Жұлдызы жанған ана
Шиелі ауданы – ақ күріштің отаны атанған киелі мекен. Осы топырақта 41 Социалистік Еңбек Ері дүниеге келген екен.
Солардың бірі, Шиелінің атын Алашқа әйгілеген, қос жұлдызды ана атанған – Ұлбала Алтайбаева екені мәлім. Он үш баланы мәпелеп өсірген ардақты жан «Батыр ана» атанып бір марапатталса, егін даласындағы көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі үшін тағы еленіп, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Осылайша қос жұлдызды тағынғын ана елдің алғысына бөленді.
Солардың бірі, Шиелінің атын Алашқа әйгілеген, қос жұлдызды ана атанған – Ұлбала Алтайбаева екені мәлім. Он үш баланы мәпелеп өсірген ардақты жан «Батыр ана» атанып бір марапатталса, егін даласындағы көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі үшін тағы еленіп, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Осылайша қос жұлдызды тағынғын ана елдің алғысына бөленді.
Сыр өңірінің саңлақ күрішшілерінің бірі, ардақты ана Ұлбала Алтайбаева – Ыбырай Жақаев шәкірттерінің бірі де бірегейі. Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға 60 тонна сыр күрішін жөнелтіп, кетпенді қақырата қара жерге салып, маңдай терін тамшылата жүріп елге еңбек еткен, еңбек пен бала тәрбиесін ұштастыра білген Ұлбала Алтайбаева ауданымыздың мақтанышы.
Социалистік Еңбек Ері, Батыр ана, Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ұлбала Алтайбаеваның ерлігін көптеген көрнекті қоғам қайраткерлері, ақын, жазушылар өз шығармаларына арқау етіп, еңбектер жазды. Ол туралы кинофильм де түсірілді. Тың игерудің 25 жылдығында Алматыдағы салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзінде Леонид Брежневтің: «Батыр ана, еңбек озаты Ұ.Алтайбаева, екі мәрте Еңбек Ері деп атауға тұрарлық» – деген сөзінен кейін оны бүкіл Одақ алақанына салды. 1973 жылы ІХ шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Комсомолдың Мәскеуде өткен съезіне делегат болып сайланып, Азия әйелдерінің конгресіне қатысып, сөз сөйледі. Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген журналистер Еңбекші топырағында болып, егістік алқапты аралап, халықтың салт-дәстүрімен етене танысты. «Правда», «Известия» газеттері мен Мәскеу телеарналары, республикалық газет-журналдарда диқан туралы деректі материалдар жарық көрді. Сөйтіп шағын ғана Еңбекші ауылы бүкіл Одаққа танымал болды.
Бұл кісілердің өмір өткелдері қазір үлкен тарих. Ер-азаматтар майданға аттанғанда қолына бесікпен қатар кетпен ұстаған, Еңбектің Ері және Батыр ана атанған ардақты жан Ұлбала Алтайбаева қандай мақтауға да лайықты деп есептейміз.
Еңбекші елді мекені Ұлбала Алтайбаеваның туып-өскен ауылы. Жастайынан еңбекке араласып ерлермен бірдей қайрат танытқан, қырдағы қара жұмыстың қаһарманы атанған Батыр ана есімін ұлықтау кейінгі өскелең ұрпақтың міндеті деп білеміз. Кейінгі ұрпақ еңбек адамдарын, олардың елге, қоғамға сіңірген еңбектерін ұмытпауы керек. Өзінің туған ауылындағы №159 қазақ орта мектебіне Ұлбала Алтайбаеваның есімін берсек, осы арқылы мектеп оқушыларын, ауыл жастарын еңбекке, білімге тәрбиелеуге, еңбекті құрметтеуге үйрете алатынымызға сенімдіміз. Ауыл тұрғындарының бұл ұсынысын аудандық, облыстық ономастикалық комиссиясы, тілдерді дамыту басқармалары және мәслихат депутаттары қолдайды деп ойлаймыз.
Б.Әбдіжаппаров,
Еңбекші ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы
Еңбекші ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы