Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздық – ұлы қызмет

Ұстаздық – ұлы қызмет

Өмірде әр адам үшін мектеп табалдырығын аттағанда алғаш әріп танытып, өмірдің қыр-сырын тануға, оның сан қилы құбылысын терең ұғынуға мұрындық болып, жан дүниесіне нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілік қасиеттерге баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алары сөзсіз. Одан бөлек білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанаттандыруға сүбелі үлес қосатын ұлағатты ұстаздардың бейнесі еш ұмытылмайды, еңбегі ескерусіз қалмайды. Себебі, ұстаздың есімі ғана емес, қызметі де ұлы. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» дегендей жер жүзінде барлық адам ұстаздан тәлім-тәрбие алып барып, болашаққа қанат қағады. Ең мықты мамандық иегерінің де үйретушісі, әріп танытушысы – мұғалім. Сондықтан ­Ыбырай Алтынсарин айтпақшы «Мұғалім – бәрінен қымбат».
Қай кезде болсын ұстазға деген құрмет ерекше болған. Мағжан Жұмабаев ұстазға деген құрметті «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» деп баға берген. Себебі, ұстазды құрметтеу – білімді құрметтеу. Ұстазын қадірлемеген, білімді сыйламаған адам болашақта белесті бағындырып, асуды ала алмайды, ғылымда да үздік нәтижеге қол жеткізуі екіталай. Тіпті халқымыздың бетке ұстар тұлғалары да өле өлгенше өз ұстаздарына алғысын айтып, оларды сыйлаған. Мәселен, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл – Сүйінбайды өзіне ақылшы санап, олардың ұстаздық жолда төккен терін бірі өлеңіне қосып, бірі әңгімесіне қосып, лайықты құрмет көрсете білген. Әсілі ұстаз атауы әлемнің түкпір-түкпірінде құрметті болса керек. Себебі, қазақтың ақын-жазушылары ғана емес, өзге де елдің тұлғалары өмірге үлкен жол көрсетіп, бағыт сілтеген мұғалімдеріне алғыс айта білген. Мысалы Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыз емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп бір-ақ ауыз сөзбен ұстазының оның өмірінде қандай рөл атқарғанын айтып өткен.
Әрине, біздің қоғамда да ұстазға лайықты құрмет көрсетіліп келеді. Тіпті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мұғалімдерге тоқталмай өтпейді. Оның үстіне жыл сайын жалақысын өсіріп, ұстаздарға материалдық қолдау көрсетіп келеді. «Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» демекші ұстаздық жолды таңдап, баланың санасына саңлау түсіруді мұрат еткен әр мұғалімнің алдында үлкен жауапкершілік күтіп тұрады. Сондықтан мұғалім мамандығын таңдаған адам оның беделі мен жалақысына ғана қызықпай, білім берудің сауапты әрі пайдалы іс екенін ұғыну керек. Бала қабілетін ұштай біліп, оның шығармашылық қабілетін шыңдап, әр әріпті ыждағаттылықпен үйреткен ұстаз ғана оқушының шынайы ықыласы мен алғысына бөленеді. «Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі» дейді Ахмет Байтұрсынов. Ұстаз өнегесі әрбір мектеп бітіруші түлектің өміріне жол сілтер шамшырақ іспетті. Алайда лайықты шамшырақ болу кез-келгеннің қолынан келетін іс емес. Ұстаз деген ұлы есімді сақтап, сол биігінен аласармау үшін мұғалім мамандығын таңдаған сәттен бастап тер төгу қажет.
Ұлт болашағы, халқымыздың келешегі ұстаздардың еңбегімен тікелей байланысты. Тәуелсіздік таңы атып, егемендікті еңсемізді тіктеген кезде тіліміздің мәртебесі асып, әлемге атымызды танытуға мүмкіндік туды. Егеменді елімізді әлемге танытуда жолдың бастауында мектеп тұр десек, сол мектептің жүрегі – мұғалім. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті болу үшін білім саласында көш бастап тұру қажетпіз. Сол себепті әлемдік бәсекеде бой көрсетіп, білім арқылы талай биік шыңды бағындыру керекпіз. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында. Елбасы Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» деп текке айтпаған. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – қиын әрі жауапты жұмыс. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те артық емес.

Жансая ӘЛИАСҚАРОВА
26 қазан 2021 ж. 2 138 0