САПАЛЫ ӨНІМ, ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒА

Бұл мереке биыл ерекше мәнге ие. Себебі Сыр елінің жүрегі – Қызылорда қаласының ел астанасы атанғанына тура бір ғасыр толды. Бір ғасырлық тарих, бір дәуірдің белесі, бір ұлттың еңбегі. Осы ұлы мерекемен қатар келген күзгі жәрмеңке – өңірдің әлеуетін айқындаған, ауылдың ырысын қалаға жеткізген ерекше оқиға болды. Таңғы самалмен бірге Тасбөгет кентінің орталық алаңына 500-ге жуық жүк көлігі ағылды. Сауда сөрелеріне 150 тоннадан астам күріш, 30 тонна ет және 35 тоннадай балық өнімдері, 300 тонна картоп, 300 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 250 тонна бақша, 10 тоннадай сүт, 10 тоннаға жуық бакалея және кондитер өнімдері, 100 бас тоқты және 30 тонна жем-шөп қойылды. Тасбөгет кентінің орталық алаңында шиелілік шаруалардың табиғи таза өнімдері халыққа ұсынылып, жәрмеңке көркін қыздырды. Қала тұрғындарының бұл жәрмеңкені асыға күткені көрініпақ тұр. – Жәрмеңкені күтіп едік. Қазір бәрі қымбат, бірақ мұнда баға қолжетімді, сапасы да жақсы. Осындай мүмкіндік жиі болса екен, – дейді базар маңындағы халық. Бұл – жай ғана сауда емес, ауыл мен қаланың мүддесін тоғыстырған шынайы өзара қолдау көрінісі. Азық-түлік өнімдерін тиеген көліктер арасында ине шаншар орын болмады.
Отбасы қамы, балаларының ырзығы үшін әркім өз қажетін алуда. Мұндағы саудаға Шиелі ауданынан 100-ге жуық жүк көлігімен жалпы 150 тоннадан астам өнім әкелінген. Атап айтар болсақ, 20 тоннадан астам күріш, 30 тонна бақша өнімі, 50 тонна картоп, 12 тонна ет, сүт өнімдері, 1 тонна бакалея өнімдері ұсынылды. Барлық аталған ауыл шаруашылық өнімдері нарық бағасынан 20-30 пайыз төмен бағамен сатылды. Ауылдың азық-түлігін алуға асыққан тұрғындар жәрмеңкеге ағылып жатты. Жәрмеңкенің берері мол, ауылдық жерден жеткізілген сүт, сары май, сұйық майдың қол жетімді бағалары мен сапасы тұрғындар үшін өте ұтымды. Жұмыс барысымен барған біз де тұрғындар арасындағы пікірлерге құлақ түрдік. Олардың көпшілігі «жәрмеңке көңілімізден шықты, сапасы жақсы, бағасы қалтаға қонымды, ән де жыр да айтылып, керемет көңіл-күй сыйлауда» десті. Иә, расымен де қызу жәрмеңке аясында қала тұрғындарына ұсынылған шиелілік өнерпаздардың әсем әні, жауһарлы жыры көңіл қуантты. Әсіресе, ұлттық құндылығымызды дәріптейтін көрмелер қараған жанды еріксіз өзіне баурады. Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары керек азық-түліктерін сатып алып, күмбірлеген домбыра мен сазды әуен толқынында жақсы көңіл-күйге бөленді. Ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер ұсынған өнімдер тез арада өз тұтынушыларын тауып жатты. Бағалар да тұрғындардың сұранысына сай болды. Сауданың қызған уақытында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Қазақстанның Еңбек Ерлері келіп, жәрмеңке барысымен танысып, халықпен жүздесті. Олар шиелілік шаруалардың халыққа ұсынған өнімдерін жоғары бағалап, диқандар еңбегіне табыс тіледі. Ауылдардан артынып, тартынып келген тауар өндірушілер тұтынушыларға қолайлы баға ұсынды. Қалтаны қақпайтын, шығынды ақтайтын сауданың қызғаны соншалық, өнімдер түске дейін сатылып кетті. – Жәрмеңкенің боларын естіген соң, азанымен базарға келуге қамдандым. «Қыс шанаңды жаз сайла» дейтін халықпыз ғой. Картоп, сәбіз, жуа сынды өнімдерді арзан бағада қап-қабымен алып үлгердім. Қазір нарықтағы баға күн сайын құбылып тұр. Сондықтан, қалтаға салмақ салмайтын жәрмеңкеде жергілікті өнімдерден көбірек алуға тырыстым, – дейді қала тұрғыны Қаракөз Тілеуова. Иә, берекелі күздің басты мерекесі – ауыл шаруашылығы өнімдерінің күзгі жәрмеңкесі екенін аян. Жәрмеңке жұмысына аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, ауданның зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, кент және ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары қатысып, еңбек адамдарының өнімдеріне қолдау білдірді. Бұл біріншіден, өңірлік тауар өндірушілердің өнімін өткізудің тиімді тәсілі болса, екіншіден, ел-жұрттың ақшасын үнемдеуге үлкен септігін тигізеді. Ауылдағы ағайындар да өз өнімдерін ешбір делдалсыз тікелей тұтынушыға сатуға осындай мүмкіндіктің барына разы. Қазан айының салқыны сезілсе де, жәрмеңке алаңында жылылық басым еді. Ол еңбектің, мейірімнің, ризашылықтың жылуы болатын. Әр үйге азық, әр отбасыға ырыс кірді. Табиғи өнім алған жұрт риза, еңбегі еленген ауыл адамдары қуанышты. Бұл – тек жәрмеңке емес, ауыл мен қаланың арасындағы алтын көпір. Күздің әрбір тамшысы – диқанның тері, әрбір дәні – елдің несібесі. Қызылорда төрінде өткен «Алтын күз – 2025» мерекесі осы ұғымды айшықтап берді. Мұнда ырыс бар, береке мен еңбек бар. Күздің өзі сияқты сабырлы, бірақ терең мағыналы бұл мереке – ел еңбегін ұлықтаудың, жер қадірін танудың, бірлік пен өзара сыйластықтың шынайы символы болды.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