Өнегелі өмір иесі
Бағзы заманнан бері қазақ қоғамындағы әйелдің, ананың рөлі асқақ һәм биік. Әйтпесе, Айша анадай ақылды, Домалақтай дана, Бопайдай байыпты, Томиристей тапқыр, Әлиядай әдемі, Мәншүктей мықтыларды туғызып, тарих бетінде сақтамас едік. Олардың адамдығы мен адалдығын, батырлығы мен батылдығын, қарапайымдылығы мен қайрымдылығын, табандылығы мен төзімділігін бойтұмардай үлгі еткен абзал аналарымыздың қатары аз емес. Солардың ішінде ғасыр жасап, ауыл-елге мінезімен сыйлы, еңбегімен елеулі, өмірімен өнеге болған Майра Бірімжанова да бар.
Жасы жүзге жақындаған ғазиз аналар Шиелі топырағында санаулы ғана. Қос ғасырдың куәсі болған ақсамайлы әжелердің қатары сиреп барады. Олар заманында аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсеткен сүйегі асыл жандар. Бүгінде немере-шөбересінің ортасында тамырын тереңге тартқан бәйтеректей сая болып отырған кейуаналардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан, жылына бір келетін қарттар мейрамында ғасырға жуықтап қалған Майра Бірімжанова әжей туралы сөз қозғамақпыз.
Жасы жүзге жақындаған ғазиз аналар Шиелі топырағында санаулы ғана. Қос ғасырдың куәсі болған ақсамайлы әжелердің қатары сиреп барады. Олар заманында аштықтан аман өтіп, қуғын-сүргінге куә болып, алапат соғыста ерен еңбектің үлгісін көрсеткен сүйегі асыл жандар. Бүгінде немере-шөбересінің ортасында тамырын тереңге тартқан бәйтеректей сая болып отырған кейуаналардың ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан, жылына бір келетін қарттар мейрамында ғасырға жуықтап қалған Майра Бірімжанова әжей туралы сөз қозғамақпыз.
Бір ғасырдың куәсі болған Майра әже 1928 жылдың 18 наурызында Қостанай облысы, Преснигорков ауданына қарасты Жаңажол ауылында Бірімжан қарияның отбасында дүниеге келіпті.
Балалық шағы сұрапыл қанды Ұлы Отан соғысына тура келген бұл кісі кішкентайынан тылда қалған ересектермен бірге аянбай жеңіс үшін еңбек етті. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау уақытқа қарамастан Майра анамыз білімге құштарлығының арқасында Нарқожа, Мәшік, Біржан аталарының ақ батасын алып, Алматыға оқу іздеп келеді. Мұнда алдымен М.Мәметова атындағы педучилищені бітіріп, одан соң ЖенПИ-дің қазақ тілі филологиясы факультетін тәмәмдайды.
Алаштың аяулы азаматтары С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов ағаларының тәрбиесін көрген, жастайынан зерек, шығармашыл жан – Майра анамыз алғашқы еңбек жолын Павлодар қаласында облыстық газет тілшісі ретінде бастап, сол кездегі газет редакторы болған жазушы Ә.Нұршайыховтың оң бағасын алған еді.
КСРО заманында КПСС-тың белді де белсенді мүшесі ретінде Қарағанды қаласының горисполком қызметкері болған. Шахтерлар қаласынан өзінің өмірлік жарын Жорабек Айтбаевты (Лепес Жауынбаев) кездестіріп, отбасын құрады. Жорабек ақсақал Шиелі кентінің тумасы екен. Қарапайым шаруаның баласы болған. Ақсақал Қарағанды қаласында 17 жыл бойы шахтер болып жұмыс жасаған. Кейіннен Қарағанды қаласында телемастер курсын бітіріп, 1966 жылы Шиеліге қоныс аударған соң Нартай ауылындағы телестанцияда радио-телемастер болып абыроймен еңбек еткен. Алла бұл отбасына 2 ұл, 3 қыз сыйлайды. Ұлдары мен қыздарына тәлімді тәрбиелерін беріп, қатарынан кем қылмай өсіріп, жеткізеді. Барлық балалары отбасылы. Жорабек ақсақал 73 жасында өмірден озды.
1966 жылы Майра анамыз жолдасы Жорабектің туған жері – Қызылорда облысы Шиелі поселкесіне көшіп келген соң, ауданның тіршілігіне бірден кірісіп кетті. Аудандық радио тілшісі, аудандық «Өскен өңір» газетінің қызметкері, Шиелі Поссовет басшысының орынбасары, балабақша меңгерушісі, қазақ тілі пәнінің мұғалімі қызметтерін абыройлы атқарып, зейнеткерлікке шықты.
Бүгін Майра Бірімжанова – ардақты тыл ардагері, ардагер-ұстаз, балаларының, немере, шөберелерінің аяулы анасы, әжесі, тоқсан жасты артқа тастап, қара шаңырақтың алтын тұғыры болып, ұрпағының ортасында отыр. Апамыз жастайынан әдебиетке, лирикаға құштар адам. Бұл кісінің сүйікті хоббиі – көркем әдебиет оқу екен. Осы күнге дейін көзәйнексіз кітапқа үңіліп отыру – ол кісі үшін қалыпты жағдай. Қазақ ақындарының жыр шумақтарын жатқа айтқанда, көзі жанып, тебіреніп кетеді. Кітапқа деген қызығушылықты балаларына, немерелеріне бала кезінен бойларына сіңірген. Өзінің бос уақытында өлең жазып, ой-арманын қаламмен қағазға түсіруді әдетке айналдырады.
«Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» демекші, ақ жаулықты ананың бес баласынан тараған 14 немере, 20 шөбере, әжейдің өмірін жалғап, шаттыққа бөлеп отыр. Бала – өмірдің мәні десек, немере баладан тәтті, шөберенің жөні тіпті бөлек. Міне, осындай бақыттың базарында, ұрпағының назарында отырған әжемізге ұзақ жасау тән-ақ. Балаларының барлығына жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасаған ананың перзенттері де бүгінде әр саланың білікті маманына айналған.
«Өсетін елдің қарты қазына болар» деген екен бабаларымыз. Расында да, кеудесі өсиетке, тұлғасы қасиетке толы ақ жаулықты әжелеріміздің өсер ұрпаққа берер өнегесі жетерлік. Бәрі ұлт болашағы мен ұрпақ қамы үшін деп тер төкті емес пе?! Ендеше, ғасыр көрген ғазиз ананың тәуелсіз елінің тұғырлы болғанына куә болып жүргені де бір бақыт.
Шапағат Тілеубаев