Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі


Өмірде тарих кезеңі үнемі жаңаланып отырады. Десек те, ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалардың бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс. Адамзат тарихындағы ең сұмдық, жан түршігерлік апат болған бұл соғыстың аяқталғанына 76 жыл толды.
Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мерекелі күн – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгерлердің айбыны, жеңісті жақындатқан тылдағы жұмысшылардың ерен еңбегінің нәтижесі.
Сұрапыл соғыс жылдары әрбір халық өзінің Отанына деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. 1945 жылдың 9 мамырында дәл осы қуанышты хабарды естіп, қаншама жан жүректері қуаныштан лүпіл қағып, толқып, тебіреніп кеткен еді. Әлемді тітіркендірген осынау қиен кескі соғыста ата-бабаларымыз неміс фашист басқыншыларымен 4 жыл, күнмен есептегенде 1418 күн және түн шайқасыпты. Миллиондаған адамдар мүгедек болды, мерт болды, қаншама жан дерексіз кетті. Статистикалық деректерге жүгінсек, соғыс қимылдары әлемнің 40 мемлекетінің аумағын алып, бұл алапат қырғында 60 млн адам қаза тапқан екен. Бір ғана Кеңес Одағының адам шығыны, мұнан әлдеқайда көп болған болса да, ресми түрде 27 млн деп есептелді. Ұлы Жеңіс біздің халқымыздың орасан зор құрбандықтарымен шеккен қасіреттерінің нәтижесі. Біз қаратүнек фашизмге қарсы жанын пида етіп, Жеңіс күнін сыйлаған, әрбір жауынгерге қарыздармыз. Соғыс салған зардап әлі күнге толық жойылған жоқ. Олардың Отан үшін қан кешкен әрбір қадамы, жеңісті жақындата түскен әрбір күні ешқашан да ұмытылмайды. Өйткені, ерлік шежіресі – ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – үлгі». Ағаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы біз үшін үлгі, шежіре, тарих. «Ел-ерімен еңселі», «Елім» деп, еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Осындай сұрапыл соғысты басынан кешірген, қан майданда бар күш-жігерін жұмсап, жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан ерекше жандардың бірі – Жұмаділда Ибраев.
Қан майданда Отан үшін от кешкен Ж.Ибраев 1906 жылы Шиелі ауданында дүние есігін ашады. Қазақ халқының басынан өткен небір нәубеттерден сыналып, шыңдалып өскен ол 1941 жылдың тамыз айында Ұлы Отан соғысына Шиелі ауданынан аттанған 191 азаматтың қатарына қосылады. Дәл осы жылы Шиелі аудандық комиссиариаты арқылы Ворошилов қаласының, Приморск өлкесінің №6510 командасының қарамағына эшолонмен жөнелтіледі. Майдан шебінде жан тәсілім еткен әкесінің ерлік ісін ұрпаққа үлгі ету мақсатында қызы Зинайда Ибраева отты жылдардағы тарихи деректерді ақтара бастайды. Ол еңбегі еш кетпеді. Соғыс жылдары әкесінің Украинада Днепр жағалауында Шығыс және Батыс Карпат тауының етегінде Советтік Руминияны азат ету үшін Трансельвания қаласында 39420-шы әскери бөлімде мерген командир ретінде ұрысқа қатысқанын анықтайды.
Ерлік, батырлық, Отанға деген сүйіспеншілік ұрыс даласында жан беріп, жан алысқан арпалыс, барлығы да жеңісті күнге жеткізді. Жұмаділда Ибраев 39420-шы қызыл әскер бөлімінде жауынгерлерді тыңғылықты басқарып, неміс басқыншыларымен аяусыз соғысты. Осы ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен наградталады. Әскери антына адал майдангер Ұлы Отан соғысында асқан ерлікпен 1944 жылы қаза табады. Ол үшін арнайы Трансельвания қаласындағы Глежерия ауылының батыс шетінде жеке зиярат орналасқан.
– Әкем соғысқа аттанғанда 34 жаста, анам Әлима 25 жаста болған екен. Ал, ағам Төлебай 4-те, мен 1 жасқа толмаған сәбимін. Бірақ, әлі күнге әкемді сағынамын. Анам айтқан бейнесін елестетемін. Себебі, анам Әлима Ибраева екі баласын қолына ұстап, бел жазбай еңбек етті. Соғыс жылдарындағы бар ауыртпалық еркек кіндік болмаған соң әйелдерге түсті. Күні-түні қос құлынын құшаққа алып, тылда еңбек етті. Майдандағы азаматтарға арнап қолғап, киім тігіп, инесін қолдан тастамаған іскер болды. Осы еңбегі еленіп, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» медалі табысталды. Осындай қайсарлықты ана бойынан көріп өскен біздер, сұрапыл соғыстағы ерліктің өлшеуі болмасына көз жеткіздік. Қан майданнан анама әкем Жұмаділда жазған хаттар келетін. Оны әлі күнге сақтап келеміз» – деп еске алды әкесін Зинайда Ибраева.
Иә, бұл күнде майдангер ұрпағынан қалған жалғыз көз қызы Зинайда. Ал ағасы Төлебай 25 жасында өмірден өтті. Майдан мен тылда ерлік көрсеткендер күн өткен сайын азайып барады. Бірақ олар жасаған ұлы ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Жаумен шай­қаста аға ұрпақ қол жеткізген Жеңіс кейінгі ұрпаққа аманат болып жетпек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
30 сәуір 2021 ж. 1 340 0