КЕТПЕН МЕН БЕСІКТІ ҚАТАР ҰСТАҒАН
Шиелінің даңқын елімізді былай қойғанда, әлем білді.
«Өмiрi – өркен, пейiлi – көркем, жерi – нұр,
Әнi – күрiш, сәнi – ырыс, демi – жыр,
Куба, Бирма, Вьетнам түгел бiлетiн
Ақ күрiштiң ақ ордасы – Шиелi бұл!» – деп кезінде жырлағанбыз. Қырық бір Социалистік Еңбек Ері шыққан аудан елімізде, көрші мемлекеттерде болса да біреу, екеу шығар... Бүгінгі айтпағымыз сол 41 Социалистік Еңбек Ерінің бірі де бірегейі, туғанына ғасыр толып отырған – даңқты диқан,аяулы ана Ұлбала Алтайбаева туралы болмақ.
«Өңірінде қос Жұлдыз,
Жарқырайды ананың.
Үйінде он үш ұл мен қыз,
Бабын да білген даланың.
– Еріміз, – дейді ел мұны,
Еңбекте өсті ол сақайып.
Ұстазы оның белгілі
Академик – Ыбырай Жақаев.
Өсе берсін ұл-қызың,
Намысты қолдан бермедің.
Жарқырасын Жұлдызың,
Жана берсін еңбегің!
Берері көп туған жер,
Жыл емес күн, айыңа.
Екі мəртебелі Ер –
Ұлбала Алтайбаева!..» Бұл атақты ақын Асқар Тоқмағамбетовтың «Ана туралы толғау» жырынан үзінді.
Ұлбала Алтайбаева 1923 жылы сұлу Сырдың бойында, шұрайлы Шиелі өңірінде, Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1932-1933 жылдардағы ашаршылықты көзімен көрген. Еңбек жолын 1940 жылы Шиелі каналын қолмен қазу жұмысынан бастады. Республикалық маңызы бар құрылысқа белсене араласты.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына алақандай Еңбекші ауылынан жүзге тарта ер азамат майданға аттанады. Олардың 44-і алапат шайқастарда майдан даласында мерт болды. Туған жерге қайтып оралмады. Ұлбала ер-азаматтар Отанды қорғауға аттанғанда олардың орнын жоқтатпады. Қилы кезеңде еңбек майданының алдыңғы шебінде болды. Қырық бесінші жылдың соңына қарай соғысқа аттанған ауылдастары жеңіспен оралып, ауылдың ажары қайта кіре бастаған кезде Ұлбала өзі туып-өскен Еңбекшінің тумасы, майдангер Сұлтанхан Төрениязовқа тұрмысқа шықты.
Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін Социалистік Еңбек Ері (кейіннен осы атаққа екінші мәрте ие болған) ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев шәкірттерінің бірі ретінде, Сыр өңірі қыз-келіншектеріне үлгі-өнеге болып, күріш өсірумен айналысты. Жақаевшылар қозғалысының бел ортасында жүріп күріш дақылын өсірудің тәжірибесін қалыптастыру, мәдениетін көтеру, гектар өнімділігін арттыру мақсатында аянбай тер төкті.
Егіс алқабын инженерлік жүйемен тегістеу – еңбек өнімділігінің артуына, мемлекеттік жоспардың орындалуына жол ашты. Қабілеті мен тыңғылықты тірлігі нәтижесінде Шиелідегі №31 жылжымалы механикаландырылған колоннада (ПМК) мастерліктен инженер, учаске бастығына дейін көтерілген, бір орында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан Оралсейіт Сұлтанханұлы инженерлік жүйенің тиімділігі жөнінде былайша әңгімелеп берді.
– Ауданда егін шаруашылығының көлемі артты. Әсіресе күріш көлемі 15 мың гектарға дейін жетті. Әр гектарынан 45-50 центнерден өнім алынды. Ал жекелеген бригадалар мен звено жетекшілері арасында әр гектардан алынған өнім көрсеткішін 60-70 центнерге жеткізгендер болды. Одан жоғары шарықтап кеткендер де жоқ емес, – дейді ақсақал арада көп жыл өтсе де мәліметтерді есіне түсіріп.
Десе дегендей, күрішшілердің құлшынысы, ынта-жігері жақсарды. 1972 жылы ауданнан, оның ішінде «Коммунизм» колхозынан екі бірдей диқанға Социалистік еңбек ері атағы берілді. Бірі – әр гектар күріштен 125 центнерден өнім алған Шырынкүл Қазанбаева, екіншісі әр гектардан 109,2 центнерден күріш өндіруді қамтамасыз еткен Батыр Ана Ұлбала Алтайбаева еді. Бір ғажабы екі ана да бір әулеттің келіні, бір бригадада жұмыс істейді.
