Жеңіс туын желбіреткендер
Биыл 2020 жылы жалпы адамзат өзінің тарихында жазылған қаҺарлы соғыстағы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін тойлағалы отыр. Ғұмырымыздағы қуанышпен қарсы алатын мерекелеріміздің бірі – Жеңіс күні қанша уақыт өтсе де, қилы өзгеріс болып жатса да, ұрпаққа ең ыстық мейрам болып қала береді. 9 мамыр Жеңіс күні – әр адамды толқытатын ерекше, аса қастерлі де айтулы күн. Бұл Жеңіс болмағанда көптеген елдер мен халықтардың тағдыры басқаша қалыптасып, Қазақстанымыз да тәуелсіз ел болмас па еді?
Бұл күн – соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына бас иіп, ал арамызда жүрген соғыс ардагерлеріне бұрынғыдан да құрметпен қарап, олардың жауынгерлігіне және ерліктеріне тағзым ететін күн. «Ер бақыты ел қолында, ел бақыты ер қолында» деп батыр атамыз Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, майдангерлер – Қазақстан халқына бейбітшілік, тыныштық, береке, бақыт орнатқандар.Сұрапыл соғысты басынан өткеріп, бізді жеңіске жеткізген ағаларымыз бен бабаларымызды, сол жылдарды қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, сонысымен бейбіт күнді жақындатқан ағаларымызды мақтан тұтамыз. Осындай батыр аталарымызды мәңгі есте қалдырып ұрпаққа үлгі ету мақсатында архивте «Отан үшін от кешкендер» қор коллекциясында бірнеше майдангердің құжаттары сақталған. Солардың бірі – Ибаділда Райысов. Ол1923 жылы Төңкерісауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1942 жылдың 10 мамырында Қызыл әскер қатарына шақырылады.1949 жылғадейін шекара қызметінде неміс басқыншыларынан елді қорғап, майданда болған. Шиелі кентінде дүниеге келген майдангер Әшім Аманжолов та 1943 жылы 15 мамырда әскер қатарына шақырылып, Семей облысы, Аягөз қаласындағы полковой мектебінде 2 ай оқып, шілде айында Ұлы Отан соғысына жіберілген. 1943-1944 жылдары 108 және 36 гвардиялық атқыштар полкі, 36 гвардиялық атқыштар дивизиясында соғыста болды. Ұлы Отан соғысында Харьков облысы Знаменко қаласын алуда жараланып, Мары қаласындағы госпитальда емделеді. Ол 1944 жылдың аяғында бас қолбасшының бұйрығымен елге қайтарылған. 1924 жылы 1 қаңтарында өмірге келген жуантөбелік Маханбет Төрешев1942 жылдың қыркүйек айында әскер қатарына мобилизация бойынша шақырылып, Ленинград түбіндегі Солтүстік Батыс майданына қатысқан. 1943 жылы №191 атқыштар полкында атқыш, №12 айрықша сапер бөлімінің командирі болған.
Жуырда архив қорында сақтаулы тұрған «Отан үшін от кешкендер» қор коллекциясынан «Ерлікке тағзым» тақырыбында онлайн көрме ұйымдастырылды.
Биыл Ұлы Отан соғысы аяқталып, Жеңістің туы желбірегеніне 75 жыл. Бұл соғыс біздің әрбіріміз үшін ұмытылмастай ізін қалдырды. Ешкім де ешнәрсе де ұмытылмайды.
Жанат Ментаева,
архивист