Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің атам – батыр

Менің атам – батыр

Биыл ұлы отан соғысына 75 жыл толды. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні – бұл сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отанын қорғаған жауынгер-солдаттар мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектерінің мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі болып қалмақ.
Айтулы мереке қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагері, менің атам – Жұмахмет Аяпов жайлы айтқым келеді. Осы мақаланы жазбас бұрын мен Шиелі ауданының әскери комиссариатына барып, атам жайлы дерек іздеген болатынмын. Себебі, атам соғысқа осы Шиелі станциясынан аттанған еді. Уақыт өте сарғайып кеткен, сиямен жазылған том-том деректерді оқығанда, тап сол сұрапыл уақытқа барғандай сезінеді екенсін. Жүрегім лүпілдеп атам жайлы бір нәрсе табылар ма деп тағаттана барлық соғысқа кеткен жауынгерлер жайлы қағаздарды парақтап шықтым. Бірақ өкінішке қарай, ешқандай мәлімет таппадым. 1941-1945 жылы соғысқа аттанғандар жайлы қолжазбалардан байқағаным, соғыстың алғашқы жылдары майданға Шиеліден тек қазақ жауынгерлері шақырылған екен. 1943 жылдан бастап соғысқа басқа да ұлт өкілдері шақырылыпты.
Атам Жұмахмет Аяпов 1941 жылы өз отаны КСРО мемлекетінің қатардағы жауынгері болып әскерге шақырылды. Атам 4 жыл өмірін сол кездегі барлық кеңес азаматтарымен бірге ерлікпен Отанын қорғауға арнады.
Шиелі ауданы, «Талаптан» ауылдық округі, қазіргі «Бала би» ауылында ұста болған әкесі Аяп пен анасы Сейткүлдің тұңғыш ұлына 4 жыл бойы оқыған дұғаларының арқасында ма, бәлки, атам жаратушының сүйген құлының бірі болды ма, ол бір ауыр жарақатсыз аман-есен 1945 жылы Германияда сұрапыл соғысты аяқтап елге оралды.
Әкем Абайдың айтуы бойынша, атам соғыс жайлы әңгіме айтуды ұнатпайтын. Көрген қасіретті, күнде қасындағы жауынгер жолдастарынан айрылған сәттерді, қан кешу, фашистердің қарапайым халыққа жасаған зорлық-зомбылығын еске алу атам үшін тым ауыр болған. Мінезі ауыр, бір сөйлейтін, турашыл кісі болған екен. Атам соғыстан оралған соң біраз уақыт ауылында жұмыс істейді. Кейін ОҚО облысына көшеді. Онда мал шаруашылығы совхозында жұмыс жасай жүріп, сырттай Алматы қаласындағы ветеринария институтын бітіреді. Ленгер ауданындағы «Ақжар» совхозының мал бордақылау мекемесінде бас маман ретінде қызмет жасайды. Адал қызметі үшін атам көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атам Жұмахмет пен оның адал жары – менің сүйікті әжем Әпихан 2 қыз 5 ұл сүйді. Олардан өрбіген немере-шөберелері бүгін түрлі салада қызметте, оқу оқып білім алуда. Мен атамды тек суреттен білемін, бірақ әжеміз Әпихан ақын Абай атамыздың Зере әжесіндей, бізді барған сайын таусылмас қызықты әңгімелерімен баурап алады. Әжеміз атам жайлы көптеген өнегелі сәттерін есіне алып отырады. Біз соғыс жайлы тек кітаптан, кинодан ғана білеміз. Осылай ғана біліп жүргенімізді қалаймын. Менің атам секілді миллиондаған адамдардың 1941-1945 жылда көргенін ендігі уақытта құдай бізге де, бізден кейінгі ұрпаққа да көрсетпесін!
«Ер есімі ел есінде ешқашан ұмытылмайды» деген сөз бекер айтылмағанының дәлелі деп бір оқиға келтіргім келіп отыр. Атамның кенже ұлы Дәуір КСРО кезінде Отан алдындағы борышын 1990 жылдары Украина елінде, Харьков қаласында өтеген болатын. Күндердін бірінде Дәуір ағамды әскери қызметін өтеп жүрген кезінде сапқа жиналған бүкіл мыңдаған жауынгерлердің алдына командирі шақырады. Ағам аң-таң. Не себеппен ортаға шығарғанын білмей алаңдай бастайды. Жауынгерлер сабы үнсіздікте қатып қалғандай. Сол кезде ортаға командир шығып: «Жауынгер Аяпов, сіздің әкеңіз, Аяпов Жұмахмет, Ұлы Отан соғысы жылдарында Украина майданында біздің елімізді азат етуде көрсеткен ерлігі мен отансүйгіштігі үшін бүкіл Украина халқының атынан басымызды иіп, алғысымызды білдіреміз» дегенде, солдаттар бір кісідей «Ура!» деп айғайлайды. Ағам көзіне жас алып, ауылын сағынған жүрегі кеудесінен шығып кете жаздап, әкесі үшін мақтаныш, қуаныш, сөзбен жеткізе алмайтын бақыт сезімі бойын кернеді.
Қандай керемет бақытты сәт десеңізші! Менің ардақты атам майданға кеткенде небәрі он жеті жаста еді! Сондықтан менің атам нағыз батыр деп толық сеніммен айта аламын! Мен атамды мақтан етемін!
9 мамыр – мереке ғана емес, ауыр еңбек, халықтың батырлығы. Бiздiң парызымыз – бұл күндi есте сақтау. Бiздiң ардагерлеріміз! Олар кемде-кем қалды. Оларға лайықты кәрілікті қамтамасыз ету, оларға көмектесу – біздің парызымыз. Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – Отанды сүю, еліміздің, жеріміздің адал патриоттары болу, достық пен бірлікті мықты ұстану.

Тоғжан Жұмахметова
01 мамыр 2020 ж. 991 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930