Архив – тарих қазынасы
Архив – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік мекеме. Ол тек шежіре қоймасы ғана емес, әр ұлттың қазынасы іспетті. Содан болса керек, Елбасы Н.Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында: «Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» деп, «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын қолға алғаны. Расында, аты аталған жоба ұлт тарихын санаға сіңіруде барша қазақстандықтардың бойында ортақ сезім қалыптасуына ықпал етеді.
Қоғамның бай тарихи шежіресінен сыр шертетін архивтегі әр құжат құнды. Мұндағы әр іс-қағаз өскелең ұрпаққа шашауы шықпаған күйде жеткізіледі. Кез келген адам ата-баба тарихына үңіліп, ол туралы дерекке қанық болады. Қазақстанда архив қорының жинақталуы 1921 жылы басталған. Демек еліміз туралы теріліп, тігілген мәлімет қанша екенін бажайлай беріңіз.
Қызылорда облысы мемлекеттік архиві Шиелі аудандық филиалында аудан тарихынан сыр шертетін көптеген құжат бар. Жыл басындағы деректерге сүйенсек, 212 қорда 454659 құжат сақтаулы екен. Оның ішінде 17792 тұрақты сақталатын құжаттар, атап айтсақ 1986 жылдан басталатын аудандық атқару комитетінің шешімдері қарарлары мен жиналыс хаттамалары, аудандық мәслихаттың, нотариалды кеңсенің, халық сотының, аудан көлеміндегі барлық ауылдық кеңестер мен ауыл округтерінің құжаттары бар. Ал 27725 құжат мекемелер мен ұжымдардың жеке құрамына тиесілі.
Ұлттық архивтегі 212 қордың ішінде «Еңбек ерлері» коллекциясының орны ерек. Мұнда Социалистік Еңбек ерлері, күллі ауданға аты әйгілі Жадыра Таспамбетова мен Ұлбала Алтайбаева аналарымыз туралы мәліметті кездестіруге болады. Бұл тізімге Қазақ ССР Жоғары кеңесінің депутаты Зәһира Ержанованы қоса аламыз. Еңбегімен еленген ақ жаулықты аналардан бөлек Еңбек Қызыл ту орденінің иегері, озат шопан Уайда Әлиханов туралы мағлұматты да осы жинақтан табуға болады.
Елбасының жоғарыда айтылған мақаласында архив деректерін тек жинақтап қана қоймай, барлық мүдделі зерттеушілер мен қалың жұртшылыққа қолжетімді болуы үшін оларды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру мәселесін де көтерген. Соған орай бүгінгі таңда құнды құжаттарды цифрлық нысанға көшіру жұмыстары жүйелі негізде атқарылып келеді. Қазіргі таңда аталған жұмыс бойынша Шиелі аудандық филиалында 10325 іс-қағаздың 565340 парақ цифрлық форматқа көшіріліп, жоспардың 30 пайызы орындалып отыр.
Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Осы тұста архивтің атқарар рөлі орасан. Себебі, ұлтымыздың тарлан тарихы, жүріп өткен жолы, бастан кешірген оқиғалары өскелең ұрпақ үшін қорда сақтаулы тұр.
Ләззат ШОНАНБАЕВА,
Шиелі аудандық филиалының инспекторы