүгінгі таңда облыстық өрт сөндіру ТЖД авариялық жедел құтқару қызметі бастығының орынбасары. Қалған ұл-қыздары да бір-бір маман иесі. Екеуі шаңырақ көтерген 60 жылда түрлі қиындықты бірге еңсерді. Бүгінде немере мен шөберенің қызығын көріп отыр. Әдемі қартаюдың, елге еңбек етудің үлгісін көрсетіп келеді. Біз де өз кезегімізде тұтас ұлттың қамын жеп, өз ісінің биік белесін бағындырған Зинайда Жұмаділдақызына зор денсаулық, ұзақ өмір тілейміз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

01 желтоқсан 2025 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (9358)

01 желтоқсан 2025 ж.

№90 (9357)

25 қараша 2025 ж.

№89 (9356)

22 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031