Жиындар легі
Кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастар. Көзі ашық, көкірегі ояу кез-келген білімді ұрпақ өз Отанын дамыту жолында аянбай тер төгеді. Қазіргі бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «жалқаулықты жанға серік етіп жатудың» өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету жастардың басты міндеті. Бүгінгі жас болашақ – Қазақстанның жарқын бейнесі. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу білімнің тізгінін ұстату мемлекет пен қоғамның міндеті саналады. Қандай мықты мемлекет болсын жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен сол елдің жастарының саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салу керек.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады» деген сөздері болашақ Қазақстанның тізгінін ұстайтын жастардың замана көшінен қалмай білікті де білімді маман болудың айқын бейнесі. Еліміздің келешегі – жас ұрпақ ұлттық сана-сезімі оянған, адамгершілігі және рухани ойлау дәрежесі жоғары, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, салауатты, жоғары патриоттық санасы, өз елі үшін мақтаныш сезімі қалыптасқан азамат етіп тәрбиеленуі тиіс.
Осыған орай, аудан көлемінде жастарды қамтитын көптеген шаралар ұйымдастырылып келеді. Осының бір дәлелі ретінде, 12 – тамыз Халықаралық жастар күні және Шиелі ауданының 90 жылдығына орай, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мұрындық болуымен ауқымды іс-шаралар легі өтті.
Атап айтқанда, жастарды қамтыған жиын марафонан бастау алды. Марафонға аудандық емхана, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары, спортшы жастар, ерікті жастардан 100-ге жуық жастар қатысты. Гигант ауылынан М.Шоқай орталық алаңына дейін жеткен жастардың жүзінен қуаныштың лебі есіп, шаттықтың ізі байқалды. Аталмыш шара арқан тартыс, гір тасын көтерумен жалғасын тауып, жеңімпаздар дараланды. Мұнан әрі арнайы дайындалған бағдарлама негізінде өткен жастар ойын-сауық кеші жиналған жұртқа серпіліс беріп, рухани демалыс сыйлады. Жастар бастамасымен болған шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова және белсенді жастар, аудан тұрғындары қатысты.
Ұлттық нақышта жабдықталған орында, өнерпаз жастар көпке ұлттық өнерді ұлықтаған керемет көріністерге қанықтырды. Аталған шараның тізгінін Ы.Қаппаров алып, кеш барысын кереметтей аталы сөздермен әдіптеп, жүргізіп отырды. Ұлттық салт-дәстүріміз көрініс тапқан осынау кездесуде республикаға белгілі ақын Ержан Әміров, Талғат Күзембаевтар айтыс өнерін көрсетіп, астарлы қалжыңмен, сөздің маржанын терсе, Нартай мектебінің ұстазы Нұртілек Ақтаев өзінің шәкірттерімен Нартай термелерін шырқап көрермен ықыласына бөленді. Ұлттық өнердің бағасын білетін халық қошеметін көрсетіп, екі сағатқа созылған уақытта әр өнерпаз құрметке бөленіп, ерекше құрметке ие болды. Мереке соңында ақындарға шапан жабылып, ақсақалдар жас жеткіншек өнерпаздарға батасын берді.
Дина Әбіласан.