Мың мамандық бәрі бар, таңдап, талғап бірін ал
XXI ғасыр жаһандық жаңалықтар ғасыры ғана емес, білімнің дәуірлеу ғасыры.Осындай заманда дұрыс таңдалмаған мамандық, маман иесінің ғана емес, қоғамға да кері әсерін тигізерін ұмытпағанымыз жөн.Бала үшін болашақ мамандықты таңдау – өмірлік жолын таңдаумен бірдей. Егер қоғамымызды дамыған елдер қатарынан көргіміз келсе, жастарды білімді, білікті мамандар қатарына қосуымыз үшін мектеп мұғалімдері шәкірттерге сапалы білім беріп, сонымен қатар, жастарға келешекте кәсіп түрін таңдауға көмек берілу қажет.
Осы мақсатта №244 Ы.Жақаев мектебінде мектеп бағдарлау ісі жөніндегі орынбасары Гүлфайруз Уалиханова мен 10 «а» сынып жетекшісі Саяш Молдырайымованың ұйымдастыруымен «Мың мамандық бәрі бар, таңдап, талғап бірін ал» атты кездесу кеші болып өтті. Аталмыш шараның негізгі мақсаты – оқушылардың өмірлік бағытын көрсетіп, болашақта қателеспей өзі сүйген мамандығына қарай бет бұрып, оларға дұрыс бағдар беру болып отыр.
Бас қосуға аудандық мәслихат аппараты мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысы Айнаш Рсымбетова, аудандық орталық аурухана психиатрия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрлан Әмір, Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінің қызметкерлері, мектеп директоры Мәрия Елшібекова және мектеп бағдарлау ісі жөніндегі орынбасары Гүлфайруз Уалиханова қатысты. Кездесу барысында Айнаш Әбілашқызы «Мамандық таңдау оңай жұмыс емес. Ол теңіздей терең білім мен қажырлы еңбекті талап етеді. Кімде-кім алдына мақсат қойып, болашаққа ұмтылыс жасаса, сол адам өзі қалаған өмірдің іргетасын қалай алады» – деп, өз ойымен бөлісті. Әрине, кез-келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады. Елдігіміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Елдің ертеңгі сенімі де жастардың мойнында. Себебі, қай заманда болсын елді алға сүйреп, қоғамның қозғаушы күші жастар екені белгілі.
Осы ретте білікті маман Нұрлан Әмірұлы өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, «Адамзат баласы бірінші жар таңдаудан, екінші мамандық таңдаудан қателеспеуі керек. Әр мамандықтың өз қиыншылығы мен қуанышы бар», – деді.
Иә, адам мамандықты дұрыс таңдау арқылы өз өмірінің мәнді де, мағыналы өтуін айқындайтыны белгілі. Сол себепті, әрбір оқушы болашағына бей-жай қарамай өзінің икемі бар іске қарай мектеп қабырғасында жүргеннен бейімделуі керек. Ал, бүгінгідей бас қосудың өскелең ұрпақтың танымын кеңейтіп, болашақ кім болғысы келетінін анықтауға қосар үлесі зор болмақ.
Арайлым Өтепова,
штаттан тыс тілші.