Жағдай былай болыпты.1972 жылдың егін жинау науқанының көрсеткіші бойынша күріштің әр гектарынан 125 центнерден өнім алған Шырынкүл Қазанбаева Социалистік Еңбек Ері атағына, 109,2 центнерден өнім өндірген Ұлбала Алтайбаева Ленин орденіне ұсынылады. Орталық комитеттегі ауыл шаруашылығына қарайтын хатшы құжаттарды қарап отырып, «13 баласы бола тұра күріш егіп, әр гектардан 109,2 центнерден өнім алған еңбеккер неге еңбек ері болмасқа?» деп ойлайды. Ойын Саяси бюроның мәжілісіне ұсынады. Саяси бюро ұсынысты дұрыс деп тауып, күріштің әр гектарынан 100 центнерден өнім алуды қамтамасыз еткен кез келген диқанға Социалистік Еңбек Ері атағын беруге шешім шығарады....
Осылайша, еңбеккер ана ойламаған жерден бағы жанып жоғары марапатқа ұсынылып кетті. Сол 1972 жылдың 13 желтоқсанында КСРО жоғары кеңесінің указы шықты. Жоғары атаққа ие болғандардың ішінде Қызылорда облысынан Шырынкүл Қазанбаева мен Ұлбала Алтайбаева бар екен. Бұл аудан жұртшылығы үшін үлкен қуаныш болды. Бір колхоздан, бір бригадандан екі диқанның бірдей Социалистік Еңбек Ері атағын иеленуі бұрын-соңды Сыр өңірінде болмаған жағдай.
Ұлбала Алтайбаева жайында сөз қозғағанда жан серігі, ақылшы-кеңесшісі, асыл ері, колхоздың бас агрономы Сұлтанхан Оспанұлын айтпай кету әбестік болар еді.Төрениязов Сұлтанхан Шиелі ауданы Керделі ауылдық кеңесінде 1923 жылы өмірге келген. Өмір жолын 1940 жылы Еңбекші ауылында колхозшы болудан бастаған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған. 1943 жылы майданнан ауыр жарақат алып елге оралған соң екінші майдан – тылда бригада есепшісі, өндіріс бригадирі, мектеп мұғалімі болып істеген. Еңбектен қол үзбей жүріп Алматы ауылшаруашылық институтын бітіріп, көрші Жаңақорған және Шиелі аудандары шаруашылықтарында («Келінтөбе», «Сунақата», «Гигант», «Коммунизм») бас агроном қызметін атқарып жүріп зейнетке шыққан.
Өмірлік жары Социалистік Еңбек Ері Ұлбала Алтайбаевамен бір шаңырақ астанда 13 перзент тәрбиелеп өсірді. Оспанұлын екі майданның ері деуге әбден болады. Оның кеудесінде жарқыраған І және ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері бұл сөзімізді дәлелдей түскендей...
Соңғы жылдары Ұлекең жасының ұлғаюына байланысты жүгері өсірумен айналысты. Күріш сияқты күндіз-түні суда тұрған дақыл емес, уақытылы суын бересің, арам шөптен арылтасың. Бейнеті күріштен ауыр емес. Бұл салада да табыссыз болған жоқ. Жүгері егістігінің әр гектарынан 190 центнерге дейін өнім алды. 1978 жылы одақтық дәрежедегі зейнетке шықты. Бірақ, еңбекпен етене өскен Батыр ана зейнеткер атанса да, еңбектен қол үзген жоқ. Қарт Қаратауды бөліп ағып жатқан Ақбұлақ өзенінің бойынан алма бағын өсірді. Бұл жұмыстарда еңбеккер анаға жұбайы, ғалым-агроном, ұзақ жыл өзіне кеңесші, басшы әрі қосшы болған Сұлтанхан Төрениязов пен балалары қөмекші болды.
80 жылдан аса өмір сүрген диқан ана ол ырымды білмейді емес, біледі. Дегенмен жілікті шаққандай, шағып-шағып айтқанына тәнті болып:
– Олай болса, көрген де, естіген де жоқпын. Ырымың қабыл болсын, – дейді бетінен сүйіп...
Адам ұрпағымен өседі, өнеді, «Жақсы әке баласына 40 жыл азық...» деген ғой, ал ұрпағы өнегелі болса, ата-анаға абырой. Ұлбала мен Сұлтанханның 13 перзентінен тараған ұрпақтың ұзын саны 100-ден асты. Алды немере, шөбере сүйіп отыр. Алған мамандығы бойынша еліміздің көркеюі мен халықтың әл-ауқатының жақсаруы тұрғысында тер төгіп жүр. Арасында ғалым да, дәрігер де, ұстаз да бар...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі