Ұлы Жеңіс – ұмытылмайды
Халық есінде мәңгілікке сақталып қалған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да биыл 74 жыл толды. Мерекеге орай Көкшоқыдағы «Тағзым алаңында» салтанатты шара өтті.
Естеріңізде болса «Тағзым алаңы» 2015 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Жеңістің 70 жылдығына орай бой көтерген болатын. Алаңда «Чернобыль», «Семей» апаттарының және «тәжік-ауған» соғысының қатысушыларына арнайы белгілер орнатылған.
Жиынға соғыс ардагерлері, әскери қызметкерлер және аудан халқы қатысты. Аталмыш шарада аудан әкімі Әшім Оразбекұлы сөз алып, тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады. Еңсеміздің биік болуы мен еліміздің өркендеуіне жанын қиған батырларға алғысын білдірген аудан әкіміардагерлермен бірге соғыста қаза тапқан жандарға арнап гүл шоқтарын қойды. Жеңіс жолында кеудесін оққа тосып, жанын пида етіп, ерлікпен қаза тапқан боздақтарымыздың рухына тағзым жасалып, 1 минут үнсіздікпен еске алынды. Айтулы мерекеде ауданның «Құрметті азаматы», соғыс ардагері, аяулы ұстаз, ғасыр куәгері, соғыстың соңғы солдаты Сәрсенбек Байжанов та бой көрсетті.
Шиелі ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына 5909 адам аттанып, 1862-сі елге оралған. Адамзат баласы үшін аса ауыр, зобалаң жылдарды туғызған осынау қан майданда шиелілік 2268 сарбаз қаза тауып, 1379 азамат хабар-ошарсыз кеткен. Жиында соғыстағы батырлармен қоса, «Тәжік-ауған» шекарасындағы қақтығыста ерлік танытқан тұлғаларға да ерекше құрмет көрсетілді.Шара барысында әсерлі сахналық қойылым мен патриоттық әндер шырқалып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әскери сарбаздардың орындауындағы «Алғашқы әскери дайындық» қойылымы тәуелсіз, қуатты Қазақстанды көз алдымызға бейнелеп берді.Салтанатты жиын соңында «Оқшы ата» мешітінің имамы Бақыт Ұлжаев соғыста қаза болғандарға арнап құран бағыштады. Отан үшін жан қиғандарды еске алып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың мәңгілік парызы болып қала бермек.
Фариза КЕНЖЕШОВА.