Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Электронды архив – заман талабы

Электронды архив – заман талабы

Елбасы Н.Назарбаевтың осыдан екі жыл бұрын жариялаған «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау арқылы мұрағат қорындағы материалдарды цифрлы форматқа көшіру жайы айтылған болатын.
Содан бері елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесін құру және енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды. Бүгінде Қазақстан архив ісін дамытудың жаңа кезеңіне көшкен. Архивтік құжаттарды сандық форматқа аудару, ғылыми-анықтамалық аппарат пен архив қорларының автоматтандырылған дерекқорын құру ақпарат сапасын жоғалтпай ұзақ уақыт сақтауды қамтамасыз етеді.
Апта басында­ «Nur­ Otan»партиясы ғимаратында «Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің Шиелі аудандық филиалы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Жиынға аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдіктерінің мамандарықатысты.Семинар барысында аудандық архивтің директоры Ерболат­ Дүйсенбаев электронды құжат айналымына толық көшудің оңтайлы тұстары туралы баяндады.
Айта кетейік, бүгінде архивтегі қажетті құжаттарға халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы немесе үйде отырып-ақ «электрондық үкімет» веб-порталынан өтініш беріп, қол жеткізе аласыз. Жыл басынан бері жергілікті архивке осындай 807 электронды өтініш келіп түскен. Оның 16-сы ТМД елдерінен келген сұраныстар екен.
Ақпараттық жүйе бойынша жұмыс жүргізу жайлы кеңінен түсінік беруді мақсат еткен семинарда ұлттық архив қорындағы құжаттарды жинақтау, тізімге алу, сақтау және пайдалану сынды архив қызметінің негізгі бағыттары талқыланды. Жиын соңында семинар-кеңеске қатысушылар тарапынан архив қызметкерлеріне сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды.

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
30 қазан 2020 ж. 1 438 0