ЖОМАРТТЫҚ АДАМНЫҢ ЖОЛЫН АШАДЫ

Б.Әшірбеков Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1984 жылы Алматы ауыл шаруашылық институты «Агроном» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын туған ауылында бастап, «Коммунизм» колхозында бригадир, кейін бас агроном қызметіне көтерілген. Оның өмірінде мәңгі есте қалған бір оқиға бар. Ол 1978 жылғы дүние жүзі жастары мен студенттерінің Гавана қаласында өткен фестивальі. Бұл фестивальдің ашылуында ол Қазақстан туын көтерген. Бүгінгі күнде бостандық аралындағы сол суреттер Н.Бекежанов атындағы мемориалдық өнер музейінде сақтаулы. Б.Әшірбеков Жақаев қозғалысының қатысушыларының бірі болған. Жастық шағында Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Закира Ержанова сияқты тұлғалардан тәжірибе жинап, жолын қуған. Уақыт өте келе егіншілікті меңгеріп, болашақта өз шаруашылығын ашуды армандаған. 1997 жылы ол өз ісін бастады, бірақ алғашқы кезеңдерде бұл тірлік оңайға соқпады. Себебі сол кезде түрлі субсидия бөлінбеген, ауыл шаруашылық техникасы ескі, жастар жақсы өмір іздеп ауылдан үлкен қалаларға кете бастады. Қазіргі кезде оның шаруашылығы агроөндірістің әртараптануына бағыт алған. Ауыл шаруашылық саласындағы мол тәжірибесі, еңбекқорлығы және табандылығының арқасында Б.Әшірбековтің шаруа қожалығы алдыңғы қатарға шықты. 2018 жылы тәулігіне 60 тонна өңдеу қуаты бар күріш өңдеу цехы іске қосылды. Уақыт өте келе өндіріс көлемі ұлғайып, өнім сатылатын аймақтары кеңейіп, ұжым жаңа жұмысшылармен толықты. Қожалықта заманауи техника болуы өндірістің табыстылығын қамтамасыз етеді. Бұл тұрғыда оның шаруашылығында бәрі жақсы. Автопаркте түрлі модельдегі 30-ға жуық ауыл шаруашылық машинасы бар. Сондай-ақ шаруашылық мал шаруашылығымен айналысады. Фермасында 124 бас ірі қара және 3 500 қой бар. Қазіргі уақытта мұнда 30-дан астам адам еңбек етуде, олардың көпшілігі – жастар. Б.Әшірбеков әлеуметтік жауапкершілікті де ұмытпайды. Шаруашылық Еңбекші, Қосүйеңкі және Н.Бекежанов атындағы ауылдарда қайырымдылық жобаларын жүзеге асырды. Мысалы, Еңбекші ауылында мешіттің және Н.Бекежанов атындағы ауылда спорт кешенінің және дәрігерлік амбулаторияның құрылысына қаржы бөлді. Сонымен қатар Наурыз және «Халықаралық қарттар күні» мерекелерінде ауыл шаруашылығы өндірушілері азық-түлікпен аз қамтылған отбасылар мен еңбек ардагерлеріне көмек көрсетіп келеді. Тағы бір жомарт азамат – «Олжас» ЖШС-нің негізін қалаушы Талғат Жұматов. Ауыл мектебін бітіргеннен кейін ол «Телікөл» қаракөл қой совхозда бас шопанның көмекшісі болып жұмыс істеген. Содан кейін Жамбыл гидромелиорациялық құрылыс институты Қызылорда филиалында «инженер құрылысшы» мамандығы бойынша оқыған, одан әрі «Мұнайтехсервис» акционерлік қоғамында қызмет істеген. Өзінің табандылығының арқасында, бұл бағытта едәуір табысқа жетті. Бүгінгі күні Т. Жұматовтың кәсіпорны ондаған адамға нәпақа тауып беріп отыр. Ол жанар жағармай мұнай өнімдерін сатумен ғана емес, мейрамханалық бизнеспен және асыл тұқымды мал бағумен де айналысады. Әлеуметтік жауапкершілік біздің кейіпкеріміз үшін жай ғана әдемі сөз емес, ең алдымен нақты іс әрекет. Ол жыл сайын жетімдерге, аз қамтылған балаларға және Макаренко атындағы балалар үйінің оқушыларына көмек көрсетеді. Туған ауылында орталық мешітке күрделі жөндеу жүргізіп, жолды жөндеді. Ертеректе №214 мектеп үшін спорт алаңын салды, онда әртүрлі спорттық турнир өткізілді. Сонымен қатар ауылдың архитектуралық көркін әрлеп, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіндегі тайқазан пішіндегі фонтанды орнатты.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ, сурет автордікі